Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Осы Шығыс Қазақстанда 350 шақырымға жуық республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы мақсатта қазынадан 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Бұл ретте жергілікті халық әсіресе Зырян ауданындағы Осиновка асуына жаңа жол салынатынын естіп, зор қуанышқа кенелгенін атап айту қажет. Өйткені, жолаушылар үшін нақ осы қауіпті өткелде жыл сайын ондаған жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен.
Қазіргі күні Зырян ауданын жалпы ұзындығы 195 шақырым болатын республикалық маңыздағы жол кесіп өтеді. Осиновка асуы мен Рахман қайнары бағытындағы жол түгел күрделі жөндеуден өтпек. Алдын ала есептеулерге сәйкес, жаз бойы Бұқтырма су қоймасында жарты миллион турист демалған. Жолаушылар қауіпсіздігі үшін өткел бойына арнайы айналар орнатылған, міне енді тас жол да салына бастады.
– Осиновка асуы бар, соны айналып өту үшін 11 млрд. теңге ақша бөлінген. Бүгінгі таңда 2 млрд. 300 млн. төңірегінде жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов.
Осы кезге дейін Зырян қаласында қазынадан 50 млн теңге бөлініп, 4 көше жөндеуден өткізілген. Енді жылдар бойы халықты әбігерге салған Зырян – Зубовск бағытындағы жолдар да жөнге келтіріліп жатыр. Кезінде кент әкімі болған Любовь Тертычная мәселенің шешілуін 20 жыл күткен екен. Зейнеткерлікке шықса да ол жөндеу жұмыстарының барысын жіті қадағалауды өз міндеті санайды екен.
«Бұл жолмен біздің кенттің тұрғындары ғана емес, осы аумақтағы өндірістік мекемелердің жұмысшылары түгел қатынайды. Екі элеваторымыз бар, сыра зауыты, үш ағаш өндейтін кәсіпорын осында орналасқан. Көмірді де осы жерден аламыз», деп ойын ортаға салады Зубовск кентінің тұрғыны Любовь Тертычная.
Мамандардың айтуынша, жолды жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқ­талмақ.
– Облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлініп, арнайы тендер өткіздік. Жұмыстар күнделікті істеліп жатыр, – дейді Зырян аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Медет Сахариев.
Маңызды жолды бойлаған теміржол, орталық мұнай базасы сияқты стратегиялық нысандар да осы маңда шоғырланған екен. Демек, жол жөнделсе қарым-қатынас жақсарып, халықтың әлеуеті де түзелері анық, дейді тұрғындар.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X