Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

КӨРГЕН ДЕ, КӨРМЕГЕН ДЕ АРМАНДА…

Өткен жексенбі күні Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жабылу салтанаты өтті. Шарада келешекте адамзаттың игіліне жаратылатын озық технологиялар мен әлемдік дәрежедегі энергия өндірудің үздік жобалары таныстырылды.

Әлемнің 115 мемлекеті мен 22 дүниежүзілік ұйымдарының басын біріктірген ЭКСПО-2017 Халықаралық Көрмелер Бюросы жоғары бағалаған жаһандық шараның аяқталу рәсіміне ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты жабылу рәсімінде көрме өткізу идеясына қолдау білдіргені үшін Қазақстан халқына ризашылығын білдірді. «Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты, ең алдымен Қазақстан халқына осы идеяны қолдағаны үшін шын ризашылығымды білдіремін. Бұл жерде ЭКСПО құрылысына архитекторлар, инженерлер, құрылысшылар, менеджерлер, демеушілер, серіктестер атсалысты. Әсіресе жас волонтерлер – 4500 жастарымыз қатысып, осы жерде жұмыс істеп, көп шетелдіктерге қаламызды көрсетті.

Көптеген мемлекеттер, компаниялар және халықаралық ұйымдар да өз үлестерін қосты. Баршаларыңызға айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін шын жүрегіммен алғыс айтамын. Көрмені басқаруды тапсырған компанияға, оның басшысы Есімов мырзаға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатқа келіп отырған мемлекет және үкімет басшыларына, Халықаралық көрме бюросына және барлық қонақтарға ерекше рахметімді айтқым келеді. Астана әрқашан өздеріңізді ыстық ықыласпен, аса құрметпенен қарсы алып отырады. Сіздерге зор денсаулық, мол табыс тілеймін! Жасасын Қазақстан!» – деді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесінің Астана мен елі­міздің барлық аймақтарын біріктіріп, ел эконо­микасының қарқынды дамуына қозғау салғанын баса айтты.
Барлық қатысушы мемлекеттерге, Қазақстан азаматтарына алғысын білдірген Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өтке­нін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрық­ша жетістіктердің бірі болды», – деп сөзін қорытын­дылады.
Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесін жоғары деңгейде өткізуге тікелей атсалысқаны үшін Халықаралық көрмелер бюросының бірінші алтын медалін еншіледі. Марапатты «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы Ахметжан Есімовке табыстаған бюро президенті Стин Кристенсен Елбасы мен Қазақстан үкіметіне білім беру, инновациялар және ынтымақтастықтың негізгі құндылықтарына қолдау білдіріп, бола-шақтың энергиясы саласындағы жаһандық ынтымақтастыққа қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыс айтты. Екінші алтын медаль ауқымды шараны табысты өткізуде аянбай еңбек еткен ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қаты­сушыларына берілді. Бұдан бөлек, Халық­аралық көрмелер бюросы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұжымына кәсібилігі мен халықаралық қатысушыларға қолдау білдіргені үшін «Абырой» медалін табыстады. Дәл осындай екінші медальға ерекше қонақжайлылық танытып, әлем азаматтарына шабыт сыйлаған Астана қаласы мен оның тұрғындары лайық деп танылды. Сыйлық Елорда әкімі Әсет Исекешевке тапсырылды. Тағы бір «Абырой» медалі қатысушыларды көптеп тарта білгені үшін көрме комиссары Рәпіл Жошыбаевқа берілді. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесінің айнымас бөлшектеріне айналған еріктілер мен қо­ғаммен байланыс департаментінің қызметкерле­рі арнайы сертификаттармен марапатталды. ЭКСПО көрмелерінің бюросының бас хатшысы Винсен Лосерталестің сөз алып, ол Қазақстан көрмені жоғары деңгейде атап өткенін айтты. Сонымен бірге ол көрме өз діттеген мақсатына жеткенін де тілге тиек етіп, Қазақстан президентіне жобаны сәтті жүзеге асырып шыққаны үшін алғысын жаудырды.
Көрме инфрақұрылымы қалай пайдаланылады? Осы мәселеге айрықша тоқталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, халықаралық «National Geografic» арнасының бағалауынша, әлемдегі теңдесі жоқ ғимараттар қатарын толықтырған «Нұр Әлем» сферасының ЭКСПО көрмесінің мұрасы ретінде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Алдын ала ақпараттарға қарағанда, бір ғана сфера ғимаратын 1 миллион 800 мыңға жуық азамат тамашалаған. Көрменің кей нысандары қазір атқарып отырған функционалдық міндеттерін жалғастырады.
Елордадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзал ке­шені ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орай ашылған болатын. Вокзал ұжымы көрмемен қош­тасу салтанатын өткізді. Бұдан бөлек, вокзалдың 40-қа жуық қызметкері ғимараттың орталық алаңына жиналып, шеру өткізді. Аталған шараға арнайы ән жаздырылды. Айта кетейік, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы көрме қарсаңында арнайы ашылған болатын. Ол жылына 12 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Күніне 35 мың жолаушыны қабылдап-шығарып салатын мүмкіндігі бар.
Көрменің жабылу салтанатына арналған муль­тимедиялық шоу өтті. Салтанатты кеште келтірілген деректерге сәйкес, ЭКСПО-2017 көр­месіне әлемнің 180-ге жуық елінен 4 миллионға жуық адам тамашалады. Көрме павиль­ондарын жай аралап шығуға 96 сағат қажет болған. Мұнда 3500-ден астам мәдени шара ұйымдастырылып, 33 мыңға жуық әртіс өнер көрсеткен. Көрме аумағында 100 миллион фотосурет түсіріліп, 88 жігіт өз сүйіктілеріне көңілдерін білдірген. ЭКСПО-2017 көрмесінде әлем ғалымдары адамзат өміріне елеулі өзгерістер әкелген 153 жаңа өнертабысты таныстырды.
Көрменің жабылу салтанатының ресми бөлі­гінде алып экрандардан «ЭКСПО» көрме­лерінің тарихы көрсетілді. Онда адамзат баласының жеткен жетістіктері, атап айтқанда автокөліктен бастап, қолымыздағы смартфондарға дейінгі үз­дік технологиялардың тарихынан сыр шертілді. Көркем қойылымда алып экран арқылы күн және жел күшімен бірге, су астындағы балдырлардан да энергия өндірудің технологиясы көрсетілді. ХХІ ғасырдың креативті жобасы – болашақтың вакумды пойызының жобасы таныстырылды. Сағатына 1300 шақырымға жүретін келешектің көлігінің жобасының авторы – атақты америкалық өнер­тап­қыш Илон Маск. Пойыздың сынағы АҚШ-та өткізілген. Қазіргі уақытта оны іске асыру жобасы қолға алынып жатыр. Бұл пойыз келешекте Алматы мен Астана аралығын 45 минутта жүріп өтеді.
Шарада сондай-ақ, әр адамның қадамынан өндірілетін қуат көзінің, өсімдіктерден өндірілетін энергияның жобасы көрсетілді.
Ұйымдастырушылар қойылым арқылы қара­пайым гүлдің смартфонды қуаттай алатынын көрсеткен. Демек, қоршаған орта энергияның көзіне айналады. Терезеңіздегі гүліңіз үйдің көркіне айналып қана қоймай, үйіңізге жарық бере алады. Экологиялық таза энергиялар қоршаған орта арқылы арнайы қоймаға жиналып, халыққа қызмет етпек.
ЭКСПО-2017 халықаралық маманданды­рыл­ған көрмесінің жабылу салтанатында «Адам қуаты» деп аталатын ерекше акция ұйымдас­ты­рылды. Салтанатты кеште Елбасыдан бастап қол ұстасқан қонақтар бір-біріне қуат беру арқылы сфераға жарық сыйлады. Кеш қонақтарынан бөлек, қол ұстасқан бір жарым мыңға жуық ерікті конгресс-холлдан ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символы – «Нұр әлемге» дейін сап түзді. Олардың кеуделеріндегі ЭКСПО-2017 көрмесінің басты бойтұмары да бірінен кейін бірі жанып, шарға жетті. Бұл тізбектің 2 232 адамнан құралуында да үлкен мән жатыр – ЭКСПО-2017 көрмесі тұтас 2 232 сағатқа жалғасқан еді. Тізбек соңында тұрған көрменің басты кейіпкері – кішкентай балақай толассыз энергиямен қуат­танып, сфераға қолын тигізген сәтте айнала жарқырап шыға келді. Бұл бірліктің, берекенің, сарқылмас қуаттың белгісін білдірсе керек. Осылайша, Астана аспанында Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» әуелеп, алып шарда бейнеленген бейбітшілік құсы көкке, күллі әлемге қанат самғады. Бұл – биікке талпынған жасампаз Қазақ елінің нышаны еді.
Жабылу кешінде қазақ халық әндері мен симфониялық оркестрдің қатысуымен концерт болып өтті. Көрменің жабылу салтанатының ресми бөлігі аяқталып, амфитеатрдағы мерекелік концертке ұласты. Жалпы көрме барысында 100 миллионнан астам сурет пен 88 үйлену туралы ұсыныс жасалған. «Нұр әлем» сферасын жасау үшін 13 мың тонна металл қажет болды. Ал Эйфель мұнарасын салу үшін 9 мың тонна металл қажет болған.
Астанада көліктегі ІІД ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде еліміздегі авиа және теміржол нысандарындағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен ведомствоның жұмыс нәтижелерін жариялады. Әкімшілік полиция басқармасы таратқан хабарламаға қарағанда, Көліктегі ІІД жеке құрамы қылмыстың ізін кесу және алдын алу үшін күшейтілген режимде жұмыс істеді.
Қоғамдық тәртіпті күзету үшін бір тәулікте 270 қызметкер тартылған. Көрменің алғашқы күнінен бастап көлік полицейлері Астана-1 және «Нұрлы жол» теміржол вокзалдарында, сондай-ақ «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында жолаушылар мен шетелдік қонақтардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар кешенін қабылдап, жүргізді. Осы кезеңде Аста­наға теміржол көлігімен 12 миллион 177 мың 797 адам, ал әуе көлігімен – 744 мың 448 адам келгені анықталды.
Қазақстан астанасы төрткүл дүниенің назарын аудартып, әлем халықтарының қызығушылығын оятты. Астана «National Geographic Traveler» журналының шешімі бойынша «Болашақ қаласы» деп танылды. Ал National Geographic телеарнасында «Мегақұрылыстар: Астана – болашақ қаласы» фильмінің тұсауы кесілді. «The New York Times» басылымы Қазақстанды келуге лайықты мемлекеттің қатарына қосты. Елбасының айтуынша, ЭКСПО аясында ұйымдастырылған 6 мыңнан астам мәдени шара көрмеге ерекше атмосфера сыйлады.
Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған көр­менің жабылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Салтанатқа қатысам деп ниет білдірген кез келген елорда тұрғыны мен қонағы осынау шараның куәгері болды. Ең алдымен, көрермен назарына «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы театр­ландырылған қойылым ұсынылды. Балаға болашақтан үн қатқан дауыс «Болашақ бүгіннен басталады», «Болашақтың куәгері – сенсің!» дей отырып, адамзат тарихының терең қатпарларынан сыр шертті. Мыңдаған жылдар бойы адам баласы өзі бағындыра алатын шыңдарға жетіп, тарихта өз ізін қалдырып отырды. Ал ала алмайтын асуларын зерттеп, зерделеп, оны да бағындыруға бар күшін жұмсады. Әрқашанда тоқтаусыз жұмыс жасап, адам баласының құдіретін асыратын жаңа технологияларға толы болашаққа ұмтылды. Ал бүгінгі күн – сол арман болған «болашақтың» жарқын бейнесі. Бүгінгі жетістіктер ғаламшар мен адамзат өміріне өзгеріс енгізуде. Мұның барлығы елордадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде көрініс тапты.
Салтанатты кешті тамашалаған көрермен алғаш рет осыдан 2 мың жыл бұрын туристерге есігін айқара ашқан халықаралық көрменің игіліктерін еске алды. Мәселен, Парижде 1855 жылы – көлік, 1878 жылы – филаментті шам, ал 1901 жылы Буффалода өткен Бүкіләлемдік көрмеде рентген сәулесі алғаш рет таныстырылғаны көпшілікке жаңалық болды. Адамзат 1939 жылы Нью-Йоркте теледидар саласындағы RCA-дың алғашқы жетістіктерімен танысты. Ал 1962 жылы Сиэтлда өткен көрмеде алғашқы компьютерлер көрерменді таңғалдырды. 1970 жылы Осакадағы ЭКСПО-да ұялы телефон, 1982 жылы Ноксвилде өткен көрмеде саусақтың ізін сезетін экран техникалық жаңалық болып таныстырылды. Ал бүгінгі ЭКСПО-2017 көрмесінде көрсетілген виртуалды қойылымдар шындыққа айналатыны ақиқат.
Осылайша, 93 күн бойы жалауы желбіреген ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көр­­месі өз жұмысын аяқтап, тарих қойнауына кетті.
Келесі ЭКСПО көрмесі 2020 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) Дубай қаласында өтеді.

Салтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Райхан
    14.09.2017 at 4:53 pm

    ЭКСПО-ны да дүркіретіп өткіздік. Халыққа да, шетелдік меймандарға да қатты ұнады. Әлем біздің астанамызға, қонақжайлылығымызға тәнті болды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X