Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Аграрлық ғылым және технологиялық жаңғыру

23 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық университетінде үкімет басшысының орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен аграрлық ғылымның дамуы және саланы технологиялық жаңғырту міндеттеріне арналған кеңес өтті.

Ғалымдар, «Атамекен» ҰКП өкілдері, республикалық аграрлық оқу орындарының жетекшілері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен бизнес қауымдастық өкілдері бас қосып, алғаш рет диалогтық форматта өткен жиында бүгінгі таңда аграрлық ғылым әлеуетінің төмендігі, ауыл шаруашылығы өндірісінде озық технологиялар мен инновациялардың үлесі мардымсыз екендігі айтылып, қалыптасқан жағдайды түбегейлі жақсарту жолдары талқыланды.
Ғылым деңгейінің төмендеуі себептерінің қатарында ғалымдар­дың басқа салаларға көптеп кетуі, мамандар жасының ұлғаюы, біліктіліктің төмендеуі, жас­тарды ғылымға тарту үшін ынталандыру шараларының қарастырылмағандығы атал­ды. Мысалы, соңғы 10 жылда ауыл шаруа­­шылығы ғылы­мымен айналысатын м­мандардың саны 8%-ға төмендеген, ғылыми дәрежесі бар ғалым­дардың орташа жасы – 57, бас ғылыми қызметкерлер – 65, жетекші және аға ғылы­ми қызметкерлер – 54, кіші ғылыми қызмет­керлер – 30 жас болып табылады. Зейнеткерлік жасындағы ғалымдар 15% құрап отыр. Жыл сайын біршама қаражат бөлінсе де, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының нақты өлшемдері анықтал­маған, ғылыми зерттеулерді енгізу деңгейі төмен деп айтуға болады. Соңғы 10 жылда ғылыми зерттеулерге бюджеттен 50 млрд теңге бөлінген болса, енгізілген ғылыми зерттеулердің саны 262-ні ғана құрап отыр.
Экономиканың басқа секторымен салыс­тыр­ғанда, ауыл шаруашылығында ғалымдар­дың орташа жалақы мөлшері біршама төмен. Халықаралық тәжірибеге көз салсақ, бизнес қауымдастық өкілдері тарапынан ғылымды қаржыландыру үлесі Люксембургте – 80%, Жапония мен Германияда – 70%, в Финляндия, Швеция, Қытай және АҚШ-та – 65%, Францияда – 54%. Ал біздің елімізде бұл көр­сет­кіш небәрі 5% болып отыр. Осы орайда А.Мырзахметов ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелі шаруашылықтардың үле­сінде 159 мың га жер бар екенін, сол жерлер тиімді пайдаланылса, мемлекеттік бюд­жетті есептемегенде қосымша 10 млрд теңге көлемінде табыс табуға болатынын айтып өтті.
Қай салада болмасын істің алға басуы – білікті мамандарға байланысты. Қазіргі таңда ауылда маман тапшы. Жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен бітірген түлектердің 50% ғана ауылды жерлерде жұмыс жасайды. Инновациялық технологияларға иек артқан бүгінгі өндірісте ойы жүйрік, заман талабына сай бірнеше тілді меңгерген мамандарға сұраныс жоғары.
Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Болашақ» бағдарламасы арқылы тек 70 жас маман білім алып, біліктілігін арттырған екен.
Жиынды қорытындылай келіп, премьер-­минис­трдің орынбасары – ауыл шаруа­шы­лығы министрі А.Мырзахметов: «Біздің ал­ды­мызда нақты мақсат бар. Меніңше, ғы­лы­мның, оның ішінде агроғылымның дамуына кедергі келтіріп отырған бірден-бір жайт – ол мәселені шешудегі жүйесіздік. Аграрлық ғылымды дамыту үшін, біріншіден, ғылыми зерттеу институтта­рының кадрлық саясатын жаңарту керек. Екіншіден, қаржыландырудың басқа көздері арқылы жаңа өндіру тетіктерін жетілдіру қажет. Үшіншіден – зерттеу инсти­тут­тарын жаңалау. Төртіншіден – өндіріс­те сұранысқа ие ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстарға нақты бағалау жүйесін енгізу. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, «Ұлттық ғылыми-білім беру ор­талығы» КеАҚ жүйесін жаңғыртуды мақ­сат­ты түрде жүргізу керек», – деп түйіндеді.
Осы ретте Жол картасын іске асыру ба­ғытында кадр саясаты жүйесін жетілдіру мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлауды және ғалымдардың әлемнің жетекші университеттерінде тәжірибеден өту жүйесін жетілдіру туралы тапсырма берілді.
Кеңестен кейін А.Мырзахметов Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасында ғы­лым мен білім және өндірістің өзара әрекет алаңы ретінде 2016 жылы құрылған Агротех­нологиялық хаб жұмысымен танысты.
Агрохабтың құрамына Қазақ-Жапон ин­нова­циялық орталығы, Су, Агроинженерлік мәселелер және энергия үнемдеу, Қазақ-Корей, Тұрақты егін шаруашылығы, Азық-түлік технологиясы және сапа орталықтары, Инновациялық жылыжай, «Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы кіреді. Хаб университеттің діңгегі бола отырып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі көмегімен қысқа мерзім аралығында агробизнеске инновациялық идеялар мен технологияларды, стартап-жобаларды тартуы тиіс. Сол арқылы жалпы рес­пуб­ликаның ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болады. «Бүгінгі күнгі табысты жұмысымыздың бірі Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі АӨК саласындағы Агрохаб болып табылады, – деп атап өтті осы орайда А.Мырзахметов. – Трансфертті технологиялар жобаларын дамыту АӨК үшін маңызды. Бүгін Агрохабтың нақты әдістемесі жасалып, мықты ұжым қалыптасқаның, американдық жетекші ақпа­рат және технология орталықтарымен қарым-қатынас жолға қойылғандығын көріп отырмыз».
Орын алған түйткілді жәйттер мен оларды шешу жолдары кеңесіп, келісілген жиын барысы көрсеткендей, ауыл шаруашылғы министрлігі ғылым мен өндірісті байланыстыра жұмыс істеуді қолға алғандығын атап өткен жөн. Бұл алдағы уақытта өндіріске шар­уалар үшін аз шығынмен инновациялық тех­нологиялар енгізетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатарын 10% дан 25%-ға көбейтуге мүмкіндік береді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X