Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Алдағы асу — цифрлық өркениет

Ұршықтай айналып, дөңгеленген дүние тынысын сезіне білмеген жұрт ілгері озған Уақыт көшінен кешеуілдеп, өнер мен мәдениеттен кенже қалатынын Алаш зиялылары айтып та, жазып та кетті. Ұлт ұлыларының өсиетіне адал Елбасымыздың бүгінгі қам-қарекеті қазақ мемлекетін дамудың алдыңғы шебіне шығаруға, әлемдік өркениетке қосылатын өзіндік үлесімізді еселеуге, рухани кеңістігімізде ғылым мен технология, инновация сынды замана айшықтарының берік орнығуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр десек, артық айтқандық емес.

Бүгінде ақпараттық-коммуникациялық және сандық технологиялар ғаламдық дамудың жолбасшысына айналып отыр. Қиял-ғажайып романдарында суреттелетін заттар интернеті, блокчейн, адамның қатысуынсыз, өздігінен жұмыс істейтін робот-зауыттар, жүргізушісі жоқ «ақылды» көліктер бүгінде ақиқат өмір табалдырығын аттады. Ғылым мен технология саласында күн сайын жамиғатты елең еткізер жаңалықтар ашылып, өндіріс пен күнделікті тұрмыста қолданым табуда. Бұл үдерістерден Қазақ елі де шет қалмауы тиіс.
Елбасымыздың үстіміздегі жылғы Үшінші жаңғыру жөніндегі Жолдауында нақ осы мақсат-мүддені жүзеге асыру жолдары сараланған. Мемлекеттік маңызы зор құжатқа сәйкес елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске қосу межеленген. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамы ұйымдастырған цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық келелі кеңесте нақ осы мәселе күн тәртібінде тұрды. Жиында сөз сөйлеген Елбасымыз «біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір дамыған озық 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі – цифрландыру болып табылады», деп атап өтті.

Біздің елімізде цифрландырудың негізі болып табылатын ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізудің қолға алынғанына біршама уақыт болды. Шикізатқа емес, ғылым-білімге, ақпараттық технологияларға негізделетін экономикалық даму үрдісі қалыптасып отырған қазіргі кезеңде елдің ақпараттық ресурстарын молайту міндеті қойылып, ол өз шешімін тауып келеді. Себебі, ақпараттық ресурстар қоғам дамуы барысында табиғи, қазба байлықтар сияқты ортаймайтын, қайта уақыт өте ұлғайып отыратын, сапалық тұрғыдан жақсарып, өзге ресурстарды тиімді пайдалануға жәрдемдесетін бірден-бір ресурс түрі болып табылады. Қазіргі таңда елімізде ақпараттық қоғамды қалыптастыру және дамыту жолдары нормативтік-құқықтық тұрғыда белгіленген. Қазақстан ғаламдық ақ­параттық қоғамға кірігуге және ғаламдық ақпараттық инфрақұрылымға қосылуға ұмты­лыс танытуда. Мұның өзі республиканың тех­но­логиялық және экономикалық тұрғыдан да­мыған елдердің ат төбеліндей тобына саяси тәуелсіздікті, ұлттық ерекшеліктер мен мәдени дәстүрлерді сақтай отыра қосылуына, дамыған азаматтық қоғамы бар құқықтық мемлекет ретінде әлемдік өркениеттік дамуға үлес қосуына мүмкіндік бермек. Осы мақсатпен 1997 жылғы 9 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының біртұтас ақпараттық кеңістігін қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Мемлекеттік басқаруда, экономикада, мәдениет пен әлеуметтік салада келешегі бар ақпараттық технологияларды, компьютер техникасы мен телекоммуникация құралдарын пайдалануға негізделетін жаңа технологиялық үрдістерді қалыптастыру, ақпарат пен білім нарығын жасау, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық өндірістегі ақпараттық құрылымның рөлін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 16 наурыздағы №573 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық құрылымын қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Кейіннен ол «eGov» жүйесін, атап айтқанда Қазақстанның электронды үкіметін қалыптастыру бағдарламасына ұласып, бүгінде халық игілігіне айналды. Бұл жүйе арқылы құжат ресімдеу, коммуналдық қызмет ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін қашықтан төлеуге болады.
Цифрлы өркениет білім экономикасына негізделеді. Осыған орай қазіргі таңда білімді жетілдіру бүкіл өмір бойғы қажеттілікке, қалыпқа айналғанын, бір кездердегідей «университетті бітірдің – диплом қалтада» деп жүре беретін уақыттың келмеске кеткенін тілге тиек еткен Елбасы қазақстандықтарды заманға бейімделгіш деп есептейтінін білдірді. «Қазақстандықтардың математика мен физикадан мүмкіндіктері жоғары екендігін жиі айтады, оған дәлел көптеген отандастарымыздың халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетуі», деп түйіндеген Президент жоғары білікті маман кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, білім беру саласындағы саясатты қайта қарау қажеттігіне тоқталды. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының негізінде, сондай-ақ инновациялық кластерлер аясында зерделеу орталықтарын дамыту қажет. Жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізуде жетекші рөл атқаратын ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін жандандырған жөн. «Еліміздің қаржы секторы озық технологияларды мейлінше сергек сезінетін сала болғандықтан, цифрландыруға қатысты шешімдерді кеңінен қолдана бастады. Ол алдағы уақытта да осы үдерістің басында болуы керек. «Астана» халықаралық қаржы орталығының алдында жаңа қаржылық технологиялар мен құралдарды дамыту міндеті тұр», деп атап өткен Елбасы бұл мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастырып, нормативтік-құқықтық негізді нығайтуды ұсынды. Толғағы жеткен түйіндерге тоқтала келіп, Нұрсұлтан Назарбаев «Президент жанынан арнайы комиссия құру қажет. Жұмыс органы Премьер-Министр мен оның Кеңсесі болады. Бағдарламаны ескертпелерді қаперге ала отырып соңына дейін аяқтаңдар, оны нақтылаңдар және іске көшіңдер. Жылдың соңына дейін сіздерге уақыт беріледі. Келесі жылдың 1 қаңтарынан жеке өзім ай сайын бақылауға алатын боламын», деп атап өтті. Сондай-ақ Елбасы Еуразиялық экономикалық комиссия аясында арнаулы ұйым құру керектігіне тоқталды.
Жиында елімізде цифрландыру бағытында қолға алынған шаралар туралы хабарлама жасаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі басымдықтарын баяндап өтті. «Бағдарламаны даярлау кезінде Үкімет тарапынан Қазақстан экономикасы үшін цифрлы дәуірдің қамтып отырған жаһандық сын-қатерлері мен мүмкіндіктері ескерілді. Осыған байланысты екі бағыт айқындалды. Біріншіден, цифрландыру үдерісінің тұрақтылығы үшін инновациялық дамудың ұзақ мерзімді институттарын құру болса, екіншіден, нақты сектордағы белгіленген жобалардан тұратын бағдарламаның прагматикалық басталуын қамтамасыз ету көзделген», деп атап өткен Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Үкіметінің тоғыз негізгі салада үдемелі цифрландырудың стратегиясына ерекше мән беріп отырғанына назар аударды. Бұл ретте энергетика мен шикізатқа, агроөнеркәсіптік кешенге, өнеркәсіп, логистика мен ақпараттық технологияларға айрықша мән берілген. Үкімет басшысы «осы арқылы біз алдымызға қойған екі мақсат-міндетті шешеміз. Біріншіден, елдің флагмандық салаларының технологиялық жаңғыруы үшін тың серпін беріледі. Екіншіден, еңбек өнімділігінің ауқымды өсіміне қажетті жағдай қалыптасады. Атап айтқанда, бағдарламаның басты мақсаттары айқындалды. 2025 жылға қарай Қазақстан цифрлы бәсекеге қабілеттіліктің халықаралық рейтингінде 30-шы орынды иеленуі тиіс. Бұл өз кезегінде стратегиялық маңызды көрсеткішке жетуге мүмкіндік береді, яғни жыл сайын экономика өсімінің үштен бірін цифрлы экономиканың есебінен құруға жол ашады», деді. Ал, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөзін «біз қазіргі кезде ауқымды цифрлық өзгерістерге қадам басқалы тұрғанымызға ешкім де күмәнданбайды. Егер де осы үдерістен қалмасақ, онда осындай бағдарламаны қабыл­даған 15 елдің қатарында боламыз. Бұл өз кезегінде мемлекетке қажетті шараларды үйлестіруге, жеке бизнеске көмектесуге, цифрландыру бағытын күшейтуге көмектеседі. Ал цифрландыру қандай нәтиже беретінін өздеріңіз жақсы білесіздер, яғни бұл бағытта ашықтық, барлық шығындарды оңтайландыру, рәсімдерді жеделдету, қауіпсіздік секілді негізгі қажеттіліктер қамтамасыз етіледі. Еліміздің цифрлық саясатын жүзеге асыруға барлық салалар өздерінің үлесін қосатынына сенімдімін», деп түйіндеді.
Цифрландыру – Қазақстан болашағы. Осынау мерейлі міндетті жүзеге асыру үшін инфра­құрылымды жетілдіру, индустрияландыруды жеделету, инновациялық өзгерістерді өмірге шап­шаң енгізу қажет. Еліміздің ғылыми-тех­ни­калық әлеуеті бұл міндеттің үдесінен шығуға мол мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

Жетпісбай Бекболатұлы


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Есжан
    26.09.2017 at 4:50 pm

    Дамыған елдердің қатарына мықтап енігу үшін цифрлы Қазақстан бағдарламасын қабылдау маңызды болып табылады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X