Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Ұстаздар қауымымен кездесті

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек алып шаһарда болып жатқан жайттарға белсенді түрде қатысуды дағдыға айналдырған. Жақында Б.Қыдырғалиұлы ұстаздар қауымымен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Ұлы қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының алғашқы академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор М.О.Әуезовтің 120 жылдығына, белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановты сапарға шығарып салу рәсіміне қатысты. Бұдан басқа қаланың инженерлік және көлік құрылымының құрылысын қадағалады.

Алдымен қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыда белгілі көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановпен қоштасу рәсімінде болды. Мұхтар Әуезов атындағы театрда өткен сапарға шығарып салу рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, туыс­тары, достары мен жақындары келіп қатысты. Бауыржан Байбек Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды. Жеделхатта Қазақстан Президентінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманов­тың дүниеден өткені туралы хабарды зор күй­зеліспен қабылдағаны айтылған. «Ұзақбай Қараманұлы бүкіл ғұмырын халқы мен туған елінің өсіп-өркендеуіне арнады. Ол өзінің зор ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдағы беделінің арқасында көптеген жоғары лауа­зымды мемлекеттік қызметте болып, өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыроймен атқара білді», – делінген жеделхатта. Мем­лекет басшысы қазақстандықтар оның есімі мен ел алдындағы еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өтті. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың жедел­хатын инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек оқып берді. Өз кезегінде мемлекет қайраткері Асқар Құлыбаев, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және тағы басқалары, Ұзақбай Карамановтың үлкен жүректі адам болған­дығын, бүкіл өмірін Қазақстанның игілігі үшін арнағандығын атап өтті.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жұмыс барысында шаһардың ин­же­­нерлік және көлік құрылымының құры­­лысын қадағалады. Б.Байбек мер­­ді­гер­лерге сапалы жол төсемімен қамта­масыз ету және жөндеу жасалған аймақ­ты көгалдандыру керектігін атап өтті. Энергетика басқармасы және коммуналдық шаруашылық басшысы Ермек Усенбаев жылыту жүйесінің жөндеуі аяқталу­ға жақын екенін және жоспарға сай жылыту кезеңіне қарсы аяқталатындығын мәлімдеді. Сонымен, Төле би көшесінің жөндеу жұ­мыстары Сайран су қоймасы мен Масанчи, Қазыбек би көшелерінің бөліктерінде жол төсемдерін көгалдандырумен бірге жақын арада аяқтау жоспарланған. Баишев және Тобаяқов көшелері бөліктерінде толықтай техникалық бөліктерін аяқтау алдағы аптада жоспарланып отыр.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Осыған орай Б.Қыдырғалиұлы қаланың үздік ұстаздармен кездесті. Салтанатты шараға 40-тан астам білім беру саласының өкілдері қатысты: мектеп мұғалімдері, лицейлер мен гимназиялар, ҰБТ-дан жоғары балл алған студенттер, республикалық және халықаралық олим­пиадалардың женімпаздары және т.б. болды.
Алматы әкімі қала ұстаздарымен кездесуде жаңғырту аясында Мемлекет басшысы білім саласын ең маңызды басымдықтардың бірі ретінде анықтап, экономикалық өсудің жаңа үлгісінде орталықтандырылған білім беруді қалыптастыру міндетін белгі­ле­генін атап өтті. «Тәуелсіздіктің бі­рінші кү­нінен бастап білім беруді дамыту – мем­лекеттік сая­саттың өзгеріссіз басымдығы болып табылады. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасы бойынша өт­кі­зілетін реформаларды жүзе­ге асыруда қа­зақ­стандық мұғалімдердің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Биылғы жылы Қазақстан жаңа тарихи кезеңге өтті. Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өткендей, ертеңгі күннің ерекшелігіне ұлт жетістігінің басты факторы – тек адамның бәсекеге қабілеттілігі. Ұстаздар қауымы, сіздерге, біздің балаларымыз бен жастарымыз үшін алда осы қасиеттер жиынтығын дарыту тұр. Өзекті міндеттерді ескере отырып, биылғы жылы біз қала мектептерін қазіргі заманғы физика, химия, биоло­гия, лингафонды-мультимедиялық кабинетте­рі­­мен, интерактивті тақталармен 100% жаб­дық­тадық. Соңғы 5 жылда 15 мың орынды 13 мектеп ашылды. Біз Алматыдағы ең дарынды мұғалімдердің жұмыс істейтіндігімен мақтан тұтамыз. республикалық олимпиадаларда және ғылыми жарыстарда бірнеше рет бірінші орынға ие. Сіздердің оқушыларыңыз бірнеше рет халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда бірінші орындарға ие болып келеді. Жоғары нәтижелерін ҰБТ-да көрсетеді. Бүгінгі күні қаланың білім беру жүйесін дамытуға лайықты үлес қосып келе жатқандарыңызға, сіздердің қиын, өте жауапты жұмыстарыңыз үшін алғыс айтқым келеді», – деді Бауыржан Байбек.
Алматы түлектері осымен алтыншы жыл қатарынан ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балы үздік 97,5 көрсетіп отыр. Соңғы 12 жыл бойы республикалық олимпиадада бірінші командалық орынды иеленді. Республикалық ғылыми жобалар конкурстарында 15-ші рет жеңіске жетті. Президенттік олимпиададан 11 сынып оқушылары арасында төртінші жыл қатарынан жеңіп келеді. Сонымен бірге, соңғы бес жыл ішінде қалада 15 мың орындық 280-нен астам балабақша және шамамен 15 мың орынға арналған 13 мектеп ашылды. Тек өткен жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 орындық 4 балабақша пайдалануға берілді.
«Шаңырақ» және «Қалқаман» шағын аудандарында мектептерге жапсарлас 1800 орындық құрылыс салынып, пайдалануға берілді. Биылғы жылы 6 балабақша құрылысы басталды. Шағын «Өжет» ауданындағы №156 мектепте 600 оқушыға арналған жапсарлас құрылыс жүргізілуде. Алатау және Наурызбай аудандарында 2600 орындық мектептер құрылысына қосымша қаржы бөлінді. Мәселен, былтыр мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жеке қаражаттар есебінен 175 балабақша және 5,7 мың орындық шағын орталықтар ашылды. Биылғы жылы 2000 орындық 57 жеке балабақшалар пайдалануға берілді. Бизнес тарапынан қолдау шамамен 14 миллиард. теңге бюджеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Қала құрылысы кеңесінде қалада тұрғын үй кешендерінің құрылысын қарау кезінде мектептер мен балабақшаларға ерекше назар аударылады. Соңғы 2 жылдың инвесторлар есебінен 7 мың орындық 54 балабақша салуға шешім қабылданды. 3 мың орындық 24 балабақша коммуналдық меншікке беріледі. Осының арқасында бюджеттік үнемдеу шамамен 24 миллиард теңге болды. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша осы жылдан бастап «Тегін кәсіби-техникалық білім жобасы» жүзеге асырылуда. Қалалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды 11 мың адамға тегін үйретуге мүмкіндік береді. Қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстар орындарының саны 14 рет көбейтілді, бұл шамамен 7 мың адамды құрайды. Елбасының тапсырмасы бойынша 2017 жылы Алматыда «Жастар жылы» жарияланған, тиісті жол картасы әзірленді. 2 мың орындық 4 жатақхана құрылысы жоспарланды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп бірегей бағдарлама әзірленген, ол жастарға жаңа пәтер алу үшін несиеге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда қаланың білім беру желісіне 998 білім беру ұйымдары кіреді, соның ішінде 443 мемлекеттік және 555 жеке меншік, 370 мыңнан астам балаға 28 мың педагог қыз­мет­керлер еңбек етуде.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X