Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Ұстаздық еткен жалықпас…

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Үлкен өмір жолына қадам басқан балғын жас­тың көкірегіне білім нұрын құйып, адамшылық дәнін сепкен Ұстаздың ұлы есімі қандайлық қастерлеуге де, ұлықтауға да лайықты. Ұлт санасын тұмшалаған тұ­манды сейілткен данышпан Абайға дейінгі халық болмысына бір сәт көз жіберейікші. Бас-басына би болып, бабалардан мирасқа қалған кең-байтақ жерді тақымға басқан көкпардай ту-талапайға салған «өңшең қиқымның» текетіресі арқасында ауыздан сөз, қолдан билік кетті емес пе. Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың бағалауынша, Абай – қазақтың Бас ұстазы. Өткенге әмір жүрмейді, дегенмен Абай Құнанбайұлы 19-шы емес, 17-ші ғасырда дүние есігін ашса, қаймана ел халі басқаша болар ма еді, бәлкім…
Ұстаздар қауымы мадақталып-марапатталып жат­қан айшықты апта оңаша ойларға жетелейді. Аузы дуалы ағайындардың айтуынша, бір қолына қауға, бір қолына найза ұстаған қазақ нақ осы Абай насихаты мен үгіті арқасында қаламға қол созды. Ыбырай Алтынсарыұлы салған сара соқпақ Ахмет пен Міржақыптың, Назипаның, «қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғысы» келген басқа да ұлт ұстаздарының жанқияр тірлігі арқасында жұртымызды өркениетке бастаған даңғыл жолға айналды. Ұлылардың ұлы арманы өз қолымыз өз аузымызға жеткен егемендік кезеңінде ғана мүмкін болғаны ақиқат. Бұл мәселені қозғағанда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда жарық көрген «Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық еңбегін айналып өте алмаймыз. Тәуелсіздік жылдары қыруар жұмыс жасалды, деп атап өткен Елбасы «біз он мыңдаған жас­ты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқы­тып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды. Дегенмен, бі­лімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Техно­логиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп тұжырымдап, ұстаздарымыз алдына асқаралы міндеттер қойған болатын.
Бұл орайда ұлттық ғылым мен білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы университетті мысалға ала отырып, маңдайалды жоғары оқу орындарымыздың, оларда еңбек етіп жатқан ұстаздар қауымының тыныс-тіршілігін сөз ете кеткеніміздің айыбы жоқ. Кез келген оқу ордасы жұмысының басты өлшемдірінің бірі оның материалдық-техникалық базасы болып табылады, соңғы кездері оқу-білімге жеткілікті бөлінген қаражат арқасында университтеріміздің жағдайы жақсара түсті. Айталық, ҚазҰУ-де 7 ғылыми-зерттеу институты, 1 ғылыми-технологиялық парк, 5 институт, 30 әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ғылыми орталық, 14 факультет, 62 кафедра және 7 департамент оқу-тәрбие жұмысын жүргізуде. Бакалавриат бойынша 81 мамандық, магистратурада 84 және докторантурада 64 мамандық бойынша кадр дайындалуда. Жалпы жер көлемі 100 гектарға жуық, ғимараттар мен құрылыс ауданы 335 928 шаршы метр, бұдан басқа Қырғызстан Республикасы аумағында аумағы 17 гектар спорттық-сауықтыру лагері орналасқан. Уни­верситет теңгерімінде 14 оқу ғимараты, 16 сту­денттік жатақхана, Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, Ғылыми кітап­хана, тамақтану комбинаты, интернет-орта­лық, спорт кешені мен стадион, «Керемет» студент­терге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ әлемнің 25 мемлекетіндегі 400-ден астам ірі университеттермен жемісті әріптестік жүргізуде. Білім және ғылым саласында қызмет ететін шетелдік кәсіпорындармен 340 келісімшарт жасалған. Бүкіләлемдік «UI Green Metric Ranking of World Universities-2016» рейтингісіне алғаш рет қатысып, мықтылар тобынан орын тепті. Әлемнің ең экологиялық таза 200-топ университеті қатарына енуі – ұлттық университеттің «жасыл дамудағы» жоғары же­тістіктері мен үлкен мүмкіндіктерінің дәлелі. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы универ­ситет­тері арасында екінші орында тұрған білім ордасы халықаралық QS рейтингісі бойынша әлемдегі үздік 250 топ-университет қатарына еніп, 236 орынды иемденді. «GreatValueColleges» ұйымының қорытындысы бойынша технологиялық тұрғыда дамыған 50 университет сапындағы рейтингте 31 орын иемденген ҚазҰУ мұндай толымды табысқа ұлғағатты ұстаздары мен талантты шәкірттерінің тынымсыз еңбегі арқасында қол жеткізген. Сөйтіп, ел ертеңі үшін елеңдеген ақ қағаз, қара сия қайраткерлері ғылым мен инновацияны өрге сүйреп отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X