Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Алматытелеком – татулықтың темірқазығы

Тіл – халықтың жаны

«Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясында тіл айлығы аясында Қазақстан халқының тілдері күніне арнап «Қазақстан халықтарының тілдері фестивалі» атты халықтар достығының фестивалін өткізді.

Шараны аталмыш компанияның қызметкерлері Наталья Нұрғалиева мен Ринат Керімқұлов жүргізді. Ашылу салтанатында «Алматытелеком» ӨТД-ның Бас директоры Шерхан Раздықов тіл – халықтың жаны, мемлекеттік тілді әрбір қазақстандық білу керектігін атап өтті. «Қазақтелеком» АҚ инновациялық қызмет түрлерін ұсыну саласын тұрақты түрде кеңейтіп келеді, сонымен қатар еліміздегі инфокоммуникация саласын дамытуға да елеулі үлес қосуда»,-деді. Сондай-ақ, Шерхан Раздықов компания ұсынатын қызметтерді өтініш берген тілде ұсыну басым міндеттердің бірі болып табылатындығын тілге тиек етті.
– Тілдер күні, бұл – Қазақстанның барлық халқы үшін ортақ мереке. Көпұлтты мейрамның негізінде керемет идея жатыр, әрбір тіл – барша адамзаттың рухани мұрасының бір бөлігі, ал мәдениет бұл әлемдік өркениетке баға жетпес үлес, – деді фестивальда сөз сөйлеген «Алматытелеком» ҚТО бас директоры Ш.Раздықов.
Биылғы фестиваль Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай өткізіліп, тіл айлығының тамаша қорытындысына айналды. Шараға Алматы қаласы мен Алматы облысы құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Салтанатты түрде, көркем безендірілген алаңда, филиал қызметкерлері барлығы 10 командаға бөлініп, командалар бекітілген елдердің энергия байланыс пен телекоммуникация салалары бойынша «ЭКСПО-2017» көрмесіне әкелген тың жаңалықтарын көрсетті. Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстан, Ресей, АҚШ, Өзбекстан, Грузия, Франция, Израиль, Африка плаза, Корея, Германия сынды 10 мемлекеттің ұлттық киімдерін киіп, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрлерін де ортаға салып, өз өнерлерін паш етті. Әділқазылар алқасы «Көрме», «Өнер», «Концерттік нөмірі» аталымдары бойынша әр елдің өнеріне бағасын берді.
Фестиваль қорытыңдысы бойынша тіл айлығы аясында өткізілген байқауларда жүлделі орындарға ие болған қызметкерлерді марапаттау шарасы өтті.
Жалпы мұндай шаралар «Алматытелеком» ӨТД-да тұрақты негізде өткізіліп, қызметкерлер арасында мемлекеттік тілді насихаттауға септігін тигізері сөзсіз.
Жалпы, елімізде халыққа қызмет көрсету салаларының ішінде алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді «Алматытелеком» қолға алған болатын. Мемлекеттік, яғни қазақ тілін оқыту сыныбының негізі де 1994 жылы қаланған екен. Жиырма жылдан астам уақыт бойы «Алматытелекомда» жұмыс істейтін өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тіл мен қазақ халқының салт-дәстүрлерін оқып-үйренуде. Бүгінде қаладағы «Алматытелеком» бөлімшелерінде мемлекеттік тілде қызмет көрсету жолға қойылған.
Ш.Раздықов басқарған «Алматытелеком» ҚТО-да расында да ұлттар мен ұлыстар татулығы өріс алып, мемлекеттік тіл тұғырда тұр. «Алматытелеком» атынан Республикалық тіл және өнер фестивальдарына қатысатын өзге ұлт өкілдері үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Республикалық, салалық түрлі байқауларға қатысып, «Алматытелеком» намысын жыртып жүрген байланысшылар басшылық тарапынан марапатталып тұрады. Мемлекеттік тіл мен халықтар достығын ұлықтаған фестиваль жоғарғы деңгейде, мерекелік жағдайда өтті.
Сөз жоқ, алып шаһардағы Алматытелеком – әртүрлі ұлт өкілдері еңбек ететін көп ұлтты шағын мемлекет іспетті. Мұнда қазақтар, орыстар, ұйғырлар, өзбектер, корейлер, украиндар, дүнгендер және тағы басқа ұлт өкілдері қоян-қолтық араласып, тату тәтті еңбек етіп, қала халқына байланыс қызметін ұсынып келеді. Бұл мекеме – әртүрлі ұлт өкілдерінің ынтымағы жарасқан, татулық пен береке-бірлік ұялаған ұжым.

Салтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X