Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

ДӘСТҮРЛІ ЖАРЫС ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Күш-жігер мен шыдамдылық сайысы

Күш-жігер мен шыдамдылық сайысы  Алматыда «Алматы туры – 2017» атты V халықаралық көпкүндік кәсіби велоспорт» атты Орталық Азиядағы ең ірі велосипед спорты бойынша жарыс өтті. Аталмыш шара осы жылы Халықаралық Велосипедшілер Одағы (UCI) регламентіне сәйкес, алғаш рет көпкүндік тасжолдағы веложарыс атағына ие болды.

Дүбірлі додаға әлемнің 17 елінен 20 команда қатысты. Биылғы жылы өткізілген турдың ерекшелігі – бұл көп күндік веложарыс мәртебесінде алғаш рет өткізілді. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Сонымен қатар, жарыстың екі күндік форматы спортшыларға Азия чемпионатында және Олимпиада ойындарында одан әрі біліктілігін алу үшін көп ұпай жинауға мүмкіндік берді.
Бұған дейін халықаралық жарыс «кретериум» жүйесінде өтіп келді. Бұл жүйе бойынша қатысушылар айналма жол арқылы сынға түсетін. Ал биыл велошабандоздар сөреден мәреге дейінгі қашықтықты басып өтті.
«Алматы туры» бірінші кезеңі ҚБТУ ғимаратының жанында басталды. Жарысқа қатысушылар Төле би, Фурманов, Сәтпаев, Байзақов, Абай және Желтоқсан көшелерінің бойында «қала шеңберін» айналып өтті. Спортшылар жалпы қашықтығы 331,7 шақырым қашықтықты бағындырды. Бірінші кезең Алматы аренасының аумағында аяқталды. «Astana Pro Team» кәсіби командасының шабандозы Алексей Луценко «Тур Алматы-2017» көпкүндік тасжолдағы xалықаралық веложарысының жеңімпазы атанды. Ол бірінші кезеңдегі жарыс жолын 3 сағат 49 минут және 52 секундта аяқтады. Мәре сызығын екінші болып франциялық велошабандоз Реми Ди Григори келсе, үздік үштікті ирандық Мирсамад Пурседиголаxар түйіндеді. «Жеңіске жеткеніміз үшін қуаныштымыз. Командамыз бірлесе отырып, үлкен жұмыс атқарды. Мәреге дейін бірнеше айналым қалғанда, командамның арқасында басымдық танытып, алға оздым. Оларға деген зор алғысымды білдіремін. Жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Дегенмен, ертеңгі кезең де оңай еместігін қаперде ұстауымыз керек. Жеңіске жету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын»,-деді А.Луценко.
Осылайша бірінші кезеңнің жетістігіне байланысты А.Луценко «үздік қазақстандық шабандоз» және «жалпы классификация жеңімпазы» атағына ие болды. Сонымен қатар «тау кәсіби классификациясының жеңімпазы» қазақстандық Даниил Фоминыx атанса, «спринтерлік классификация жеңімпазы» номинациясы италиялық Альберто Чечинге берілді.
Веложарыстың екінші кезеңі «Халық Арена» ғимаратында басталды. «ШАЖ-Әл-Фараби» маршрутымен Тұңғыш Президенттің саябағынан «Медеу» тау шаңғысы курортына дейін жалғасты.
«Astana Pro Team» велошабандозы Якоб Фульсанг «Алматы туры – 2017» екінші кезеңінің жеңімпазы атанды. Ал оның командалас әріптесі Алексей Луценко велододаның төрт дүркін чемпионы атанды. Екінші кезеңде даниялық Якоб Фульсанг 3 сағат 58 минут 01 секунд уақытпен алғашқы болып мәре сызығын кесті. «Жарыс өте қиын болды. Әсіресе тау жолдары басталғанда Қазақстан құрамасының жігіттері қарқындарын күшейтті. Дегенмен тәжірибенің арқасында біздің команда бәрін бақылауда ұстады. Нәтижесі жаман емес. Алдыңғы қатардан көріндік»-деді Я.Фульсанг.
Екінші орында қазақстандық Алексей Луценко 12 секундқа кешігіп жетті. Ал үшінші орынға швейцариялық спортшы Крис Стусси табан тіреді. Осылайша кәсіби халықаралық веложарыстың жалпы есебі бойынша Алексей Луценко «Алматы туры – 2017» веложарысының чемпионы атанды. Оның жалпы уақыты – 07:47:43. Айтулы доданың күміс жүлдесімен Алексейден 55 секундқа қалып қойған Реми Ди Григори күптелді. Ал қоланы веложарысның екінші кезеңінің жеңімпазы Якоб Фульсанг қанағат тұтты – 01:04. Сонымен қатар қазақстандық Алексей Луценко «Спринтерлік классификация жеңімпазы», «Жалпы классификация жеңімпазы» және «Үздік қазақстандық велошабандоз» номинацияларын жеңді. Ал «Тау кәсіби классификациясының жеңімпазы» атағына ұлыбританиялық Таунсенд Рори ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбек қатысып, велодаданы қорытындылады.
Алматы қаласында велосипед тебу мәдениеті қалыптасып келеді. Қалада қазір 63 шақырым веложол бар. «Almatybike» жалға алу жүйесін 3 000 адам пайдаланады. Ал қала бойынша олар 215 мың шақырым жер жүрді. Болашақта алып шаһар Қытай, Жапония, Голландия сынды велосипед тебу мәдениеті қалыптасқан мемлекеттен кем түспесі анық.
«Алматы туры-2017» велокөпкүндігі өз мәресіне жетті. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі жарысқа 20 команда қатысты. Ұтыс қоры 40 мың еуроны құрайтын доданы «ЕуроСпорт» арнасы, ал «QazSport» арнасы болса жерлестерімізге тікелей эфирде көрсетті.
Биыл велододаға 20 команда тіркелген, өткен жылмен салыстырғанда, 6 командаға артқан. Осы жылы да дәстүр бойынша «Алматы Турыға» қазақстандық «Astana Pro Team» кәсіби командасы да бақ сынады. Оның құрамындағы «Алматы Турының» үш дүркін жеңімпазы Алексей Луценко да ел намысын қорғады. Жерлесіміз Испанияда жақсы нәтижелер көрсеткен соң, күш жинап, айтулы додаға шет елдерде дайындығын жалғастыруда. Спортшымызға алдағы уақытта сәттілік тілейік, ағайын!

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X