Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Баға өсімі ерекше бақылауда болуы керек

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста биылғы жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі және оны ағымдағы жылдың соңына дейін ұстап тұру шаралары қаралды. Сонымен қатар электронды білім беруді дамыту, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру сынды басымдықты мәселелер күн тәртібіне шықты.

Ұлттық экономика министрлігі жыл басынан бері республикада инфляциялық үдерістердің баяулағанын мәлім етті. Қыркүйекте инфляция 0,3 пайызды, ал жалпы жыл басынан бері 4,2 пайызды құраған. Министр Т.Сүлейменов бұл үдерістің негізгі факторлары валюталық нарықтағы жағдайдың тұрақтануымен, нарықтың бірқалыпты инфляциялық болжамдарымен, сондай-ақ азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өнімдер шығарудың өсуімен байланысты болғандығын жеткізді. Соған орай азық-түлік тауарларының бағалары соңғы үш ай қатарынан төмендегенін, бағалар мен ақылы қызмет көрсетулерге тарифтер бірқалыпты қарқынмен өскенін айтып өтті. Азық-түлік тауарлары бағаларының маусымдық төмендеуіне қарамастан жыл басынан пияз, сәбіз, қызылша, қой еті және сиыр еті бағаларының өсуі байқалған. Сонымен қатар, жұмыртқа, қарақұмық, қырыққабат, қант және күнбағыс майы бағасының арзандауы тіркелген. Азық-түліктік емес тауарлар бойынша бағалардың ең көп өсімі бензинге, дизель отынына, қатты отынға, сұйытылған газға, аяқ киім, маталарға, кеңсе тауарларына қатысты болып отыр. Осыған байланысты Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына және қызмет көрсетулерге бағалар мен тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қолданды. Бұл бағытта өңірлердің әкімдеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге өңірлік тұрақтандыру қорларында негізгі азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қамтамасыз ету, сонымен бірге күн сайын бағаларға мониторинг жасау және нарықта қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі мен молығуына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларының ресурстарын тиімді пайдалану керек. Оған қоса Энергетика министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірге жылу беру маусымында жанар-жағармай материалдарына бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін сәйкес жұмыс жүргізу қажет. Осындай алдын алу шаралары ескерілген жағдайда жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,9-7,5 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде, бұл жоспарланған деңгейге сәйкес келеді.
Бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары жөнінде басқа да мемлекеттік органдардың басшылары баяндады. Мысалы, энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өнімдерінің ішкі нарығы үшін 111,1 млн. тонна мұнай өңделгенін, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға жоғары екенін мәлімдеді. Автобензин өндірісі 2 млн. 270 мың тоннаны құрады, бұл да өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен жоғары. АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы қаңтар айында литріне 135 теңге болса, қыркүйекте баға орта есеппен 150 теңгеге дейін өсті, өсім 11 пайызды құрады. АИ-92 бензині бойынша импорт үлесі шілде-тамыз айларында 15 пайыздан қыркүйекте 30 пайызға дейін ұлғайды. Бұл мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстарының аяқталуына орай жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты болды, деді министр. Сәйкесінше, ішкі нарыққа жеткізудің азаюы мен импортқа шығарудың артуы байқалады, бұл бағаның өсуіне ықпал еткен.

Қ.Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі сәтте Энергетика министрлігі нарықтағы баға жағдайын мұқият қадағалап отыр, бірнеше жанар-жағармай станцияларына қатысты әкімшілік іс те қозғалған. Сонымен қатар ағымдағы жағдайды ретке келтіру бойынша қадамдар жасалуда. Шымкент мұнай-өндеу зауытында қазан айында өңдеу жоспары 110 мың тоннаға ұлғайтылды, бұл ішкі нарықты бензин және дизельдік отынмен қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық жанар-жағармай станцияларының жұмысы есебінен қараша айында АИ-92 бензині бойынша импорт үлесін 30 пайызға және желтоқсанда 20 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Осылайша қазіргі жағдай тұрақтандырылады.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов тұрақтандыру қорларының жұмысы өткен жылмен салыстырғанда барынша жүйелі болғанын әрі бұл әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының өсімін шектейтінін айтты. 11 шілдеде өткен Үкімет отырысында әкімдіктерге тұрақтандыру қорлары үшін өнімдер сатып алу тапсырылған болатын. Қазіргі таңда әкімдіктерге аталған жұмысты жандандырып, осы жылдың 15 қарашасына дейін аяқтау қажет.
Осы ретте бірқатар өңірлердің әкімдері мен орынбасарлары облыстардағы қазіргі жағдайды баяндады.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев барлық салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тауарлар мен қызмет­терге, әсіресе әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына баға өсімі мәселесін ерекше бақы­лауда ұстауды тапсырды.
Жиында қаралған тағы бір мәселе – электронды білім беруді дамыту мәселелері болды. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мәлімдегендей, бүгінгі таңда тұжырымдамалық түрде білім беру жүйесі негізгі үш бағыт: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру бойынша жүргізілуде.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев электронды білім беруді енгізу бойынша ақпараттық-коммуникациялық саладағы министрліктің міндеттеріне тоқталды. Адами капиталды дамыту АКМ әзірлеп жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасында көрініс тапты. Бағдарлама цифр­ландырудың артықшылықтарын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге қажетті халықтың дағдылары мен құзыреттерін дамыту арқылы креативті қоғам құруды, сондай-ақ экономика салалары үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандар даярлауды қарастырады, деді ол.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Білім және ғылым министрлігіне Ақпарат жә­не коммуникациялар министрлігімен, әкім­­­дермен бірге өңірлер тұрғысынан мек­теп­­терді жылдамдықты интернетке қосу жос­па­рын әзірлеуді тапсырды. Бұдан өзге, ведомс­твоішілік білім берудің мәліметтер базаларын ықпалдастыруды жоспарланған мер­зімдерге сәйкес аяқтау тапсырылды. Аталған тапсыр­маларды орындауды бақылау Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді.
Отырыста сондай-ақ Үкімет мүшелері «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Заң жобасы барлығы 13 кодекс пен 103 заңға 1000-ға жуық түзетулер енгізеді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – алдын ала бақылау жүйесін енгізу. Мұндай реформаның нәтижесінде тексеруші органдар қызметінің саясаты анықтау мен жазалаудан алдын алу және ескерту саясатына ауысып, олардың іс-қимылдары мен ұстанымдары түбегейлі өзгертуі тиіс.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ұлт­­тық экономика министрлігіне Премьер-министр Кеңсесімен бірлесіп, Президент Әкімшілігімен заң жобасын бекітіп, осы жылдың қазан айының соңына дейін оны Парламент Мәжілісіне өткізуді тапсырды. Сондай-ақ Б.Сағынтаев «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасы аясында шағын және орта биз­несті қолдауға бағытталған бірқатар шаралар бар екенін атап өтті. Осыған орай, Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке, Ұлттық экономика министрлігіне және Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Бәйтерек» хол­дин­гімен бірлесіп, қараша айының соңына дейін «бір терезе» режимінде шағын және орта бизнеске арналған цифрлық платформа жұмысын бастауды тапсырды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Дина
    10.10.2017 at 4:46 pm

    Бағалардың негізсіз осуіне жол бергендерге қатаң шара қолданылса жақсы болатын еді.
    Дүкендердегі баға күн санап өсуде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X