Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

КӨРШІҢМЕН ТАТУ БОЛСАҢ – ҰТЫЛМАЙСЫҢ

Ықпалдастыққа – кең өріс 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік ресми сапармен көршілес Өзбекстан мен Түркіменстан елдерінде болды. Алдымен Ташкент қаласына барып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.

Мемлекет басшысы Өзбекстан президен­тімен бірге Ташкенттегі Төле би мавзолейіне барып, гүл шоқтарын қойды. «Төле би мавзолейі» сәулеттік кешені Ташкент қала­сының ең танымал көрікті жерлерінің бірі саналады. Сәулет ескерткіші ХV ғасырдың бірінші жартыжылдығында салынған. Мавзолейде Төле бидің мүрдесі жерленген. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Өзбекстан халқының жалпыұлттық символы саналатын «Тәуелсіздік және гуманизм» монументіне барды. Ташкенттің Тәуелсіздік ала­ңында тұрғызылған сәулет­тік кешенде Өзбекстан­ның картасы бейнеленген қола глобус пен қолына бала ұстаған ана бейнеленген. Қола глобус 1991 жылы орнатылған болатын. Ал 2005 жылдың желтоқсанында еcкерткішке жаңғырту жұмыстары жүргі­зіліп, «Бақытты ана» мүсінімен толықтырылған. Өзбекстан Президентінің 2006 жылғы қаулысына сәйкес кешенге «Тәуелсіздік және гуманизм» атауы берілген.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын және кеңейтілген құрам­дағы келіссөздерден кейінгі бір­лескен мәлімдеме жасау барысында Мемлекет басшысы Өзбекстан прези­дентімен жиі кездеуіміз страте­гия­лық серіктестігімізді жақын­датқандығын атап өтті. «Мен алдымен Өзбекстан прези­дентіне және барша өзбек хал­қына біздерді ыстық ықыласпен қабылдағаны үшін зор риза­шылығымды біл­діремін. Біздің жоғары дәрежедегі кезде­суіміз игі дәстүрге айналды. Шавкат Мирзиёев президент болып сайланғаннан бері бұл елге ресми сапармен келіп отырған шетел бас­шысының ең біріншісі менмін. Бұл Қазақстан атына көрсетілген үлкен құрмет болып саналады», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы осы жылдың ішінде ғана Өзбек­стан президентімен бесінші рет кездесіп отырған­дығын атап өтті. «Мұның бәрі екі елдің арасындағы қарым-қатынасты, жиналып қалған мәселелерді шешу үшін қажет болды. Бұл біздің стратегиялық серіктестігімізді жақындатты. Сон­дай-ақ елдеріміздің арасын­дағы қарым-қаты­насты дамытуға барынша мән беріліп отыр. Осы күндердің арасында көп мәселе шешілді. Осы сапарды, келіссөздерді де екі елдің арасындағы тарихи күндер деп санаймын», – деді Н.Ә.Назарбаев.
Өзбекстан Президенті Қазақстан Пре­зи­ден­тіне ниеттестігі үшін алғыс айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және өңір­аралық қақ­тығыстарды шешудегі бітім­гер­шілік рөлін ерекше атап өтті. «Сіздің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабыңыз өзбек тіліне аударылды. Мен Сізге сол кітапты ыстық ықыласпен көрсеткім келеді», – деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстан көшбасшысы бұл кітапты 1996 жылы Жизақ облысының хокимі болып тұрғанда оқығанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың кіта­бынан үзінді келтірді. «Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайта­дан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды. Мен өз халқымды сүйемін. Оның мені бала кезімнен сабыр мен парасатқа баулығанын мақтаныш тұтамын. Бейбіт тәсілдерге ғана жүгініп, шиеленіс пен кикілжіңнің ережелеріне мойын ұсынғым келмейтіндігі де сондықтан», – деп Өзбекстан басшысы кітаптан үзінді оқыды. Сонымен қатар Ш.Мирзиёев бұл кітаптың Өзбекстанның Мемлекеттік басқару академиясында оқу үдерісі барысында пайдаланылаты­нын атап өтті.
– Біз үшін Астана – Қазақстан Президентімен байланысты ұғым. Астана – Сіздің Отаныңызға деген сүйіспеншілігіңіздің көрсеткіші. Мен Сізді мақтан тұтамын. Кеше мен Жарлыққа қол қойдым. Соның мәтінін оқып беруді сұраймын, – деді Өзбекстан Президенті.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемдік деңгейдегі көрнекті мемлекет және саяси қайрат­кер, тәуелсіз Қазақстан Республикасының не­гізін қалаушы. Ұлт Көшбасшысының дана бас­шылығымен Қазақстан әлемдік қоғамдастықта лайықты орынға ие болды, бүгінде нарықтық экономикасы қуатты әрі азаматтық қоғамы ашық қарқынды дамыған демократиялық мемлекет болып саналады. Қазақстан Президенті біздің тәуелсіз мемлекеттеріміздің тату көршілік пен өзара түсіністік қарым-қатынастарын қалып­тастырудың бастауында болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлесінің арқасында бауырлас өзбек және қазақ халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік көпірі орнықты. Осы негізде қазіргі уақытта елдеріміздің өзара тиімді және жемісті байланыстары нығайып келеді. Елдеріміз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтып, оны кеңейтуге, сондай-ақ бейбітшілік пен даму жолындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ел юрт хурматы» («Ел-жұрт құрметі») орденімен марапатталсын», – делінген Жарлықта.
Өзбекстан Президенті Қазақстан Президен­тіне табыс етілген марапат өзбек халқының және жеке өзінің Н.Ә.Назарбаевқа деген шынайы ниеті екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевке және барша өзбек халқына аса маңызды марапат үшін шын жүректен алғыс білдірді.
Мемлекет басшысының Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданып, үкіметаралық бірқатар келісімдер мен сауда-экономикалық және мәдени-гума­нитарлық салалардағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев жұмыс сапарымен Түрікменстанға келді. Сапар аясында ол Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов­пен кездесті. Түрік­­менстан Пре­зи­денті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақыруын қабыл алып, қонақжай түрікмен жеріне келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. Түрікменстан көш­басшысы Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» ма­ман­дандырылған көрмесінің жоға­ры деңгейде ұйым­дастырылғаны өзіне ұмы­тыл­мас әсер қалдырғанын ерекше атап өтті.
Қазақстан Президенті жауынгерлік өнер түр­лері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылық білдіріп, осындай іс-шараларды өткізудің маңызды екенін айтты. «Мен Сізді осы Азия ойындарының өтуімен құттықтаймын. Көптеген спорт нысандары салынды, алдағы уақытта олар халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Мұндай іс-шаралар арқылы Түрік­менстанның әлемге танымалдығы арта түседі. Биыл Қазақстан да ауқымды спорт сайысын – 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізді. Жалпы, біздің өңірде ірі халықаралық іс-шараларды өткізу өте маңызды», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы көршілес Түрік­мен­станмен бауырлас қарым-қатынастары­мызды атап өтіп, екіжақты ынтымақтас­тықты одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды. «Сіздің Қа­зақстанға жасаған сапарыңыздан кейін көп нәрсе жасалды, мемлекетаралық комиссия жұмыс жүргізуде. Біздің экономика сала­сын­дағы перспективамыз жақсы деп ойламын. Мен сіздерге Өзбекстаннан келдім, онда мемлекеттік сапармен болдым. Көп мәселе шешімін тапты. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда бірден артқаны байқалады. Биыл ол 35 пайызға өсті. Мен елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар да осылайша кеңейе түседі деп үміттенемін», – деді Елбасы.
Соңында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев Түрікменстан халқына және Тү­рік­­менстан Президентіне, сондай-ақ ойын­дарға қатысуға келген спортшыларға табыс тіледі.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Дәурен
    25.09.2017 at 4:53 pm

    Бұл көршімен барынша жақсы болуымыз керек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X