Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

АТЫРАУДА ӨНЕРКӘСІП ӨРІСТІ ӨРКЕНДЕУДЕ

Еліміздің экономикалық қуатын арттыруда республика бойынша өзіндік орны айшықты өңірлердің бірі – Атырау облысы екендігі белгілі. Бүгінде өзі тірек еткен нақты сала – мұнай-газ өндірудегі жетістіктер облыстың қарқынды дамуына ықпал ететін басты қозғаушы фактор саналады. Бұл ретте өңірдің алға басқан адымын өнеркәсіптің негізгі көрсетіштері айғақтайды. Бұған облыс басшысы Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ басшылығымен атқарылып жатқан толымды істер айқын дәлел болып отыр. 

ӨНЕРКӘСІПТІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ

Енді осыны негізге ала отырып, Атырау облысының биылғы жар­тыжылдықтағы өнеркәсіп саласының негізгі көрсеткіштері қандай болғанына зер салайық (облыс әкімдігінің сайтындағы мәліметтер бойынша).
Сонымен, 2017 жылдың қаңтар-маусым айларында облыстағы өнеркәсiп өнiмiнің көлемi қолданыстағы бағамен 2731,1 млрд.теңге болған, басқаша айтқанда, өндiрiлген өнiмнiң тиісті кезеңмен салыстырғандағы нақты көлем индексi – 119,3%.
Тау-кен өнеркәсiбiнде 2457,1 млрд. теңге сомасында өнiм өндiрiлген екен, өндiрiлген өнiмнiң нақты көлем индексi – 120,2%-ға орындалған.
Қаңтар-маусым айларында 20711 мың тонна мұнай, немесе 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 122,4%, 10200,1 млн. текше м. ілеспе мұнай газы (123,2%) өндiрілген.
Сонымен қатар, өңірдегі ірі компаниялардың бірі – «Теңiзшевройл» ЖШС 14590,1 мың тонна мұнай өндірген немесе 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,4%, ілеспе мұнай газы – 8134,3 млрд. текше метр (103,5%) құраған.
«НКОК» компаниясы бойынша 3535,1 мың тонна мұнай, 2054 млн.текше метр ілеспе мұнай газы өндірілген екен.
Өңдеу өнеркәсiбiнде өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 243,8 млрд. теңге сомасын құрады, НКИ – 113,2%.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» (АМӨЗ) ЖШС-де 2508,3 мың тонна көлемінде мұнай өнімі өңдірілген немесе бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 119,6%-ды құрап отыр.
Сонымен қатар: автобензин – 350,5 мың тонна (120%), пеш отын майы – 35 мың тонна (105,1%), дизель отыны – 747,7 мың тонна (121,5%), отындық мазут – 741,1 (137,5%).
Енді қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіштірді де зерделеп өтсек.
2017 жылғы қаңтар-тамызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қол­даныстағы бағаларда 3542629 млн. теңгені құрады, бұл 2016 жылғы қаңтар-тамызға қарағанда 23,9% артық. Кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда өндіріс көлемі 25,9%, өңдеу өнеркәсібінде 9,5%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру, ауа баптауда өндіріс көлемі 10,8%, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 3,6%-ға артқан.
2017 жылғы қаңтар-тамызда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 29336,8 млн. теңгені құрап, 2016 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 0,3%-ға артты.
2017 жылғы қаңтар-тамызда жүк айналымының көлемі 37521 млн. ткм (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын көліктік емес ұйымдар мен кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемінің бағалауы есебімен) құрап, 2016 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 4% артты. Жолаушылар айналымының көлемі 903,4 млн. жкм құрап, 7,3% артты, деп хабарлайды Атырау облысының cтатистика департаменті ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне сілтеме жасап.
Өздеріңіз де көріп отырғандай, қай салада болмасын көрсет­кіш­тердің бәрі артығымен орындалған, демек, өнеркәсіп Атырауда өрісті өркендеуде. Мұны басқа салалардағы жетістіктер де нығайта түскендей, енді солардың кейбіріне жеке-жеке тоқталып өтсек.

ҚАШАҒАНДА ҚАРҚЫН ЕСЕЛІ

Бұлай дейтін себебіміз Атырау облысын­дағы «Норт Каспиан Оперейтинг Компании Б.В.» (НКОК) компаниясы игеріп жатқан Қашаған теңіз кен орнында соңғы көр­сет­кіштерге сәйкес, алты миллион тонна мұ­най өндірілген екен.
«2016 жылдың 28 қыркүйегінде НКОК компаниясы А. аралындағы алғашқы ұңғы­маларды қайта іске қосу жұмыстарын жүр­гізді. Осы уақыт аралығында компания 6 млн тонна мұнай өндірді. Жүйенің жүктемесі болжамды көрсеткіштерден асып түсуде.
Онымен қоса, Қашаған кен орнында игеру жүйелерін пайдалану кезеңі ішінде 1,7 млрд текше метрден астам газ өндірілді. Ол «ҚазТрансГаз» құбыр желісі бойынша экспортқа жөнелтілді», – деп хабарлайды ком­панияның баспасөз қызметінен.

БҰРЫНҒЫ ЗАУЫТ БЕКІСЕ, ЖАҢАСЫ ЖАНДАНБАҚ

Өңірдегі жақсы жаңалықтар қатарында мына бір жайтқа ерекше тоқтаған абзал. Таяуда облыстың Жылыой ауданында жеңілдікті несиеге жаңа асфальт-бетон зауыты салынады, деп «ҚазАқпарат» хабар таратты.
«Жобаны «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Өмірзақ сервис» жергілікті кәсіпорны жүзеге асырады. Зауытты салу үшін кәсіпорын екінші деңгейлі банктердің бірінен 465 млн теңге несие алған, оның процентік мөлшерлемесін мемлекет субсидиялайды», – дейді Жылыой аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қанат Мыңбаев.
Қазіргі таңда асфальт өндірісі үшін жабдықтарды монтаждау жұмыстары аяқта­лып, бетон өндірісі үшін жабдықтарды орнату жұмыстары жалғасуда. Болашақ зауыттың қуаттылығы сағатына – 100 тонна асфальт және 50 тонна бетон. 50 адам жұмыспен қамтылады екен.
Әрине, бұл жағымды жаңалық. Ал, келесі жаңалығымыз да осы қатардан. Атап айт­қанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) толық қуатына шыққан.
«АМӨЗ-де күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған кестеден жеті күн бұрын, яғни 22 қыркүйек күні аяқталды. Зауыт жөндеуге тоқтатылмас бұрын резервуарларға өңірдің сұранысын қамтамасыз етуге жетерлік әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің қажетті көлемі жинақталған болатын. Мұнай өнімдерінің жинақталған барлық көлемі жөндеу жұмыстары кезінде жөнелтілді. Қазіргі уақытта зауыттың барлық технологиялық қондырғылары 100 пайызға іске қосылды. Қондырғыларды іске қосу және оларды жұмыс режіміне шығару технологиялық регламенттерге сәйкес жүзеге асырылды. Мұнайдың орташа тәуліктік өндірісі – 15,9 мың тоннаны, бензин өндірісі – 2-2,2 мың тоннаны, дизельді отын 4,5-5 мың тоннаны құрайды. Бұл салалық министрлік бекіткен өндірістік жоспарға толығымен сәйкес келеді», – деп хабарлайды АМӨЗ-дің қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінен.
Зауыттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазіргі өндіріс көлемі кәсіпорынның жөндеуге жабыларға дейінгі көлемімен бірдей. 2017 жылы зауыт 4 млн 650 мың тонна мұнай өндіруі тиіс.
«Сондай-ақ 2017 жылдың 2 қазанында­ғы жағдай бойынша, өңірдің негізгі отын жеткізушісі – «Атырау мұнай өнімдерінің» резервуарларында 2 160 тонна жанар-жағармай, соның ішінде 1200 тонна бензин барын хабарлаймыз», – деп хабарлайды АМӨЗ-ден.

МҰНАЙЛЫ АУДАН ТӘТТІ ӨНІМ ДЕ ӨСІРУДЕ

Атырау облысындағы мұнайлы Мақат ауданының тұрғындары биыл бақша өнім­дерін өсірді, деп хабар таратты жақында «Қаз­Ақпарат».
«Біздің мұнайлы аудан күрделі климаттық жағдайға байланысты егін шаруашылығымен айналыса алмайды. Сондықтан, бақша және жеміс-жидектер неше ғасырдан бері сырттан тасымалданып келді. Бірақ, биыл көрші Индер ауданының басшылығымен келісіп, Жарсуат ауылының аумағынан бізге жер бөлінді. «Ақмарал» ШҚ құрылып, оның жұ­мысшылары көктемгі егіс науқанында 17 гектар жерді игерді. 10 га аумаққа қарбыз бен қауын, 4 га – қызанақ пен қияр, 36 га – картоп егілді», – дейді Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиев.
Өсімдік шаруашылығымен 10 адам айналысып жатыр екен. Өткен апта аяғында ғана 8 тонна қарбыз бен 2 тонна қауын жинап алынған. Өнім жинау әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды өңірден.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X