Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Агросектор алдындағы айтулы міндеттер

Аграрлық білім беруде нақты нәтижелер байқалады

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша белгіленген зор межелерге ең бірінші заманауи технологиялар мен білікті мамандар арқылы қол жетері белгілі. Сондықтан еліміздегі алдыңғы қатарлы аграрлық білім ордасында мемлекеттің қолдауымен әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игеруге барынша жағдай жасалып отыр.

Жақында Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов халыққа есеп беру жиынын өткізген болатын. Онда оқу орнының жұмыстарына шолу жасалып, ғылыми-инновациялық, қаржылық-шар­уашылық, әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөнінде баяндалды. Университеттің қол жеткен жетістіктері жария етіліп, алдағы стратегиялық даму бағыттарына назар аударылды.
Кездесудің маңызы мен деңгейін қаты­сушылар құрамынан аңғаруға болғандай. Атап айтқанда, жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, облыс әкім­дерінің орынбасарлары, шетелдік консулдық қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер, агроқұрылымдар мен шаруашылық жетек­ші­лері, белгілі аграршы ғалымдар келіп қатысты.
Елімізде соңғы он жылда ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі төрт есеге, ал ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау үш есеге өскен. Бұл Елбасының агрокешен саласындағы тапсырмаларының орындала бастағандығын көрсетеді. Бұдан бөлек, көптеген қиындықтарға қарамастан республикамыздың аграрлық секторы жаңа қабылданған заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жаңғыра бастады. Атап айтқанда, өткен жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы», «Жайылым туралы» жаңа заңдар қабылданды. Биылдан бастап «Қазақстан Рес­публикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, іске асуда. Осының барлығы аграрлық универсвитеттің алдағы уақытта атқаратын жүйелі іс шараларының тиімді іске асуына үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.
Уақыт өрісіне, әлемдік экономикадағы серпілістерге сай агроөнеркәсіптік кешен де нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім көлемін молайтумен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысуы қажет. Осы үдерістер салалық оқу орнындағы білім беру бағдарының маңызды алғышарттарын құраса керек. Осыған байланысты Қазақ ұлттық аграрлық университеті Ұлттық зерттеу университетінде трансфор­мациялау жұмыстарын жалғастыруда. Стра­тегиялық бағдарламаға сәйкес университет құрылымдық модернизациялаудан өтіп, нақты нәтижеге негізделген сапалық ме­недж­ментті игеруде. Университет қазір QS рейтингі бойынша 200 жоғары оқу орнының ішінде 86-орынға көтеріліп, 100 ТОП университеттер санатына енді.
Айта кету қажет, жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен бітірген түлектердің 50 пайызы ғана ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Яғни, елді мекендерде мамандар тапшы болып қалуда. Ректор, өз сөзінде университеттің стратегиялық бағыт-бағдарын ұстана отырып, ауылдық жерлерден келген жастарды инновацияға бейім­деп, жаңа технологияларды игеруі үшін агротехнологиялық хаб – Ауыл шаруашы­лығы зерттеулерінің халықаралық институты құрылғандығын атап өтті. Шетелдің озық тәжірибелерін негізге алған бұл институт отандық ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің нақты сұраныстарына сай ғылыми-өндірістік жобаларды іске асыруға зор мүмкіндік береді. Агрохабтың құрамына қазақ-жапон, қазақ-корей, агроинженерлік мәселелер және энергия үнемдеу, тұрақты егін шаруашылығы, су, азық-түлік технологиясы және сапа орталықтары, иннова­циялық жылыжай, агроуниверситет оқу-тәжірибе шаруашылығы, қазақ-беларусь агроинженерлік инновациялық орталықтары кіреді. Бұл орталықтар мен зертханаларды ауыл шаруашылық кәсіпкерлері шикізат пен дайын өнімге сараптама жасау, топырақ, су сапасын анықтау үшін пайдаланады. Хаб мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік механизмі арқылы агробизнеске инно­вациялық идеялар мен технологияларды, стартап-жобаларды тартады. Қазіргі кезде еліміздің ауылшаруашылық саласында білім, ғылым, өндіріс интеграциясын дамыту арқылы инновациялық технологияларды 10 пайыздан 25 пайызға көтеру көзделіп отыр.
Университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен тығыз байланыстар орнатқан. Енді алдағы уақытта халықаралық зерттеу университетін қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін шетелдік әріптестермен бірлесе білім беру және зерттеу инновациялық бағ­дарламалары әзірленіп, енгізілмек.
Бүгінде білім алушылар контингенті 10 мың адамды құрап отырған университетте 101 ұстаз жоғары оқу орнының үздік оқытушысы болып табылады. Сондай-ақ 19 студент Назарбаев стипендиясының иегері атанған. Ал студенттердің кәсіби практикадан өтуі және олардың әрі қарай жұмысқа орналасуы жайына келсек, бұл бағытта ел өңірлерінің 537 кәсіпорындарымен келісімшарттар жасалған.
Есеп беру жиынындағы негізгі баяндамадан кейін жиналған қауым тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, олардың әрқайсысына университет басшысы тұ­шым­ды жауаптарын берді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X