Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

ИЫҰ Астана саммиті: Ғылымы озық елдің алды жарық

10-11 қыркүйекте Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар саласындағы алғашқы саммиті өтті. 15 мемлекеттің басшылары мен премьер-министрлері, 37 елдің делегациясы, 30 халықаралық ұйымның жетекшілері мен өкілдері қатысқан алқа­лы жиынның ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, өркениет өрісі – озық ой мен ілімнің ілгері басуына арналған бұл басқосудың ислам тарихында өзіндік орын аларына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы ежелгі заманнан тамыр тартатынын атап өтті.
– Біздің байтақ даламызға Ислам діні бұ­дан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері ара­сын­дағы достық диалогқа дәнекер болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті бетпе-бет келіп отырған қазіргі сын-қатерлерге тоқталды.
– Біріншіден, экстремистік және терро­ристік ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттерінің нәтижесінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегіп отыр. Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдерінде мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы саммит мінберінен Мьянмада болған жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, барлық тарапты бұл проблеманы БҰҰ алаңындағы диалог аясында тек бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Үшіншіден, бір жарым миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлемі бүгін­де, өкінішке орай, ауызбіршілік таныта алмай отыр. Мұсылмандар арасындағы осындай жағдайды сыртқы күштер өз мүддесіне пайдалануда. Бұдан сабақ алуымыз керек.
– Төртіншіден, әлемнің өзге өңірлері қар­қынды дамып жатқанда көптеген мұсылман елдері көш соңында қалды. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда, бұл ақиқатқа мүлде жанаспайды. Тарихқа жүгінетін болсақ, ислам өркениеті өз кезеңінде әлемнің неғұрлым дамыған орталығы болды. Ол бүкіл адамзаттың өркендеуіне зор үлес қосты. Қазіргі цифрлық экономиканың сандар, алгебра, алгоритм деп аталатын үш тұғыры бар. Бұл үш тұғыр осыдан 12 ғасыр бұрын біздің өңірде, Амударияның саласында туған Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми атты ғұламаның есімімен байланысты екенін атап өткен жөн. Алгоритм термині әл-Хорезми есімінің латын тіліндегі транскрипциясы болып табылады. Қазір дамудың жаңа ұйымдастырушылық сатысына өтуге мүмкіндік туды, осыны пайдалануымыз керек. Пайғамбарымыздың хадистерінде «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла тағала оның жәннатқа бару жолын жеңілдетеді» деген жолдар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ислам – бүгінде қарқынды дамып келе жатқан дін. ХХІ ғасырда ол әлемдегі ең көп тараған дінге айналады. Пайғамбар хадисінде «Бесіктен қабірге дейін білім іздеңдер» деп айтылған. Ендеше, бүгінгі басты міндет – ислам өркениетіне қызмет ететін озық идеяларды жүзеге асыратын интеллектуалды жаңа элитаны тәрбиелеу. Алайда, мұсылман мемлекеттері ғылыми зерттеулер мен әзір­лемелерге орташа алғанда жалпы ішкі өнімнің жарты процентін ғана бөледі.

Бұл, әрине, 2,3 процентті құрайтын әлемдік көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Қоғамдастық мемлекеттерінде 1 миллион тұрғынға шаққанда зерттеушілердің саны 615 адамды құрайды. Ол әлемдік орташа көрсеткіштен 2,5 есе аз. Міне, осы жағдайды күрт өзгерту үшін ислам әлемінде рухани сілкініс, жаңғыру қажеттілігі туындауда.
– Адамзат төртінші индустриялық революция қарсаңында тұр. 2017 жылы ғылыми-техникалық және инновациялық дамудың жақсы көрсеткіштеріне қол жеткізген Ислам ынтымтымақтастығы ұйымының елдері аз емес. Мұны ғаламдық инновациялар индексі арқылы көріп отырмыз, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін күш біріктіруіміз қажет екенін атап өтіп, ортақ ғылыми-инновациялық қор құруды ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі ғалымдардың ізденістеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына назар аударып, ұйым аясында ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлес үшін берілетін сыйлық тағайындау туралы шешім қабылданғанын айтты.
– Инновациялық кластерлер ғылымды қам­титын орнықты экономиканы қалыптасты­рудың негізі болып саналады. Қазақстан осындай кластерлерді Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында белсенді дамытуда. Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының барлық елдерінің ғалымдары мен зерттеушілерін осы жұмыстарға белсенді атсалы­суға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ғылым мен инновацияны исламдық қаржыландырудың рөлін арттыру маңызды екенін атап өтті.
– Біз «ЭКСПО-2017» көрмесін өткіздік. Енді оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Сіздерді ислам қаржысы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз. Бұл ретте Ислам даму банкінің ғылым және инновацияларды қаржыландыру жөніндегі әлеуеті өте зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жасыл технологияларды дамыту мәселесіне тоқталып, жасыл технология мен инвестицияны дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды. Аталған орталық үш ай бойы әлем назарын Қазақстанға аударған «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің базасында құрылатын болады. ЭКСПО көрмесінде энер­ге­тика сала­сын­дағы жаңа идеялар, зерттеулер мен технологиялар көрініс тапты. Ислам ын­тымақтастығы ұйымы саммитінің осы көрме аясында өтуінің символдық мәні бар деуге болады.
– Біздің елдеріміз үшін аграрлық саладағы ынтымақтастық аса маңызды. Бәріміз бірлесіп аграрлық ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Бұл тек ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін емес, бұдан да тығыз интеграция мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет. Қазақстанның өз тарапынан азық-түлік өндіру көлемін арттыруға, оны ислам елдеріне шығаруға барлық жағдайы мен мүмкіндігі бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін G20 форумы сынды бейресми топ құруды ұсынды. «Ислам ұйымының жетекші он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC15 деп атасақ дұрыс болар еді. Ислам үмметіне ғылым мен техникалар саласын дамыту мәселесі өте маңызды болып отыр. Осыған орай алдыңғы қатарлы батыс елдерімен тұрақты әрі жемісті байланыстар орнату қажет. Олармен өзара байланыста болуымыз түбі ислам елдерінің ілгерілеуіне пайдасын тигізетіні анық», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы көпұлтты және көпкон­фессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақтаудың қазақстандық тәжірибесін бөлісуге әзір екендігін жеткізді. Арқа төріндегі алқалы жиынға қаты­сушылардың баршасын 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезіне келуге шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев сөзін қорытындылай келіп, Таяу Шығыста және ислам әлемі елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды.
– Сөз соңында, ұрпақтарымыз ислам әлемінің бірлігіне, ынтымақтастығы мен болашағына арналған бүгінгі тарихи форумға жоғары баға береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Саммиттің пленарлық отырысында Түркия Республикасының президенті Р.Ердоған, Пәкістан Ислам Республикасының президенті М.Хусейн, Мавритания Ислам Республикасының президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзиз, Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Республ­икасының президенті Ш.Мирзиёев, Гвинея президенті А.Конде, Иран Ислам Респуб­ликасының президенті Х.Рухани, Ислам ынты­мақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы оларға Қазақстан туралы айтқан жылы лебіздері үшін алғыс білдіріп, ғылым мен технологияларды дамыту жолындағы ынтымақтастықты нығайтудың өзекті екенін атап өтті.
Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысымен бірге ислам елдерінің көрнекті ғалымдарын Ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін арнаулы сыйлықпен марапаттады.
Қазақстан Президенті Ислам ынтымақ­тас­тығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі арнаулы сыйлығын Стамбул техникалық университеті химия факультетінің профессоры Юсуф Ягчыға, Сауд Арабиясы Корольдігінің Король Абдалла атындағы технологиялық уни­верситетінің профессоры Мұхаммед-Слим Алоуиниге, Гамбия медициналық зерттеу орталы­ғының аға менеджері Ассан Жайеге, Мароккодағы V Мұхаммед атындағы уни­вер­ситеттің профессоры Райя Чиркаоуи әл-Мурслиге, ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК-ның бас директоры Ерлан Раманқұловқа табыстады.
Пленарлық отырыстың соңында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі алғашқы саммитінің саяси қорытынды құжаты – Астана декларациясы қабылданды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Есжан
    19.09.2017 at 12:16 pm

    Еліміз осылайша Әлемнің исламға деген көзқарасының түбегейлі өзгеруіне өзінің сүбелі үлесін қосуда. Бұл, әрине, Елбасының арқасы.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X