Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Талдықорғандағы сән көрсетілімі

Талдықорған қаласында FASHION DAY өтті. Облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылған сарыала күздегі осынау көркем шара аясында қазақстандық танымал дизайнер Айгүл Қасымова жеке киім топтамасын ұсынды.

Облыстық Іскер әйелдер кеңесі, Koktem Grand қонақ үй кешені және LIFE TDK журналының бастамасымен өткен шара барысында іскер әйелдер, басшы ханымдар, сондай-ақ сәнқой қыз-келіншектерге арналған киім үлгілері көрсетілді.
– Бұл – Талдықорған қаласына алғаш келуім. Қыз-келіншектердің назарына 2017-2018 жылдың күз және қыс мерзімдеріне арналған маусымдық киімдерді ұсындық. Топтама әйелдер қауымының көңілінен шыққанына өте қуаныштымын. Біз үшін сапа мен бірегейлікті үйлестіру маңызды, – деп атап өтті он жылдан астам уақыт осы салада еңбек етіп келе жатқан Айгүл Қасымова.
Өз кәсібін кішігірім ательеден бастап, бүгінде сән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, аты танымал дизайнерге айналған Айгүл Қасымованың табыс құпиясы – көптеген жас дизайнерлер мен кәсіпкерлер үшін үлгі-өнеге. 2006 жылдан прет-а-порте топтамасын ұсынған дизайнер Kazakhstan Fashion Week және Mercedes Benz Fashion Week Almaty шараларының тұрақты қатысушысы болып табылады. Оның қолынан шыққан киім үлгілерінің арнайы көрсетілімдері Франция, Испания, Ресей және Түркіменстан елдерінде өтті.
Облыстық Іскер әйелдер кеңесі­нің төрайымы Римма Салықова атап өткендей, әйел кәсіпкерлер үшін ұйымдастырылған осынау шара­ның мән-маңызы зор. Бұл оған қаты­су­шылардың өзара тәжірибе алмасып, іскерлік байланыстар орнатуына және қала жұртшылығының жаңа киім үлгілерімен танысып, топтаманы тамашалауына мүмкіндік береді. Fashion day іскерлік келбетті құру мен қалыптастыруға, сонымен қатар эстетикалық талғамды дамытуға көмектеседі.
Шараға қатысқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өз сөзінде іскерлік қоғамдастық және сән мен дизайн саласының өкілдері үшін FASHION DAY айрық­ша мәнге ие екенін атап өтті.
Көрсетілім аясында сәнқойлық, сән және қала өмірі туралы баяндайтын LIFE TDK журналының таныс­ты­рылымы өтті. «Біздің журналдан сіз өзіңізге қажетті барлық дүниені, жеке өсу мен бизнеске арналған мәліметті таба аласыз. Оның беттерінде спорт және сән салаларындағы қызықты шаралармен, табысты бизнесті құру құпияларымен бөлісіп отырамыз», – дейді журналдың бас редакторы Айжан Зәкірова.
Шара барысында шоу-рум ұйым­дас­­ты­рылып, «Айгүл Қасымова» жә­не Кhalifa Collection брендтерінің киім­дері сатылымға шығарылды.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X