Валюта бағамы: $ 352.54 415.15 5.31 ¥ 51.53

Әбдіжапар Сапарбаев: АЭФ – шынайы әлемдік пікірсайыс алаңы

Биыл бесінші рет ұйымдастырылған Астана экономикалық форумы аясында халықаралық валюта жүйесі, интеграциялық процестердің дамуы, мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық саясаты, туризим салалары, жаһандық энерго-экологиялық стратегия, инвестиция тарту, инновация енгізу сынды маңызды мәселерді талқыға салған 60-қа жуық ортырыстар мен панельді сессиялар өткізілді. Әлем елдерінің саясат, экономика және бизнес саласындағы көшбасшылары бас қосқан жиынға арнайы қатысып келген профессор, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Әбдіжапар Жұманұлы Сапарбаевты әңгімеге тартқан едік.

Астана экономикалық форумы несімен құнды, маңыздылығы неде?

Астана экономикалық форумы бүгінде жаһандық экономикалық дағдарыстың себеп-салдарын айқындап, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін шынайы әлемдік пікірсайыс алаңына айналған. Сондай-ақ экономикалық деңгейде шын мәнінде маңызды орын ала бастады. Мұны әлем сарапшылары әлдеқашан мойындап, өз бағаларын да берді. Астана экономикалық форумы ел экономикасына инвестиция тартуда таптырмас орта, сонымен бірге туризм мен кәсіпкерліктің дамуына да зор ықпалын тигізеді. Жыл сайын өткізілетін форум жаһандық экономикалық және валюта-қаржылық жүйенің, халықаралық валюта қатынастарының, халықаралық ынтымақтастықтың, инвестициялар тартудың дамуын, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік экономикалық кеңістіктегі орны мен көзқарасын нығайтуды қамтамасыз ететін алғышарттар қалыптастырылды.

Астана экономикалық форумының басқа басқосулардан ерекшелігі неде? Бүкіл әлемнің белді ғалымдары, экономика және бизнес саласының көшбасшылары үлкен қызығушылық танытуының себебі қандай?

Биылғы – V Астана экономикалық форумы өткен жылдағылардан қатысушылары жағынан асып түсті. Бұл – жыл санап форум жұмысына қызығушылардың артып келе жатқанының қарапайым дәлелі. Р.Манделл, Э.Прескотт, ДЖ.Нэш, Э.Маскин, Р.Ауманн, Ф.Кидланд, К.Писсаридес, М.Гелл-Манн, А.Цонат, Дж.Робертс, К.Бенкс Муллис сынды 11 Нобель сыйлығының лауреаты мен мәртебелі меймандардың форумға атсалысуы оның басқа басқосулардан ерекше екенін, маңызының молын айқындап тұр. Әлем экономикасының белді сарапшылары Астана форумы жайында өз пікірлерін білдіріп, маңызын ерекше атап отыр. Бүгінде Астана экономикалық форумы еркін және іскерлік келіссөздер жүргізудің мүмкіндігін ұсынады, идеяларды жинайды және, ең бастысы, жыл сайын «G-20 елдерінің көшбасшылары үшін әлемдік экономиканы сауықтыру және дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді, оларды тәжірибе жүзінде пайдалану Азия, Еуропа, мұхиттың арғы жағындағы елдер мен Ислам әлемі пікірлерінің қалыптасуына жәрдемдеседі. Аталған құжаттың жоғары мәртебесін ескеретін болсақ, оны дайындаудың өзіне әлемнің белді ғалымдары қатысты. Бұл – жаһандық экономикалық пікірсайыс алаңының тағы бір ерекшелігі. Ғылым және іскерлік қауымдастықтың, сонымен қатар саясаткерлердің Астана форумының нәтижелері бойынша жыл сайын әзірленетін жалпы әлемдік экономиканың даму жолдарына қатысты жинақталған пікірлерін айқындайтын дағдарысқа қарсы ұсыныстары да басымдыққа ие болып келеді. Форумның тағы бір артықшылығы және халықаралық деңгейдегі өзге іс-шаралардан айырмашылығы ретінде осынау жәйтті де атап өтуге әбден болады.

V Астана экономикалық форумы қандай мәселелерді қарастырды? Форум аясында өткізілген ортырыстар мен панельді сессиялар жайын баяндап берсеңіз.

V Астана экономикалық форумы аясында өткен ерекше шаралардың бірі – экономика, бизнес, саясат салалары мен БАҚ-тың көрнекті өкілдері өз ойларын ортаға салған «Көшбасшылар сұхбаты: жаңа қаржы-экономикалық саясат» атты интерактивті пікірсайыс. Мұндағы ашық пікірталастарда мемлекет басшылары, министрлер, трансұлттық компаниялар, мен бизнес құрылымдарының басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары және заманымыздың көрнекті ғалымдары өз ойларын ортаға салды. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың себебі мен одан шығу жолын айқындау мәселесі жан-жақты сөз болды. Осы ретте қазіргі заманғы қаржылық-экономикалық күйзелістерді шолу, еуро-аймақтағы дағдарыс, АҚШ-тағы құлдырау, Қытай экономикасының «қызып кетуі», G-20-ның қаржылық реттеу мен қадағалау бойынша міндеттемелерін қарау, жаңа аймақтық валюталар – әлемдік қаржылық жүйенің құрылуы, әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы, 2007-2009 жылдардағы экономикалық дағдарыстың қайталану мүмкіндігі туралы тақырыптар талқыланды.

«Макроэкономикалық саясат, макроэкономикалық болжам және реттеу құралдары» атты панельдік сессия жұмысында Нобель сыйлығының лауреаттары Финн Кидланд, Эдвард Прескотт, Ресей академиктері Дмитрий Новиков, Игорь Поспелов пен басқа да көптеген қазақстандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Мұнда қазіргі дағдарыс кезіндегі әрбір мемлекеттің атқарып жатқан макроэкономикалық саясат саласындағы жұмыстары әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ «Орнықты экономикаға өтудің стратегиялық жоспарлау үлгісі» атты дөңгелек үстелде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов, Ұлыбританиядағы Ортаазиялық Парламент тобының төрағасы Лорд Вейверли, Оңтүстік Кореядағы «Жасыл даму» жаһандық институтының директоры Мен Кун Ли, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Хоан Клос, БҰҰ Даму бағдарламасының және басқару институтының ректоры Ханон Барабанер және басқа да ғалымдар мен сарапшылар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

«Экономикалық ықпалдасудың мүмкіндіктері мен мәселелері» сессиясының мақсаты ықпалдастырудың еуропалық тәжірибесін, ықпалдастыру бірлестіктері қызметінің қиындықтары мен мүмкіндіктеріне шолу жасау болды.

Бүгінде қалыптасып отырған жағдай бүкіл әлем бойынша орын алып отырған әлеуметтік наразылық салдарынан ушыға түсуде. Ғаламдық рецессияның қайталануына ықпалын тигізіп отырған – Батыстың және еуро-аймақтың борыштық дағдарысы, әлемдік еңбек рыногындағы жағдайдың нашарлауы, негізгі резервтік валюталар мен қор рыноктарындағы үлкен құбылмалықтар екені даусыз. Әлемдік қауымдастық жергілікті мәселелерді шешумен ғана айналысатындықтан, ортақ мәмлеге келе алмай отыр. Соның салдарынан әлем экономикасының келешекте дамуын дүдәмал етуде. Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан рыноктарды таныстырушы ел ретінде ықпалдастық үдерістерінің белсенді қатысушысы болып табылады. Осыған байланысты әлемдік сахнада Еуразия аумағындағы дағдарысқа қарсы шешімдерді табуда сарапшылар аса үлкен қызығушылық танытады. Осы мәселелерді шешуде Астана экономикалық форумы өз алаңын әлемдік ақыл-ойдың көрнекті өкілдеріне ұсынып, үнқатысуға шақыруда.

«Ғаламдық энерго-экологиялық стратегиясы» сессиясы шеңберінде РИО+20-ға Қазақстанның энерго-экологиялық бастамаларын жылжыту бойынша «Барлығына арналған тұрақты энергетика» жоғары деңгейлі тобымен бірге біріктірілген шаралар талқыланды. Сондай-ақ және РИО+20 тұрақты даму бойынша Қазақстанның Үкіметі үшін ұсыныстар әзірленді. Түрлі меморандумдарға және келісімдерге қол қою мәселелері жүзеге асырылды. «Қазақстанның энерго-экологиялық бастамалары» атты Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті, академик Н.Әбіқаевтың төрағалығымен өткен пленарлық отырыстың мәжілісіне көптеген алыс және жақын мемлекеттерден келген көрнекті ғалымдар, бизнес, саясат және БАҚ салаларының өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ «Вернад оқулары» халықаралық конференциясы «Қазақстанның энерго-экологиялық бастамалары» Ғаламдық энерго-экологиялық форумы шеңберінде өткізілді. Ол ХХ ғасырдың І жартысындағы ғылым кемеңгері В.И. Вернадскийдің 150 жылдығына арналды.

Форумның басты қорытындысы – әлемдік экономиканы сауықтыру және одан әрі дамытудың жолдары туралы G-20 елдеріне арналған ашық хат дәстүр бойынша G-8 және G-20 ұйымдастыру алқаларына, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, БҰҰ және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына жіберілді. Яғни Астана экономикалық форумында дағдарыстан шығудың қазақстандық бастамасы «G-Global» талқыланды. Сонымен қатар Елбасымыз өзінің жаһандық энерго-экологиялық стратегиясын жүзеге асыруда барлық күш-жігерін бағыттаған «Жасыл көпір» астаналық бастамасының жұмыстарын жалғастыратынымызды атап өтті.

Елордамыздың төріндегі осынау алқалы басқосуды қорытындылай келе айтарымыз, форум мінберінен сөз алған шешендер – мемлекеттік және үкіметтік делегациялардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, нобельдік лауреаттар пікірінің ортақ түйіні Елбасы ортаға салған мәселелер төңірегінде тоқайласты. «Қазіргі күрделі проблемалар – барлық елге ортақ. Оларды жекелеп шешу қиын жолға түспек» дегенді Н.Әбішұлы дөп басып айтты. V Астана экономикалық форумның шеңберінде жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің қолданыстағы мәселелерін талқылау, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың қазақстандық тұғырларымен таныстыру, ел әлеуетін тиімді пайдалану бойынша іс-шараларды және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың ұлттық стратегиясын іске асыру жолдарын бірігіп әзірлеу мақсатында бәсекеге қабілеттілік тақырыптары жалғасын тапты.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ




Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру