Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Жаңғырудың жарқын үдерісі

Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерге деген патриотизм мен сүйіспеншілікті қалыптастыру, белгілі бір жетістіктерге жеткен өңір тумаларын туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Туған жер» республикалық жерлестер форумы болып өтті. Осынау мерейлі басқосудың қатысушыларына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің құттықтау сөзін жолдап, игі тілегі мен ыстық ықыласын жеткізді.
Елбасының жолдауын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. «Әркімнің кіндік қаны тамған туған жері, қайда жүрсе де, жүрегінің төрінде. Біздің әрқайсысымыз туған өлкемізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасаймыз. Туған жерге іңкәрлік Туған елге сүйіспеншілікпен ұласады.

Туған жерге қамқорлық Туған елге жанашырлықпен астасады. Жалпыұлттық патриотизмнің өзегі іспетті «Туған жер» бағдарламасы осындай ізгі ниеттер мен шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді. Форумға еліміздің барлық өңірлерімен қатар, 20 мемлекетте тұрып жатқан ақтөбеліктердің арнайы келуі – біздің ұлттық бірегейлігімізді, туған елге деген шынайы патриоттық сезімдерімізді айшықтай түседі. Бүгін Ақтөбеден бастау алған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табарына сенімдімін. Сіздер шынайы патриотизм – Мәңгілік Елдің мызғымас тұғыры екенін бек түсініп, осынау патриоттық сезімді барша замандастарыңызға жеткізулеріңізді тілеймін! Сүйікті Қазақстанымыз гүлдене берсін! Мерейіміз асып, бірлігіміз таси берсін! Мәңгілік Елдің көк байрағы әрқашан асқақ желбіресін!», делінген Елбасы құттықтауында.
Өскен өлкеге жиналған ақтөбеліктерді құттықтай келе, Гүлшара Әбдіқалықова ел ішіндегі рухани үрдістердің маңыздылығын атап өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық сананы жаңғыртатын ауқымды істерге жол ашып берді. Рухани жаңғыру – Қазақстанның мүлдем жаңа сипаттағы буынын қалыптастыратын бірегей жоба. Әрбір отандасымыз – Ұлы дала елінің азаматтары заман талабына сай бәсекеге қабілетті, прагматик, білімді, эвалюциялық дамуды жақтайтын, ашық, саналы ұрпақ болуы керек. Бұл ел-жұртымыздың мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлтқа айналуына, Қазақстанның әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосылуына тікелей ықпал жасайды деп білеміз, – деді Мемлекеттік хатшы.
Жоба азаматтық белсенділікті дамытуға және туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік сезімін нығайтуға, қызығушылық тудыруға, туған жердің дәстүрлерін, тарихын және мәдениетін құрметтеуге бағытталған. Маңызды іс-шараның Ақтөбе қаласында өтуі кездейсоқ емес, бұл көптеген ұлы тұлғалар туып-өскен киелі мекен. Бүгінде облыста «Туған жерге тағзым» акциясы аясында әлеуметтік-мәдени нысандарды, балабақшаларды, ауруханаларды, мектептерді, саябақтар мен мұражайларды салу мен қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте Мемлекеттік хатшы мұндай кешенді шараларды ұйымдастырып отырған Ақтөбе жұртшылығына және игі істердің басында тұрған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғыс білдірді. Сондай-ақ туған жерге қамқорлық көрсетіп жүрген адамдардың есімдері аталды. Мысалы, ақтөбеліктер арасынан Қайрат Мәйтеков «Жұбановтар әлемі» орталығын, Глеб Щегельский «Хоккей модулін», «Алтын Қыран» тобының құрылтайшысы Исламбек Салжанов облыстық тарихи-өлкетану музейін салып жатыр.
Жиында алыс-жақыннан келген жерлестерге сөз арнаған облыс әкімі қонақтарды Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысымен, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен таныстырды.
– Елбасы атап өткендей, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін біз қоғамдық сананы жаңғырту, мәдениетімізді, ұлттық кодымызды және отансүйгіштік қасиетімізді сақтауымыз қажет. Мұның бәрі туған жерге сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінен келген 300-ден аса жерлестерімізбен қауышқаныма қуаныштымын. Бүгінде жерлестеріміз барлық салада табыстарға жетуде. Олар әдебиет пен өнер, ғылым мен спорт саласында өңірдің атын шығарып жүр. Бұл жетістіктер мемлекетіміздің, Президентіміздің әркез қолдау көрсетуінің, өздеріңіздің туған жерде алған білім-тәрбиелеріңіздің арқасында мүмкін болды. Туған жерлеріңіздің одан әрі өркендеуі, болашақ ұрпағы үшін сіздер де аянып қалмайсыздар деп сенемін, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі аймақтағы жалпы ахуалды нақты деректермен сипаттап берді. Ол Тәуелсіздік жылдарында халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігі жақсара түскендігіне, тұрғындардың орта жасы бұрынғыдан бес жасқа көтеріліп, 72,8 жасты құрап отырғанына тоқталды. Осы кезеңде бала туу көрсеткіші 13 пайызға артты. 120-дан астам мектеп, 500-дей мектепке дейінгі мекеме, 150 медициналық мекеме құрылысы пайдалануға берілді. 1100 километр автомобиль жолдары жаңарды. Қазірде барлық аудан орталықтарында газ желісі іске қосылған. Облыс тұрғындарының саны 15 пайызға артып, 850 мың адамнан асты. Өткен жылы облыс экономикасының көлемі 2 триллион теңгені құраған, бұл Тәжікстан мен Қырғызстанның экономикасына парапар. Сонымен қатар белсенді экономикалық өсудің нәтижесінде тұрғындардың нақты еңбекақысының көтерілуі бойынша облыс жетекші орында. Қазіргі уақытта орташа жалақы 121 мың теңгені құрайды. Алда Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» Жолдауы аясында кәсіпорындарды ауқымды жаңғырту жұмыстары тұр. Бұл бағыттағы шараларға бес жыл ішінде 400 миллиард теңгедей жеке инвестициялар салынады. Жаңғырту өнеркәсіп саласымен бірге, ауыл шаруашылығында, инженерлік және көлік инфрақұрылымында, әлеуметтік салаларда да жүргізілмек. Бұл істердің барлығы Президенттің тапсырмасын орындап, экономика өсімін 4-4,5 пайыз мөлшеріне жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде жеке инвестициялардың 50 миллиард теңгесі мөлшеріндегі қаржысына 125 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы құрылыстар табысты салынып жатыр. Сондай-ақ «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымы да кең. Әлеуметтік жауапкершілік бойынша әлеуметтік құрылыстар жүргізу, көріктендіру, қайта құрылымдау бағытында қосымша 555 жоба қолға алынды. Қазіргі уақытта олардың 379-ы іске асырылған.
Әлемнің 21 елінен 300-ге жуық жерлестерді жинаған шарада ірі әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыруға жалпы сомасы 80 млрд. теңгені құрайтын бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бүгінгі таңда Ұлыбритания, Германия, Ресейде және өзге елдерде тұратын, шетелдік бизнес құрылымдарының Ақтөбе өңірінен шыққан басшылары мен облыс әкімдігі арасындағы келісімдер негізінде өңірде бірқатар ерекше өндірістер тұрғызылатын болды. Атап айтқанда, «Ақтөбе-ТермоКокс» ЖШС мен 700 МВт электр станциясын салу және қоңыр көмір кенін игеру жөніндегі ірі жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жалпы құны 48 млрд. теңге тұратын ірі жобаны жүзеге асыру арқылы аймақтағы электр энергиясының тапшылығын толтыруға және 400-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ 26 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту арқылы жел генераторларын, қалақ жасайтын, металл мұнараларды жинақтайтын зауыт құрылысын бастау арқылы 500 жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бұл жоба биылғы ЭКСПО халықаралық көрмесімен байланысты және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша жұмысты күшейтуге жол ашады. Ресейлік кәсіпорындармен де бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Айталық, «СТИМ» және «Әдемі» ЖШС тоқыма бұйымдарының өндірісін қалпына келтіруге ниетті. Ақтөбе қаласында дүниеге келген Ресейдегі ең ірі тоқыма кәсіпорындары құрылтайшыларының бірі Юрий Баклановтың бастамасы бойынша, «Әдемі» серіктестігі базасында тоқыма бұйымдарының бос тұрған өндірісін қалпына келтіру жоспарланып отыр. «Ақтөбе жерлестігі» ӨҚҰ атқарушы директоры Сергей Воробьев облыс әкімдігінің қолдауымен Байғанин және Қарғалы аудандарында кен орындарын игере отырып, контейнерлік типтегі цемент зауытын салуға ниетті. Цемент өндірісі шикізатқа импорттық тәуелділікті болдырмайды және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы облыстың құрылыс индустриясының дамуына серпін береді деп күтілуде. «Energyprom» ЖШС инновациялық зерттеулерді, атап айтқанда, өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлық салаларында пайдалануға арналған өндірістік электр қозғалтқыштарын енгізуді жоспарлауда. Сондай-ақ аймақтан шыққан іскер азаматтар жол бойында қызмет көрсету мен басқа да әлеуметтік салаларды дамытуға барынша үлес қоспақ. Сөйтіп, ұшқан ұя жылуы басын біріктірген жерлестер Ақтөбенің бүгінгі даму қарқынымен танысып, өздерінің де қолдан келген көмектерін беруге уәде етіп жатты.
Жиында аймақ басшысы бір топ азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды. Олардың қатарында кәсіпкер Қайрат Мәйтеков, «Нектар» өндірістік кооперативінің төрағасы Шамиль Каспранов, профессор Жолдас Құлжанов және «АкТеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин бар.
Шара 4500-ден астам адам жұмылдырылған театрландырылған қойылыммен жалғасты. Стадион алаңында ойын-сауық ұйымдастырылып, 13 мың көрерменнің назарына тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы туралы керемет қойылым ұсынылды. «МузАрт» тобы, Марат Әйтімов, Қанат пен Света Айтбаевтар, басқа да қазақ өнерінің жұлдыздары ашық алаңда ән-жырын әуелетті. Ауқымды мерекенің қонағы – талантымен әлемге танылған бірегей әнші Димаш Құдайберген болды. Мерекелік концерт отшашумен аяқталды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X