Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

ӘЛЕМДІ ТАМСАНДЫРҒАН КӨРМЕ

ЭКСПО  бізге не берді?

Еліміздің басты қаласы Елордада 3 айға созылған Халықаралық мамандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу барысында көптеген игілікті істер атқарылғаны белгілі. Сонымен қатар ауқымды шара барысында елімізге көптеген шетелдік мамандар келіп, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші мен мәдениетіне оң бағасын берді. Осының өзінен-ақ ЭКСПО көрмесі Қазақстан мемлекетінің қаншалықты дамып, өркендеп келе жатқандығын айшықты түрде дәлелдеп берді.
Аталмыш әлемдік деңгейдегі көрмені өткізу кезінде бір ғана әсем қаламыздың өзінде 47 жаңа мейрамхана ашылды.

Мәселен, 2016 жылы қалада 165 мейрамхана болса, 2017 жылы саны 201-ге жеткен. Бұдан бөлек, 11 көше салынды. Аумағы 44,4 шақырым жол жөнделді. Мәңгілік ел және №31 көшелердің қиылысында аумағы 40 000 шаршы метр, 1500 көлікке арналған тұрақты салу жұмыстары аяқталды. «Астана ЭКСПО-2017» аумағын жылу, энергиямен қамтамасыз ету үшін 50,2 шақырым жылу жүйелері, 25 585 шақырым электр желілері, 3 электрмен қамтамасыз ету нысаны салынды.
Елордада өткен халықаралық маманды­рыл­ған ЭКСПО-2017 көрмесі аясында «Этно­ауыл» ұлттық мәдени кешені ашылған болатын. Бұл мәдени кешен көрмеге келушілердің басты турис­тік нысанасына айналған еді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жа­рия­­лаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямыз, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, табысты дамуы және жас елордамыз Астананың гүлденуі мә­дени іс-шаралар арқылы 93 күн бойы ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағында, сонымен қатар Астана қаласының барлық сахна алаңдарында көрсетілді. Шетелдіктер халықтың тыныс-тір­шілігін күнделікті олар көп болатын орындарда, сауда-ойын сауық орталықтарында, дема­лыс орындары, саябақтар мен спорттық мекен-жайларда, әлбетте, мұражайлар мен қы­зық­ты көрмелерде, сосын театрлардан көріп-білді. «Этноауыл» этномәдени кешені «Қазанат» ипподромының аумағындағы 2,5 мың шаршы метр аумақты жерге орналасқан. Көрме барысында кешен аумағындағы сан алуан мәдени шаралар бірінен соң бірі тартымды әрі үзіліссіз жүріп жатты. Бірнеше мәрте әртүрлі жанрда қойылымдар мен шетелдік мемлекеттердің өнер таныстырылымы, ұлттық болмысымызды насихаттайтын спектакльдер көрермендерге ұсынылды.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде үздік қызмет еткен азаматтарға естелік сыйлықтар және 100 мың теңгенің ақшалай сыйлықтары табысталды. Бұлардың ішінде құрылысшылар, энергетиктер, көгалдандырушылар, әртістер, құқық қорғаушылар, медицина қызметкерлері, құтқарушылар, еріктілер және тағы басқа маман иелері болды.
Ресми деректерге сәйкес, көрме кезінде Елор­даға 5,4 миллион адам келіп кетті. Жылу мен электр желілері тартылды. Жаңа нысандар салынды. Қонақ үйлер, мейрамxаналар мен дәм­xа­на­лардың саны күрт өсті. Бұның барлығы Астананың қызмет көрсету сапасын жаңа дең­гейге көтерді. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев көрме кезінде үздік қызмет атқарған мекемелер мен жұмысшыларды марапаттады.
Астана қоғамдық денсаулықты сақтау қызметі ЭКСПО-2017 көрмесінің барлық волонтерлары тамақтанған асхананы қатаң қадағалағандығын мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин «ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көрмесін медициналық қамтама­сыз ету» тақырыбындағы баспасөз конференциясында көрме кезінде қоғамдық денсаулықты сақтау қызметінің тәуліктік режимде жұмыс істегенін айтты. Көрме барысында 323 маман, 7 арнаулы көлік, соның ішінде жылжымалы зертханалар да жұмылдырылған. Мамандар 12 мыңнан астам азық-түлік өнімдері сынамаларын зерттеп, соның 275 сынамасының гигиеналық талаптарға сай еместігін анықтады. 11,5 тонна өнім, логистика тілімен айтқанда, 1600 партия көрме аумағына кіргізілмеді. 1 800 кг өнім және 200 дайын ас порциясының жарамсыз болып қалғандығы анықталып, жойылды. Бұл айтылғандардан тыс, азық-түлік өнім­дерін қадағалауды жақсарту үшін қосымша 57 экспресс-прибор алынған. Волонтерлар мен көрмеде қызмет етіп жүргендердің барлығы та­мақ­танатын асхананы ерекше қадағалап отыр­ды. Ол жерде күн сайын 8000-ға дейін адам тамақтанды. Таңғы, түскі және кешкі ас тұрақты түрде бақылауда болды.
Елордада үш айға созылған «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандырылған көрмесі кезінде теміржол көлігімен Астана қаласына жолаушыларды тасымалдау өсімі облысаралық бағыттар бойынша 23 пайызға, ал халықаралық бағыттар бойынша 10 пайызға ұлғайды. Атап айтқанда, Астана қаласына теміржол көлігімен 1,46 миллион жолаушы келді. Еліміздің аймақтарынан 1,43 миллион жолаушы, ТМД мемлекеттерінен 31,3 мың жолаушы келді. Жолаушылар көп келген аймақтар да анықталды. Алматы қаласы мен Алматы облысынан 245 мың жолаушы, оңтүстік аймақтардан – 207 мың, Павлодар облысынан – 176 мың, Ақмола облысынан – 173 мың, Қостанай облысынан – 160 мың, Қарағанды облысынан – 125 мың және Шығыс Қазақстан облысынан 105 мың жолаушы сапарлаған. Сонымен қатар, Ақтөбе мен Атырау облыстарынан қатынайтын пойыздармен сапарлаған жолаушылар саны артқан. Бұл кезеңде Астанаға Ақтөбеден 57 мың, Атыраудан 47 мың жолаушы келген. Айта кету керек, көрме ұйымдастырылған кезеңде жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету үшін Астана қаласына жүретін бағыттардың саны 44-тен 57-ге дейін көбейтіліп, 13 жолаушылар және қала маңы пойыздары іске қосылды.
Осылайша, «ЭКСПО-2017» халықаралық ма­ман­дырылған көрмесі тарих қойнауына кетті. Алда 2020 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтетін дәстүрлі көрме әлем халқын қарсы алуға дайын. Ең бастысы Астанада өткен көрме қазақ халқының мәртебесін асқақтатты. Себебі, бүкіл ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет Қазақстанда өтуінің өзі еліміз үшін зор мақтаныш екені жасырын емес.

Салтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X