Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Өндірісті өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапа­рымен келді.
Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев­тың өңірдегі инфрақұрылым­дық және әлеу­меттік-мәдени нысандарды аралап көруі, сон­дай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға баруы жоспарланған, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Өндірісті өңірге жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазхром» тран­сұлттық компаниясы» акционерлік қо­ғамының Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болып, ферроқорытпа өндірумен айналысатын цехтың жұмысымен танысты. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – Қазақстан қара ме­таллургиясының ірі кәсіпорындарының бірі. Зауытта 4 балқыту цехы, конвертерлік қорытпа телімі, қалдықты қайта өңдейтін цех пен қосалқы цехтар бар. Мемлекет басшысына кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 440 мың тонна ферроқорытпа өндіруге жететіні баяндалды. Бұл өнім Қытай Халық Республикасына, Еуропа елдері мен АҚШ-қа экспортталады.
Бұдан кейін Елбасы «Ақтөбе рельс-ар­қалық зауыты» жауапкершілігі шек­теулі се­рік­­тестігінде болып, мем­лекеттік индус­триялық-инновация­лық даму бағ­дар­ламасы аясында іске қосыл­ған зауыт­тың жұмысымен танысты. Мемлекет басшысына зауыт өнімін алыс және таяу шет елдерге, соның ішінде Өзбекстанға, Түрікменстан мен Әзербайжанға экспорттаудың қазіргі жағдайы туралы баяндалды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев зауыт жұ­мысшыларымен кездесіп, оларға жемісті еңбек пен кәсіби табысқа жетуге тілектестік білдірді. Зауыт өз өнімімен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акцио­нерлік қо­ғамын қамтамасыз етеді. Кәсіп­орынның өн­дірістік қуаты – жылына 430 мың тонна өнім.
Сапар барысында Мемлекет басшысы «Greenhouse Kazakhstan» жылыжай кешенінде болды. Нұрсұлтан Назарбаев озық үлгілі Ultra-Clima инновациялық жүйесі қолда­ныла отырып салынған жылыжайды аралап көрді.
Қазақстан Президентіне осы жобаның көкөністі бүкіл өңірге жеткізу, сондай-ақ оны таяу және алыс шет елдерге экспорттау мүмкіндіктері жөнінде баяндалды. Кәсіп­орынның өнімдік қуаты – жылына 6 мың тонна көкөніс. «Green­house Kazakhstan» жылыжай кешені «ҚазАгроҚаржы» акционер­лік қоғамы­ның қолдау көрсетуімен мемлекет­тік ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы аясында салынған.

* * *

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті.
Жиында қауіпсіздікті қамтамасыз ету са­ла­сындағы жаһандық факторларды қамтитын өзекті мәселелер, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға қарсы тұру барысында қолданылатын күштер мен құралдардың қазіргі ахуалы талқыланды.
– Біз бүгін еліміздің барлық күштерін түрлі төтенше жағдайларға қарсы тұруға және жұмылдыруға дайындығын талқылайтын боламыз. Сонымен қатар, Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің рөлі мен мәртебесін одан әрі арттыру жөніндегі мәселелер қарастырылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X