Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

МАҚСАТ – ҚАЗАҚСТАНДЫ ГҮЛДЕНДІРУ

Гүл өсірсең терлеп…

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Басши ауылдық округіне қарасты Нұрым ауылында әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына байланысты «Әуезов бағының» ашылу салтанаты өтті.

Шара алдымен Басши ауылындағы орта мектептен басталды. «Туған табиғатты аялайық» деген тақырыпта өткен жиынды «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің директоры Батима Қабдолданова жүргізіп отырды. Ол Қазақстан жерінің 4-ақ пайызы орман екендігін ескерсек, әрбір ауыл, қала көшелері мен ондағы түрлі мекемелердің, сондай-ақ тұрғын үй аулаларының айналасына қарқынды түрде жыл сайын ағаш отырғызу арқылы оның үлесін арттыруға болатындығын атап өтті. Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты ақын Бауыржан Жақып өзінің әуезовтанушы екендігін атап өтіп, екі жыр кітабын мектеп директоры Жанар Қожахметоваға табыстады. Сонымен қатар Аралтөбе орта мектебінің директоры Серік Қожаханов ауылда көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Одан кейін журналистер қауымы «Батыр Ана» саябағында болды. Қаламгерлерге бақтағы ағаштар мен жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Гөзел Құлжабаева таныстырды. Ол жалғыз Алматы облысында ғана емес, республикамыздың бүкіл аумағында әрбір адам анасына арнап ағаш ексе нұр үстіне нұр болатындығын, ал қалталы азаматтар өз өңірінде Батыр Аналарға арнап бақ ашса деген тілегін білдірді.
Шараның бастысы болып саналатын «Әуезов бағының» ашылу салтанатында заңғар жазушының немересі Зифа-Алуа Әуезова сөз алып, бұл игі істің бастамашысы болған «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының және «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Гөзел Құлжабаеваға алғысын жаудырып, өзінің жүрекжарды лебізін білдір­ді. Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты ақын Бауыржан Жақып аталмыш жасыл желекті елге айналдыру Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салған сара жолы екендігін тілге тиек ете келіп, заңғар жазушыға арнап өзінің «Қоңыр» өлеңін оқып берді. Саябақтың ашылу ленталарын З.Әуезова мен Б.Жақып қиды. Бақ ішінде 120 ағашты зиялы қауым өкілдерімен қоса журналистер қауымы мен ауылдың ұстаздары мен оқушылары екті.
Елбасымыздың өзі мемлекетімізді жасыл желекті елге айналдыру керектігін айтқан болатын. Осы жұмыстар бойынша еліміздің бас шаһары Астана қаласы мен оның төңірегіндегі аймақтарда жоспар бойынша 2020 жылға дейін орманның көлемі 100 мың гектарға дейін ұл­ғайту жоспарда тұр. Осылайша ол Бурабайдағы табиғи орманға қосылуы тиіс. Мемлекет басшысының бұл игі ісін жалғаушылар елімізде баршылық. Солардың бірі де, бірегейі де – Батима Қабдолданова мен Гөзел Құлжабаева. Осындай азаматтарымыз Алматы төңірегінде емес, бүкіл Қазақстанның 14 облысынан табылса құба құп болар еді.
Алматы облысындай ғана жерді алып жатқан, Қазақстаннан жер көлемі 11 есе кіші Ұлыбританияда қазір 6000-дай бақ бар екен. Ал Ұлыбритания елі төрт елдің, яғни Англия, Шотландия, Уэльс, Солтүстік Ирландия елдерінің қосындысынан тұратыны әрі жерінің біразын арал алып жатқаны белгілі. 65 миллионға жуық халқы бола тұра жазық дала тауып, ағашты егуді жолға қойғанына таң қалмауға бола ма?! Сондықтан да жері шөл мен шөлейт аймағына айналып бара жатқан Қазақстан үшін тал-теректерімізді жай­қалтудың маңызы зор. Бұл орайда «Жасыл ел» бағдарламасының жасайтын жұмыстары да ауқымды болатыны ақиқат.
Қасиетті Құранның хадисінде «ақыр­заман бола қалған күннің өзінде бір ағаш егіп үлгер» дейтін сөз бар екен. Ал, өсімдіктерді күтіп-бағатын баланың болашағынан да көп үміт күтуге болады. Өйткені, ел ертеңінің жарқын боларына сенетін ұрпақ қана әрдайым өнегелі істі жалғастыра алады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X