Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

ЕҢБЕК ЕРІНІҢ ЕСІМІ

Қазақ ұлттық энциклопедиясына неліктен енбей қалды екен?

Еліміз егемендік алған тұста қасымызда күнде көріп жүрген әріптестеріміздің ішінде дараланып жаңа қырынан көріне бастағандарын байқай бастадық. Сол бұрынғы санамызды улаған кеңестік құрсаудың шырмауынан әлі шыға алмай дүдамал күй кешіп жүрген біздерге бұл өзі әуелде тосын жайттай болып көрінгені де рас. Көп кешікпей, осындай өзіне өзі сенімсіздеу күй кешіп әліптің артын бағып жүргендерге батылдық танытып, жол көрсетіп, үлгі болып жігерлендіретін көш бастаушы тұлғалардың қалыптасу кезеңдері әр дәуірде болғаны, бола да беретініне көзіміз жетті, сеніміміз нығайды. Әр заманда да дара тұлғалардың іскерлік қабілеті халықтың игілігіне айналып, тілектестердің көзайымы болған. Олардың бағасын халық беріп отырған.

«Жақсының артында ісі қалады» деп бекер айтылмаса керек. Осындай артында жақсы істер қалдырған, атаның іскерлік қабылетін бойына сіңірген өнегелі ұрпақ өсірген Жамбыл облысының Талас ауданының Үшарал ауылында 1921 жылы желтоқсанның 7-де дүниеге келген соғыс және еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев. Сол Әбдір ағамыз дүниеге келген Талас ауданынан 59 Социалистік Еңбек Ері, 2 Кеңестер Одағының Батыры шыққан екен. Қазақ Кеңес энциклопедиясының 9-шы нөмірінің 608-ші бетінде «Қазақстан совхоз өндірісі ардагерлерінің бірі, Социалистік Еңбек Ері, Қаз КСР-нің мал шаруашылығына еңбегі сіңген шебері, 1948 жылдан СОКП мүшесі, еңбек жолын мал бағудан бастаған, 1941-43 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан, 1943-57 жылдары «Талас» қаракөл совхозында шопан, зоотехник, ферма меңгерушісі, 1954-56 жылдары Қапланбек техникумының жанындағы ферма меңгерушілері мен совхоз директорларын даярлайтын екі жылдық мектептің тыңдаушысы болып, агроном мамандығын алған, 1956 жылы Талас асыл тұқымды қой заводында ферма меңгерушісі,1957 жылдан осы заводтың директоры қызметін атқарады. Социалистік жарыста қол жеткен табыстары үшін совхозға СОКП ОК мен КСРО Министрлер Советі, ВЦСПС-тің Ескерткіш Қызыл туы тапсырылды.VІ сайланған КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, СОКП ХХІІ съезіне делегат, онда СОКП Орталық Тексеру комиссиясының мүшелігіне сайланды. Қазақстан Компартиясы 11-14 съездерінің делегаты, 3 рет Ленин орденімен, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдарымен наградталған» деп еңбек жолы, жеткен жетістіктері мен алған марапаттары қысқаша баяндалған.

Кезінде осы Талас өңіріне аса танымал Жақсыбек Шалқарбеков, БақбиллаҮкашев атты ұстаздарымыз әрі әріптестеріміз Әбдір ағамыздың батылдығын, қайраткерлігін, халқына сіңірген ұшан-теңіз еңбектерін, өнегелі істерін жыр ғып айтатын. Өзі басқарған шаруашылықта қалалық өмірдегі барлық жағдайды жасап «Қызылқұмның ішіндегі Швейцария» деген аңызға айналдырғанын, 1969 жылы қалың қардан ешқандай техника жүре алмай қалғанда сол маңайда орналасқан әскери бөлімдердің басшыларымен тікелей байланыс жасап, қуатты әскери техникалармен жол ашып, жем-шөп жеткізіп, қатты қыста өзі басқаратын шаруашылықты ғана емес, бүкіл ауданды, жапсарлас жатқан Мойынқұм, Сарысу аудандарының да шаруа­шылықтарын жұттан аман алып қалды деп отыратын. Әбдір ағамыздың Қазақстанда ғана емес, СОКП Орталық Комитетінде сөзі өтетін беделді тұлға болғанын жоғарыда келтірілген деректер айғақтай түседі. Ол кісіге деген қызығушылығымыз артып, бір көріп кездесер ме еді деп те жүретінбіз.
Ол кезде Алматы халық шаруашылығы инс­­титутында жылдағы дәстүр бойынша оқу басталғанда бір айға күзгі ауыл шаруашылығы жиын-терін жұмыстарына көмектесуге жіберетін. Жол жөнекей автобустың ішінде, барған жерде жаңадан келген әріптестерімізбен танысып, білісіп қайтқанша етене бауыр басып қала­тынбыз. Солардың ішінде талдырмаш, ұзын бойлы, үнемі жымиып күліп жүретін, алғашқы сөзін «аға, ағай» деп бастайтын бір жас жігіт өзіне бізді баурап алды. Сұраса келе 1985 жылы С.М.Киров атындағы КазГУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітіріп, саяси экономика кафедрасына жолдамамен келіп, оқытушылық қызметке қабылданған Бақытжан Сағынтаев екенін білдік. Сол алғашқы келген күннен бастап өзінің кішіпейілдігімен, белсенділігімен, еңбекқорлығымен, алғырлы­ғы­мен көзге түсіп даралана бастады. Көп ұзамай аспирантураға түсіп, ғылыми еңбегін қорғап та үлгерді. Еліміз егемендік алып нарықтық қатынасқа бет бұрған тұста, жоғары­да айтқанымыздай біз үрке қарап жүргеніміз­де, дараланып жаңа қырынан көрінген әріп­тестеріміздің алдыңғы легінде Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев та болды. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, іле-шала Бақытжан Әбдірұлының іскерлік қабылетін байқағандар өздерінің қатарына тартып, еңбек жолы сатылап өсіп, тұлғалық бейнесі сомдалып, көпшіліктің назарын аудара бастады. Содан бері сатылап өсіп қай салада, лауазымда жұмыс істесе де өзінің іскерлігімен биік деңгейден көрініп жүрген Бақытжан Әбдірұлына, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Үкіметті басқаруды сеніп тапсыруы, оны халықтың, Парламенттің қолдауы көп нәрсені аңғартса керек. Осының бәрі, атаның күшімен, ананың сүтімен дарыған тәрбиенің, үлгі-өнегінің, еңбектің, бойына сіңірген адами қасиеттің нәтижесінде келді. «Ауыз – дарбаза» дегендей, бәрі де әкесінің арқасы ғой дейтіндер табылатын шығар, бірақ, менің білуімше Әбдір ағамыз тіпті Бақытжан университетті бітірмей тұрып дүниеден озған еді…
Кешегі кер заманда ұлтының Туын қисайтпай тік ұстап абыройын асқақтатқан, дара тұлғаға айналған ұрпақ қалдырған Әбдір Сағынтаев ағамыздың шынында да жөні бөлек. Тек бір қызығы – Тәуелсіз Қазақстанның Қазақ Ұлттық энциклопедиясына Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтың есімі енбей қалғаны. Одан да қызығы, Қазақ кеңес энциклопедиясына енген тұлғалар да және энциклопедияның 608-ші бетінде суреті қатар тұрған кісілер Қазақ Ұлттық энциклопедиясында бар да, Әбдір Сағынтаев жоқ! Тіпті Жамбыл облысының «Тараз» энциклопедиясында енбеген! Кешегі тілімізді, ділімізді, дінімізді жоюды мақсат тұтқан заманда өзінің жанын аямай қан майданда шайқасқан, бейбіт заманда елді ерен еңбегімен тәнті етіп, ұлттың рухын байрақ еткен Әбдір Сағынтаевқа көрсетілген бұл қандай құрмет?! Елім деп, жерім деп тер төккен ер-азаматтардың өнегелі істерін Егеменді еліміздің өткені мен болашағын таразылайтын өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, кеңінен таныстыру бүгінгі біздің буынның парызы емес пе? Менің қолыма қалам алдырған да осынау түйткілді жайттар еді. Төрелігін оқырман өзі айтар деген ойдамын.

Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«есеп және аудит» кафедрасының доценті,
экономика ғылымдарының кандидаты


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X