Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Өлді деуге бола ма…

Сағатхан Әшімбаевті еске алу кеші

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының үлкен залында белгілі әдебиет сыншысы, көрнекті қоғам қайраткері Сағатхан Әшімбаевтың туғанына 70 жыл толуына және оның жары танымал жазушы Шәрбану Бейсенованың 70 жасқа келуіне арналған кеш өтті.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, өскелең ұрпақты патриотизмге, ұлтын, елін, жерін сүюге арналған кеш Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбектің құттықтау сөзімен бас­талды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың ел тілегін жеткізген ықыласымен жалғасса, ақын-драматург, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин С.Әшімбаев туралы әдемі естеліктерін еске түсіріп, Ш.Бейсеноваға жүрекжарды тілегін жеткізді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театр ұжымының ұйымдастыруымен өткен кеш жоғары деңгейде өткізілді. Кеш барысында сөз алған асылдың тұяғы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев әкеден қалған өнеге-өсиетін айтып жиналған жұртты тебірентсе, Шәрбану Бейсенова кеш қонақтарына, жиылған қауымға ризашылығын, ақ тілегін жеткізді. Ақын Бақыт Беделхан оқыған С.Әшімбаевтың «Сағаттың монологы» атты жыр туындысы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театр артистерінің орындауында әсерлі шықты. Кеште аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі, Нұрғали Нүсіпжанов бастаған таланттар өнер көрсетті. Театр артистері «Сүзге ханымның соңғы күндерінен» үзінді көрсетті. Аталмыш кеш Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнімен қорытыланды.
Сағатхан Әшімбаев – әдебиет сыншысы, тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері. 1970 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Оның алғашқы мақалалары баспасөз беттерінде 1966-1967 жылдары аудандық «Советтік шекара», облыстық «Жетісу»газеттерінде жарияланған. Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкері болып бастаған ол, «Жас Алаш» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жалын» баспасында, 1980-1986 жылдары Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау жөніндегі агенттіктің (ВААП) Қазақ бөлімшесінің басшысы, 1986-1991 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақ әдебиетіне, сынына сүбелі үлес қосқан қаламгердің «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік», «Азаматтыққа адалдық» сынды әдеби-сын мақалалары, портреттер мен зерттеу еңбектері бар.
Шәрбану Бейсенова – журналист, жазушы. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын республикалық «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналында бастап, «Қазақстан әйелдері», «Қазақ әдебиеті» газет-журналында қызмет еткен. Оның қаламынан туған «Тойға келген келіншек», «Топжарған қыздар», «Сезімтал жүрек», «Тағылымды тағдырлар», «Мизамшуақ», «Сүзгенің соңғы күндері» атты әңгіме жинақтарымен қатар, аударма шығармалары да бар.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X