Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Өркендеу оң өзгерістерден басталады

• Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз.

• Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан

Ақтөбе – ел экономикасын ілгері бастыруға септесе алатын келешегі кемел, перспективалы өңірлердің бірі. Облыста соңғы жылдары экономиканың басым салаларының мол қарқынмен дамуы осыны нақтылай түседі. Бұл ретте жаңғырудың жарқын жолын бағамдап, оң өзгерістерді өрістетіп отырған өңірдің тұтастай ел экономикасының өркендеуіне қосар үлесі де салмақты болмақ.

Дағдарыстың түрлі құбылыстары нарықтық экономика үшін қалыпты жайт болып саналады. Маңыздысы, сол өзгерістерге шұғыл әрекет ету, дайын болу, бейімделу шарт. Осы тұрғыда әрбір өңірдің жоспарлы межесі – аймақтық ерекшеліктерді сақтай отырып, атакәсіпті, негізгі шаруашылық түрін ширата түсу, нақты салаларды дамытуға басымдық беру, нарық қажеттілігіне сай анағұрлым сұранысқа ие өнім өндіруді, әртараптандыруды лайықты меңгеру болса керек. Мұның барлығы үйлесімді іс-қимылды, тиімді басқаруды қажет ететіні белгілі. Осы ретте еліміздің іргелі аймағы – Ақтөбе облысында өңір басшысының біліктілігімен, қажыр-қайратымен, табандылығымен атқарылып жатқан серпінді істер, өркенді бастамалар аз емес. Қазыналы, құтты мекеннің экономикалық даму көшінен қалыспай, күн санап алға адымдап келе жатқаны, әлеуметтік салада игілігі мол істердің ортасына айналуы қашан да халықшыл тұлға Бердібек Сапарбаевтың есімімен тікелей байланыстырылады. Биыл өңірге сапарында Ақтөбенің шырайлы көркін, өңірлік жаңғырудағы жетістіктерін, экономикалық көрсеткіштерін көзімен көріп, көңіл тойдырған Үкімет басшысының әзіл-шыны аралас: «Сапарбаевтың санын көбейту керек», деуінің сырына үңілсек, «осындай халықпен біте қайнасқан іскер басшылардың қатары неғұрлым көп болса, өңірлер де өркендеп-өсе берер еді» деген шынайы тілекті аңғарар едік. Екінші жағынан, өңірдегі елеулі өзгерістерге көңілі толған Б.Сағынтаев аймақты гүлдендіріп, шаруаны дөңгелетіп отырған басшыға деген ризашылығын осылай білдірген еді. Соңғы уақытта әкімнің басшылығымен аймақта атқарылып жатқан баянды істер, жүйелі жұмыстар Елбасы Жолдауында айқындалған міндеттердің іс жүзінде тиянақтылықпен орындалып жатқандығының жарқын көрінісі болып отыр.
Атап өту қажет, өзге өңірлермен салыстырғанда, Ақтөбенің тұтастай еліміздің жалпы өніміне қосатын үлесі жоғары. Бүгінде осы үлестің деңгейін одан әрі көтеру қажеттігі туындап, бұл үшін Елбасы шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесін елу пайызға жеткізу міндетін қойғаны мәлім. Бұл тапсырманы орындауға аймақтың әлеуеті де, мүмкіндіктері де жетеді. Осы жылы толыққанды жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 52,4 мың бірлікке жеткізу, оларда жұмыс істейтін азаматтар санын 132 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлік секторында 750 миллиард теңгеге өндіріс көлемін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылданды.

Бүгінде облыс өңдеуші өнеркәсіп саласында жетекші орынға шығып, мұндағы позициясын тағы бір нығайтты. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың қорытындысында облыстың өнеркәсіп өндірісі саласында нақты көлем индексі 100,2 пайызға жетіп, ақшалай алғанда 1,2 триллион теңгеден асқан болатын. Экономиканы әртараптандыру және индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру облыстың өңдеуші өнеркәсіп саласында республикамыз бойынша бірінші орынды иеленуіне жол ашты. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өндіріс көлемін ұлғайту және Ақтөбе рельс арқалығы зауытының қарқынды дамуы ықпал еткен. Бұл саладағы оң нәтижелер сондай-ақ биылғы жылдың алғашқы тоқсанында да байқалды. Үш ай ішінде өнеркәсіптің нақты көлем индексі 105,1 пайызды құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға артық. Сондай-ақ 350,4 миллиард теңгеден астам қаржының өнімдері өндірілсе, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 86,9 миллиард теңгеге артық. Осы орайда мамандар биылғы жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 триллион теңгеге өсетінін болжап отыр.
Аймақ экономикасында өнеркәсіпті өркен­детуге жетекші орын берілгенімен, дамудың жо­ғары деңгейінен агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы өндірісі де тыс қалып жатқан жоқ. Бұл ретте алдымен ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының деңгейін көтеру мен қайта өңдеу өндірісі нысандарын дамытуға көңіл бөлінген. Ол үшін қабылданған ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың кең ауқымды бағдарламасына сәйкес, облыста бал арасын өсіру, ешкі сүті мен бөдене жұмыртқасын өндіруді өнеркәсіптік жолға қою, балық өңдеп, оны қалбырлап шығару секілді дәстүрлі емес шаруашылықтарды игеру қолға алынды. Соның нәтижесінде өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері бұрын шұғылданып көрмеген тың кәсіпке бет алып, әртараптандыру үрдістеріне толықтай бой үйрете бастады. Аграр­лық секторды әртараптандыру жөнінде атқарылған жұмыстар қазірдің өзінде нақты нәтижелер беруде. Ауыл шаруа­шылығын кеңінен дамытуға баса көңіл бөлумен, бұл бағыттағы өңдеуші кәсіпорындар үлесін арттыру мәселесі де ерекше назарға алынып отыр. Тиісінше, оған мемлекеттік қолдау көрсету жайы да жаңа деңгейге шықты. Ауыл шаруашылығы кооперативтері ісін жандандыру күн тәртібіне берік қойылды. Елбасы тапсырмасын орындауда өңірде ауылшаруашылық кооперациясын құру ісі белсенді жүзеге асырылуда. Қазірде облыста 3500 шаруа қожалығы 187 ауылшаруашылық кооперативіне біріктірілді. Сондай-ақ 911 шаруашылық пен аула ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерімен айналысады. Олар қазірдің өзінде 690 тонна ет, 1660 тонна сүт, 22 тонна көкөніс, сондай-ақ ауыл шаруашылығының таңсық түрлерінің 170 тонна өнімін – бал, ешкі сүті, қоян еті және басқа да өнімдер өндіруде. Ет-сүт өндіру бағытындағы 114 кооперативтің жартысынан көбі құрал-жабдықтармен және техникалармен жабдықталған. Қалған кооперативтер қажетті техникаларға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша иеленуде. Бұл орталықтандырылған шикізатты сапалы түрде жинау жүйесін реттеуге және оны өңдеу кәсіпорындарына жеткізуге мүмкіндік береді. Ауылшаруашылық кооперативтерін қолдау шараларының ықпалдылығы өндірілетін өнім көлемін арттыруда, бұл істі әрі қарай өрістетуде көрінері анық. Ағымдағы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген 2,3 миллиард теңгеге кооперативтер қажетті техника, құрал-жабдықтар, сонымен қатар ет-сүт өндіру бағытындағы асыл тұқымды малдарды сатып алады.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде атқарылатын іргелі істер қатарында саладағы өсімнің негізін – жер ресурстарын тиімді пайдалану, суармалы алқаптардың көлемін арттыру, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту құрамақ. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 21,5 мың гектардан астам қолданыстағы суармалы жерлердің аумағын одан әрі ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Суармалы жерлердің кем дегенде 70 мың гектары тиімді айналымда болуы халықты жергілікті өндірілген көкөністермен толыққанды қамтамасыз етуге және экспортқа шығаратын көкөністерді өсіруге, сондай-ақ мал азығын қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Елбасының Үшінші жаңғыруды жариялаған Жолдауында көрсетілген­дей, аймақта мемле­кеттік-жекешелік әріптестіктің аясын кеңейту бағытында көптеген жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жағынан облыс республика өңірлері арасында алдыңғы орында тұр. Биыл облыста екіжақты әріптестікті жүйелі жолға қою үшін тартылған инвестиция көлемі 28 миллиард теңгені құраған. Мемлекеттік мүлікті сенімді түрде басқаруға берілген нысандар арасында әлеуметтік инфрақұрылымдар жүйесін дамытуға басымдық берілген. Сөйтіп, ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында 38 жоба жүзеге аспақ. Қазірде облыста осы бағыт­тағы қосымша медициналық нысандар құры­лыстары бой көтеруде.
Мемлекет басшысының экономиканы жедел технологиялық жаңғырту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында биылдың бірінші жартыжылдығында өңірде жалпы сомасы 6 миллиард теңгеге 10 кәсіпорын жаңғыртылған. Олардың қатарында «Восход-Oriel» ЖШС, «КМК Мұнай» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Энергосистема» ЖШС, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ, тағы басқалары бар. Өндіріс орындарын жаңғырту еңбек өнімділігін 9 пайызға, яғни 9 АҚШ долларынан 9,8 АҚШ долларына дейін арттыруға, жарақат алу қаупін 5 пайызға төмендетуге, өндірудің өзіндік құнын түсіріп, өнімді қайта өндіруді 2 пайызға азайтуға, сонымен қатар, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Бұған қоса ешбір жұмыс орны қысқартылған жоқ. Осы жылдың соңына дейін тағы да шамамен 10 кәсіпорын жаңғыртылмақ. Жалпы алғанда, жақын арадағы бес жылда облыстағы кәсіпорындарды жалпы құны 400 миллиард теңгеге жаңғырту жоспарлануда. Осы ауқымда кен игеру, металлургия, химия өнеркәсіптері, машина жасау саласы кәсіпорындары қамтылмақ. Өндіріс орындарын жаңғырту өнімді неғұрлым бәсекеге қабілетті етуге және әлемдік нарықта экспортқа бағдарлануға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда әлемнің 50 еліне жеткізілетін ақтөбелік өнімнің экспортын 3,2 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру жоспарда бар.
Бұдан өзге, өңірдегі «Қазхром», «Ақтөбе рельс арқауы зауыты», «АМК» секілді ірі кәсіпорындарда 4.0 индустрияландырудың элементтерін енгізу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін шығарылатын өнім қосымша артып, өндірістік-басқару технологиясы жаңа деңгейге көтерілетін болады. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары жаңа технологиялар мен инновациялардың енгізілуін бақылап, ғылыми ортамен тығыз байланыста болғанда ғана бәсекеге қабілетті өнім шығару межесі жақындай түспек.
Қазірде алға биік мақсат, өрелі міндеттер қойып, адымын асқақтата түскен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы елеулі жетістік­тер жиынтығын қамтып отыр. Өткен сегіз айда аймақта экономика өсімі 4,5 пайызды құрап, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалған. Мәселен, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 4,9 пайызға, ауыл шаруашылығы жалпы өнімі – 2,7 пайызға, бөлшек сауда айналымы – 7,4 пайызға, негізгі капиталдың инвестициясы – 30,4 пайызға артқан. Сол сияқты, құрылыс жұмыстары – 11,9 пайызға артып, шамамен 338 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Осылайша, жыл соңына дейін экономика өсімінің тұрақтылығын сақтаумен облыс еліміздің үздік өңірлерінің бестігіне кіреді. Бұл өз кезегінде елдегі жалпы ішкі және жалпы өңірлік өнімнің ұлғаюына әсер етеді. Бүгінде облыс мемлекет бюджетін басқалардан көбірек толтыратын бес аймақтың қатарында тұр. Биылдың бірінші жартыжылдығында өңір тұрғындарының қазынаға түсірген төлемі айтарлықтай қомақты болды. Мемлекеттік қазынаның барлық салық түсімдерінің 60 пайызы бес аймақтың үлесіне тисе, соның 164,7 миллиард теңгесі Ақтөбе облысынан түскен.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X