Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

АНАСЫ БАР АДАМДАР ЕШҚАШАН ҚАРТАЙМАЙДЫ

Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылының аудандық Мәдениет үйінде «Анаға тағзым» атты еске алу кеші өтті.

Ардақты Ана Сонымбүбі Құданалықызы Ғайнановаға арналған шара барысында ау­дан әкімі Жандарбек Далабаев «Саурық Батыр» ауылының ғана емес күллі ауданның анасы атанған Сонымбүбі ананың Ұрпағына – Ғайнановтар әулетіне мұндай салтанатты кештің Дүниежүзілк Қарттар күніне үйлесіп өтуіне мұрындық болғаны үшін алғыс айтты. Салтанатты рәсімде алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева бүгінгі бұл шараға «сауабы мол, тағылымы зор» деп бір сөзбен тұжырымдап зор баға беру тетктен тек емес. «Әдетте біздер мұндай шараларды танымал азаматтарға, оның үстіне мемлекеттің немесе ұйымның атынан өткізіп дағдыланғанбыз. Бүгінгі бұл кешті мен қарапайым қазақ анасын құрметтеудің нағыз отбасылық үлгісі деп бағалар едім. «Рухани жаңғыру» аясында ол еліміздің әр бұрышында жалғасын тауып жатса құба-құп» деген Шәмша Көпбайқызы «Отан отбасынан басталады» деген қағидаттың растығын жиналған қауымның алдында тағы бір паш етті.
Ұлы Әли Оқаповтың «Жарасты жанұя» атты әнін жан сезімімен тебірене орындаған қазақтың сүйікті әнші қызы Роза Рымбаева ән арасында анаға құрметтің қандай болатынын өз отбасынан мысал келтіре отырып қызықты әңгіме шертті. Ешқандай регламентсіз жүрек қызуымен, жан жылуымен өтіп жатқан салтанатта күллі зал Розасымен қосылып «Ана туралы жыр» мен «Анаға сәлемді» шырқады.
Өз өмір жолында 4000-нан астам шәкіртті алдынан өткізген ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбекова Сонымбүбі ананың қолынан дәм татқанын айтып, бүгін сол ананы құрметтеудің нағыз үлгісіне тәнті болғанын жасыра алмады. Халық батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Біз бүгін осы залда жас демей, кәрі демей анамызды еске түсірдік, анамызды сағындық…» деді. Халық пен сахнаның арсындағы шеп алынып тасталды. Өйткені, бүгінгі салтанаттың бас тақырыбы – Ана еді. Халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз ән соңынан биязы мінезімен бас иіп, анасын, Сонымбүбі жеңгесін есіне алды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Динара Нөкетаева бас болып «Анаға тағзым» атты иллюстрациялық көркем кітаптың тұсауын кесті.

Ардақты Ана Сонымбүбі Құданалықызы Ғайнанова шаңырақ киесі болған, қазақ­тың қатардағы көпбалалы отбасын бірлігін ұйы­тып ұстаған абзал ананың бірі еді. Өмір университетін бітірген аяулы ана өз құрсағынан 11 бала өсіріп, ұлын ұяға қон­дырып, қызын қияға ұшырды.
Жамбыл ауданында «Анаға тағзым» атты мәдени шараның өткізілуі тегіннен тегін емес. Өйткені қазір Жетісудағы Бесмойнақ деген елді мекенде 45 бірдей көпбалалы ана тұрады. Олардың ең үлкені 90-ға таяп қалған болса, ең жасы 32-де. Тіпті сонау арғы жылдары ауыл азаматтары асыл аналарын ардақтап, «Анаға тағзым» атты ескерткіш орнатыпты. Алматы облысы Жамбыл ауданының әйгілі Суықтөбе тауының етегінде орналасқан Бесмойнақ ауылы құт мекен. Бұнда қазір 300 түтін бар. Қазір мұнда алтын және күміс алқалы 45 ана тұрып жатыр. Шағын ғана Бесмойнақ ауылы берекелі бірлігімен, өнегелі ісімен көпке үлгі. 2009 жылы ауылда саяси-қуғын сүргін зардабын кешкен және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан азаматтарға арналып ескерткіш орнатылды. Жуырда 60 көпбалалы аналарға арналған ескерткіш ашылды. 88 жастағы Күләш апа 12 құрсақ көтерген. Бүгінде 7 баласынан 40 немере, 40 шөбере сүйіп отыр. Келіндері де бұл игі дәстүрді жалғастырмақ ойда. Кіші келіні – 5 балалы ана. Күләш Әбдірахман, көпбалалы ана – «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дейді. Бала деген ермек, алданыш деген сөз содан шықса керек.
Бесмойнақ ауылының тұрғындары негі­зінен мал өргізіп, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірумен айналысады. Табысты ти­ім­ді пайдаланудың нәтижесінде көшелер жөнделіп, балабақша, көк күмбезді мешіт салынды. Жастарға тағылым болатын еңселі ескерткіш орнатылды.

Салтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X