Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

ТАБЫСТЫ ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Аспаннан алтын жауған күн

Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласында жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимараттағы V Азия ойындары өз мәресіне жетті. Ұлттық Олимпиада комитетіне мүше 62 ел қатысып жатқан дүбірлі додаға еліміздің атынан 181 спортшы 16 спорт түрі бойынша намысын қорғады.

Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан қоржынына 3 қола жүлде түсті. Осылайша алғашқы күнде жалпы есепте еліміз 11-орында келеді. Джи-джитсудан Жанболат Закарин 69 келіде, Нұрлан Есполов 77 келіде, Қуандық Есенеев 85 келіде жүлдеге ілікті. Ал алаң қожайындары түрікмен спортшылары болса өз жерінде өтіп жатқан байрақты додада бірден алға суырылып шықты. Жергілікті атлеттер 16 алтын, 14 күміс, 7 қола медаль еншілеп көш бастаған болатын.
Бұдан кейін намысқа басқан спортшылар 3 алтын, 3 күміс, 4 қола медальды олжалады. Желден жүйрік желаяқ жеңіл атлеттеріміз 3 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде еншіледі. Әйелдер арасында 60 метрге спринтерлік жүгіруде Виктория Зябкина 7,32 секундтық нәтижемен алтыннан алқа тақты. Бұл қашықтыққа сынға түскен басқа отандасымыз Ольга Сафронова (7,43 секунд) көрсеткішпен қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар әйелдер арасында спринтерлік 400 метрге жүгіру сынында отандасымыз Елена Микина алдына жан салмады. Е.Микина аталмыш қашықтықты 53,37 секундтық нәтижемен жеңімпаз атанды. Ал ерлер арасындағы 400 метрлік спринтерлік жүгіру бәсекесінде Михаил Литвин (46, 51 секунд) үшінші орынды қанағат тұтты. Әйелдер арасында үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова алтын тағынса, сол сайыста қатысқан Мария Овчинникова күміс медальға қанағат тұтты.
Белбеу күресінен сынға түскен Ерсұлтан Мұзаппаров (90 келі) және Перизат Жақыпбекова (70 келі) күмісті, Дидар Сәтбаев (55 келі) қола медальді жеңіп алды. Шығыс жекпе-жегінің біріне саналатын джиу-джитсудан 55 келі салмақта өнер көрсеткен Галина Дуалова қола медальға қол жеткізді.
Дүбірлі доданың қызған әрі бел ортасына келген бесінші күнінде Қазақстан спортшылары сегіз медаль түсті. Атап айтсақ бір алтын, екі күміс және бес қола. Алтын жүлдені – Айдос Құлманбетов (белбеу күресі), күмісті – Перизат Жақыпбекова (белбеу күресі) және Ернар Шымбаев (бильярд) ие болды. Қоланы Бекбол Нұрланұлы, Ерсұлтан Мұзаппаров (екеуі де белбеу күресінен), Намика Нефталиева, Ерқанат Оспан және Алмаз Сәрсенбеков (муай-тай) жеңіп алды.
Жарыстың соңғы күніне жақындаған жетінші күнінде Қазақстан спортшылары тоғыз медаль еншіледі. Оның бесі алтын және төрті қола жүлде. Алтынды Перизат Жақыпбекова (белбеу күресі) иеленді. Осылайша қаршадай ару қызымыз Перизат белбеу күресінен түрікмен бозкілемінен 1 алтын мен 1 күміс жүлдені суырып алды. Жүзуден сынға түскен Әділ Қасқабай, Әсем Садықова (ауыр атлетика), Павел Воржев және Қазақстанның ерлер командасы (велотрек)күміспен күптелді. Қоланы Әлихан Қаранеев (бильярд), Қазақстанның жүзуден ерлер командасы, Сергей Пономарев (велотрек) және Ұлжан Дүйсембаева (белбеу күресі) сыйлады. Жеті күнгі жарыстан кейін Қазақстан 46 медальмен (14 алтын, 12 күміс, 20 қола) жалпы есепте бесінші орында орналасқан болатын.
Әйелдер арасында ауыр атлетикадан 69 келіде сынға түскен Әсем Садықова алтын жүлдені жеңіп алды. Осы салмақта тағы бір спортшымыз Анжела Шалқарова 5-ші орынды қанағат тұтты.
Доданың сегізінші күнінде қазақстандық спортшылар үш медальға қол жеткізді. Алтынды Павел Воржев, күмісті Артем Захаров (екеуі де велотректен), қоланы Әуезхан Құрбанқұлов (белбеу күрестен) иеленді.
Байрақты бәсекеде жергілікті спортшылар медальдар санын 200-ден асырды. Түрікменстан спортшылары 206 медальмен көш бастады. Оның 79-ы алтын, 58-і күміс, 69-ы қола медаль. Ал осы жарыстың тоғызыншы күні екінші орынға Қытай спортшылары жайғасты. Олардың еншісінде 23 алтын, 21 күміс, 17 қола, жалпы 61 медальға қол жеткізді. Үшінші орында 22 алтын, 18 күміс, 49 жалпы 89 медаль иеленген Иран құрамасы орналасты. Төрттікті Қазақстаннан 1 алтын медаль артық алған Өзбекстан спортшылары орналасты. Олар 21 алтын, 28 күміс, 57 қола жалпы 106 медаль жеңіп алды. Ал отандастарымыз әзірге 20 алтын, 18 күміс, 27 қола жалпы 65 медальмен бесінші орынға табан тіреді. Жалпы V Азия ойындарында спортшыларымыз сәтті өнер көрсетті.
Жабық ғимаратта өткен Азия ойындары осымен биыл бесінші рет өткізілді. Алғашқы дода 2005 жылы Бангкокте, 2007 жылы Макаода ІІ, 2009 жылы Ханойда ІІІ Ойындар өткен болатын. 2011 жылы Катар астанасы Дохада IV түрлі себептермен өткізілмеді. Спортшыларымызға әрдайым табыс тілейік, ағайын!

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X