Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Шешімдер заңнамалық деңгейге шығады

Елімізде бизнестің тынысын кеңейту мақсатында жылдан-жылға жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бизнес қатынастарын реттеу үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып, Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бірлескен тиімді іс-қимылдарды ұдайы жалғастыруда. Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауының бірегей мысалы – кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс тексерулерді азайтуы еді.
Жуырда «Атамекен» ұлттық палатасында Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру туралы заң жобасы таныстырылды.

Жиынға «Атамекен» ұлттық палатасы басқарма төраға­сының орынбасары Рустам Жүрсінов, ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин, Қазақстан кәсіпкерлері форумы атқарушы директорының орынбасары Гүлнар Қуанғанова, жобаны әзірлеу бойынша сараптамалық топтың өкілі Гүлнар Кұрбанбаева, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері мен салалалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.
Палата төрағасының орынбасары Р.Жүрсінов Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру туралы заң жоба­сының артықшылықтарына, өзгерту енгізілген негізгі бес бағытқа кеңінен тоқталды. Оның атап өтуінше, заң жобасында бизнес үшін жаппай шығындарды азайту және заңнамада бәсекелестікті қиындататын нормативтерді жою, 2020 жылға дейін кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру тұжырымдамасын жүзеге асыру және бизнесті қайта реттеу бойынша шаралар қолдану көзделген. Сондай-ақ, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауды және өңірлер рейтин­гін жүргізуді, Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде позицияларын жақсартуға бағытталған өзгертулер енгізуді қарастырады. Осы аталған бағыттарды жүзеге асыру арқылы кәсіпкерлік қызметті реттеудің барлық аспектілері қамтылмақ.
Өз кезегінде ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин заң жобасы ауқымы мен құрылымының бизнеске қарай бейімделгенін тілге тиек етті.
– Құжат мазмұнындағы бизнеске қатысты өзгертулер Елбасының биыл Қазақстан халқына жасаған Жолдауына сәйкес негізделді. Жаппай тексерулер, ақпараттық құрал­дар, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, реформалар, квази­мемлекеттік және табиғи монополиялар беретін рұқсат қағаз­дардың санын азайту сынды бағыттар ескерілді. Бұл ретте Ұлттық палата мен Ұлттық экономика министрлігі үлкен жұмыстар атқарды. Жалпы заң жобасын әзірлеуде 26 сарапшы жұмыс істеді. Жоба мемлекеттік органдар қарауына жіберілді, – деді ол.
Ал заңнаманың құрылымы жайында Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті дирек­торы­ның орынбасары Асланбек Жақыпов жан-жақты таныстырылым жасады.
Атап айтқанда, заң жобасы ақпараттық құралдар рефор­масын аяқтауға, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды рефор­малауға, рұқсат беру заңнамасына нүктелік өзгертуді енгізуге, өзін-өзі басқару мен Реттеушілік әсерді талдау институты дамуына жол ашатын нормаларды жетілдіруге, бизнестің жаппай шығындарын азайту, оның ішінде бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға бағытталған.
Шара барысында кәсіпкерлік қауымдастықтар өкілдері спикерлерге сауалдарын қойып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жобаны әзірлеу бойынша сараптамалық топтың өкілі Г.Құрбанбаева бұл айтылған ұсыныстардың ескерілетінін жеткізді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X