Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ ҚАШАН КӨГЕРЕДІ?

Көш соңында жүрміз

Келесі жылы Ресейде футболдан өтетін Әлем чемпионатының топтық ойындарының кезекті іріктеу турнирі өз мәресіне жетті. Соңғы турда Қазақстан ұлттық құрама командасы Арменияны қабылдап, бір ұпай еншіледі.

Матчтың бірінші таймын командалар бір-бірін аңдысумен бастады. Алғашқы қауіпті сәтті ойынның 9-шы минуттағы төте шабуылдан ғана көрдік, бірақ құрамамыз алғашқы бөлімде қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Ойынның 26-минутындағы кавказдықтардың қауіпті шабуылын Гейнриx Мxитарян шебер орындады. Нәтиже 0:1. Командалар осы есеппен үзіліске кетті. Ойынның 2-ші кезеңін Еркебұлан Тұңғышбаевтың орнына алаңға Сергей Хижниченконы шығарумен бастаған Қазақстан құрамасы ашық футбол ұсынды. Тайм басында алаң иелерінің шабуылдарына мазмұн кіргендей болды. Ойын басында біздің жігіттердің өткір шабуыл өтінен баспен соққан добын қонақтардың қақпашысы Бегларян қайтарып қалды. Бірақ 61-минут­тағы ұйымдастырылған шабуылда 9-шы нөмірлі Бауыржан Тұрысбектің жұл­дызы жанды, ол Мұртазаевтың көтерген пасын баспен соғып, есепті теңестірді. Стадионға жиналған 12 мың жанкүйердің қолдауымен елге жеңіс сыйлауға ұмтылған біздің жігіттер де аянып қалған жоқ. Ойын тең нәтижемен аяқталды.
Осылайша, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін өте сәтсіз өткізді. Өз тобымызда өткізген 10 матчтың біреуінде футболшыларымыз жеңіске жете алмай, үш ұпай ғана еншіледі. Бұл соңғы 11 жылдағы ең нашар көрсеткіш болды. 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде ұлттық құрамамыз бір ғана ұпай жинаған болатын. Ал келесі іріктеу кезеңінде (Еуропа чемпионаты-2008) 10 ұпай еншілеген. Бұл әзірше Қазақстанның ең үздік нәтижесі саналады. Қазақстан құрамасының әлем және Еуропа чемпионаттарына іріктеу кезеңінің нәтижелеріне келер болсақ, Еуропа чемпионаты – 2016 іріктеу аясында 5 ұпай, Әлем чемпионаты – 2014 – 5 ұпай, Еуропа чемпионаты – 2012 – 4 ұпай, Әлем чемпионаты – 2010 – 6 ұпай, Еуропа чемпионаты – 2008 – 10 ұпай жинаған екенбіз.
Осылайша әрдайым өз тобымызда соңғы орында қалып жүрген қазақ футболы қашан көгерер екен?! Бізге қарағанда Тәуелсіздігін жақында алып, УЕФА-ға таяуда кірген черно­гориялықтар талантты халық екен­дігін дәлелдеді емес пе?! Бізбен қатар доп тепкен қаратау халқы біздің тобымызда үшінші орынды еншіледі. Әрі көш басындағы поляк пен даттарды да біраз қобалжытқаны бар. Ал Қазақстан құрамасынан жалпы есепте 8:0 есебімен басым түсті. Бұл, әрине қазақ футболы үшін үлкен сын болғалы тұр.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X