Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Алтын күздің ажарлы айшықтары

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Балапанды күзде санайтын» халқымыз жарат­қанның нұры тиген осынау мырза мезгілді шаруақор жұрттың ел алдында есеп беретін сәті ретінде бекер таңдамаған сияқты. Сонау кеңес кезінен диқан қауым дүрілдетіп өткізетін сабантойлар есімізде қалыпты. Ал, ойдағы ел қырдағы елмен қауқылдасып қалатын шопандар мерекесі бұ күнде көзімізден бұл-бұл ұшпады ма. О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін сайын да­ланың бір пұшпағында сом білекті, темір тақымды атпал азаматтар көкпар тартысса, ана бір қырдан қыз бен жігіттің қосылып шырқаған әні белден белге, ауылдан ауылға тарап жататын.
Ол да бір дүбірлі дәурен екен ғой. Күні бүгінге дейін «ел тілегі – егін үстінде», «мал – баққанға бітеді», «гектар берекесін арттырайық» деп ұрандатқан науқан­ның насихаттық дабылын ұмыта қойған жоқпыз. Шаруашылық жұмыстарының жайы бел­гілі, аңыздағы соңғы масақ теріліп, дәні қауыздан үгілген соң іле-шала күйек алу, қойшы-қолаңды күзекке түсіріп, қора-қопсыны бүтіндеу басталып кетеді. Мыңғырған мал қыс қаһарынан қысылмауы үшін алты ай жаз жемшөп қоры жасалып, қыстауға тасылады, құрама жем мен сүрлем жеткізіледі. Соның барлығы техниканың көмегімен атқарылғанын көзіміз көрді. Жетпісінші жылдары елді электрлендірудің мем­лекеттік бағдарламасына орай энергия атаулы қиян­дағы елді мекендерге дейін жеткізілді. Ал, отар-отар қой, үйірлі жылқы шыңырау құдықтардан су тартатын құрылғылар арқылы суарылатын. Соны көріп тұрып, қазақтың хандық дәуіріндегі бай-бағландардың қисапсыз түлігін 5-6 қойшы бағып та суарып үлгіретінін қисса-жырлардан білетін біз іштей таңырқайтынбыз. Дәл осы жәйт жиырмасыншы ғасырдың басындағы Ресейді Еуропаның қамбасына айналдырған диқандарға да қатысты. Комбайн, трак­тор атаулыны қолданбай-ақ мұжықтар сапалы ас­тықты қар астында қал­дырмай, дестелеп бастырып, қамбаға құйғаны былай тұрсын, жайбасар пароходтармен шетел асырып отырды.
Мұның барлығы алқаптағы алтын астық кей кездері қар астында қалып, мал басы төмендеп кеткені жөнінде баспасөз беттерінен оқта-текте ұшырасып қалатын хабарларға көзіміз түскенде келетін ойлар ғой.
Енді егістіктен естілетін лепті жеткізіп жат­қан бұқаралық ақпарат құралдарының мәлі­мет-деректеріне келейік. Ауыл шаруашылығы меке­ме­лерінің есебі бойынша бүгінгі таңда республика бойынша 11,6 млн га астық жиналып, 14,7 млн тонна бастырылған. Егін жинау қарқыны былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2,4 млн га немесе 16 пайызға артық болып, республика бойынша барлық егістік алқаптың 76,7 пайызы жиналған. Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында масақты дәнді дақылдарды жинау аяқталған. Еліміздің солтүстіктегі басты астықты өңірлерінен 10,6 млн тонна астық қамбаға түскен. Сонымен қатар бидай, арпа, бау-бақша және майлы дақылдарды жинау жұмыстары да тәмамдалуға таяу. Арпаны жинау жұмыстары аяқталуда. Қазіргі уақытта 1,8 млн га немесе аумақтың 86 пайыз жиналып, 2,7 млн тонна өнім алынған. Майлы дақылдар бойынша жалпы аумақтың 24 пайызы жиналып, 1,2 млн тонна өнім алынған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың көлемінен 10 пайызға артық. Бақша дақылдарын жинау жұмыстары да жалғасуда. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша аумақтың 76 пайызы жиналып, 3,1 млн тонна өнім алынған, бұл былтырғы жылдан 13 пайыз артық. Қант қызылшасы былтырғы жылға қарағанда 1,5 есеге артық жиналады деп күтілуде, делінген статистикалық мәліметтерде.
Ауыл шаруашылық басқармалары көктемгі егін жинау жұмыстары үшін аймақтар арзандатылған жанар-жағар маймен қамтамасыз етілгенін хабарлауда. Астық қабылдау кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасы жаңа егін астығын қабылдауға дайын. Астық сақтау қоймаларының жарамдылығын анықтау әдістемесі әзірленген. Осы жылдан бастап «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» рейтингі төмен астық қабылдау кәсіпорындарымен жұмыс істемейтін болады. Дән сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылы тұқым шаруашылығы мен минералды тыңайтқыштарға көрсетілетін қолдау түрлері артқан. Соның негізінде 3 сұрыпты бидайдың үлесі 76 пайыз құрады, былтыр бұл көрсеткіш 44 пайыз болған, ал клейковинасы 25 пайыздан жоғары бидайдың үлесі 47 пайыз болса, былтырғы жылы бұл көрсеткіш небәрі 9 пайыз құраған. Биылғы жылы астықтың жалпы көлемі 19,5 млн тоннаға жетеді, деп күтілуде. Еліміздің солтүстік астықты өңірлерінен 15 млн тонна астық жиналады, деп жоспарлануда. Солтүстік Қазақстан облысында күзгі дала жұмыстары жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтер бойынша бүгінгі күнге дейін 3 млн 200 мың тонна астық жиналған. Орташа түсім – 17,2 центнер. Егін орағы бойынша Жамбыл, Есіл және Қызылжар аудандары алда келеді. Қазірдің өзінде астық қабылдау орындарына 120 мың тоннадан астам бидай жеткізілген. Диқан қауым арзандатылған жағар-жанармаймен толық қамтамасыз етілген. Жиын-терімге 8 мыңдай комбайн жұмылдырылған. Биыл шаруалар шамамен 5 млн тоннадан астам сары алтын жинауды жоспарлап отыр. Шаруалар үшін тағы бір жаңалық – «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамының бидай бағасын кеңейтуі. Мәселен, құрамында 32 пайыз клейковина және 15 пайыз протеині бар 5 сұрыптағы бидайдың тоннасы 60000 теңге болып, 2 сұрыптағы арпаның жеткізу көлемі 1000 тоннадан артса, тоннасы 41000 теңгеге дейін бағаланады. Мұның өзі диқан қауымның жігеріне жігер қосып, ел ырыздығын еселей түсері сөзсіз.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X