Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Әр істің нәтижесі маңызды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әдеттегідей бірнеше мәселелер қаралды. Олардың қатарында астық жинау науқанындағы жұмыстар жайы талқыланып, жаңа Салық кодексінің жобасы мақұлданды. Сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамыту мен ел азаматтарын денешынықтырумен шұғылдануға тарту шараларының нәтижесіне мән берілді.

Алдымен ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов қазіргі уақытта барлық өңірлерде жүргізіліп жатқан астық жинау жұмыстары жайында баяндады. Ағымдағы жағдай бойынша 11,6 млн. гектардың астығы жиналған. Орташа 12,6 ц/га түсімділікпен 14,7 млн. тонна астық бастырылды. Астық жинау қарқыны өткен жылдың деңгейінен 2,5 млн. гектарға немесе 16 процентке артық.
Жалпы, еліміз бойынша дәнді дақылдар алқаптарының 76,7 проценті жиналған. Негізгі егін егетін өңірлерде, атап айтқанда, Ақмола облысында – 3,5 млн. тонна, Солтүстік Қазақстан облысында – 3,3 млн. тонна, Қостанай облысында – 3,8 млн. тонна астық жиналды.
Ал Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында масақты дәнді дақылдарды жинау аяқталды. 1,4 млн. тонна дәнді дақыл жиналса, бұл өткен жылдың деңгейінен 3,5 процентке артық.
Сондай-ақ арпа жинау жұмыстары да аяқталуға таяу. Бүгінгі таңда 1,8 млн. гектар немесе алқаптардың 86 проценті, 2,7 млн. тонна арпа алынып отыр. Майлы дақылдарға келсек, бүгінгі күні астық жинау алқаптарының шамамен 24 проценті жиналды, бұл өткен жылдың деңгейінен 10 процентке артық. Сөйтіп, 1,2 млн. тонна майлы дақыл бастырылды.
Қазір Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көкөніс-бақша дақылдарын жинау жалғасуда. Атап айтқанда, бұл алқаптардың 76 проценті орылып, 3,1 млн. тонна көкөніс-бақша дақылдары жиналды, бұл өткен жылдың сәйкес деңгейінен 13 процентке артық.
Сонымен қатар, Қ.Айтуғанов астық жинау жұмыстарын ұйымдастырылған түрде жүргізу үшін өңірлер арзандатылған дизель отынының қажетті көлемімен қамтамасыз етілгенін, барлық қабылдау пункттері жаңа астық түсімін қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Тағы бір атап өтерлігі, ағымдағы жылы астық қоймаларының рейтингін анықтау және тағайындау әдістемесі енгізілген. Биылдан бастап Азық-түлік корпорациясы сенімсіз рейтингке ие астық қабылдау кәсіпорындарымен жұмысты тоқтатады. Бұдан өзге, астық сапасын арттыру мақсатында тұқым шаруашылығын қолдау және минералды тыңайтқыштарды қолдану бойынша қажетті шаралар қабылданды. Нәтижесінде 3-ші сыныпты астық үлесі 76 процентті құрады, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 44 процентті құраған.
Осылайша, бункерлік салмақтағы жалпы егін жинау 19,5 млн. тоннаны құрайды. Ал негізгі егін егетін үш өңір бойынша шамамен 15 млн. тонна жинау жоспарланған. Күтілетін сапаны ескере отырып, аталған көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 8 млн. тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Отырыста мақұлданған жаңа Салық кодексінің жобасы шағын және орта бизнестің өсімін ынталандыруды және еліміздің қаржы секторын нығайтуды көздейді. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жаңа Салық кодексі аясында салық салу идеологиясы өзгергенін, ол адал салық төлеушіні қорғауға, экономиканың түрлі секторларын ынталандыруға және әкімшіліктендіруді жеңілдетуге бағытталатынын атап өтті.
Жаңа кодекстің қағидаты салық дауларын әділ қарауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет етсе және нәтижесінде позиция өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдар қолданбау ұсынылуда. Бұдан өзге, бизнеске заңнаманың өзгерістерін зерттеу үшін көбірек уақыт ұсы­нылады. Барлық пайда болған түзетулерді келісе отырып, бір заң жобасымен енгізу бизнеске Салық кодексінің барлық өзгерістері туралы хабардар болуға мүмкіндік бермек.
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдерін сақтау қарастырылған. Оған қоса, жаңа баламалы режим – тиянақталған шегеру ұсынылған. Сондай-ақ «жеңілдетілген декларация» режимі аясында табыс мөлшері бойынша талап жеке және заңды тұлғалар үшін бірдей болады. Бұған қоса, жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылады. Тау-кен саласы үшін үстеме пайдаға салықты алып тастау ұсынылды. Табысты барлауды ынталандыру мақсатында коммерциялық табыс бонусын алып тастау ұсынылған. Сондай-ақ теңіз және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға әлдеқайда жеңіл баламалы салық ұсынылды.
Экономиканың нақты секторы тұрғысында арнайы инвестициялық келісім (АИК) аясында автомобиль жасау үшін ҚҚС бойынша жеңілдіктер ұсынылуда. Осылайша, құрауыш өнімдер – шикізаттар мен материалдар импорты, сондай-ақ АИК-те өндірілген тауарларды өткізу бойынша айналым ҚҚС-дан босатылады. Берілетін мүлік ҚҚС-сыз сатып алынған болса және АИК арналған тауарлар тізіліміне енгізілген болса, мүлікті қаржы лизингіне беру ҚҚС-дан босатылады. Сонымен қатар, қаржы секторын сауықтыру, инвестициялар тарту және арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларға жеңілдіктерді арттыру үшін бірқатар ынталандыру шаралары қарастырылған. Жалпы, салық жаңашылдықтарын қабылдаған соң салық даулары, тексерістер саны азайып, әкімшіліктендіру жеңілдетіледі деп күтілуде. Сөйтіп, салық саясаты әлдеқайда айқын және болжамды болмақ.
Салық кодексінің жаңа жобасында және ілеспе заң жобасында қарастырылған мемлекет пен салық төлеуші арасындағы өзара қарым-қатынасты ырықтандыру туралы баяндаған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеуші арасындағы өзара іс-қимылдың айқын ережелерін бекіту мақсатында заңдылық, тиімділік және тәуекелге бағдарланған әкімшіліктендіру қағидаттары сияқты салықтық әкімшілік­тендірудің қағидаттары енгізілетінін тіл­ге тиек етті. Салық тәртібін арттыруды ынталандыру мақсатында тәуекелдерді бас­қару жүйесі түбегейлі қайта қаралады. Салық төлеу­ші­лердің түрлі санаттары үшін салықтық әкімші­ліктендіруге әртарап­тан­дырылған тәсіл енгізілуде.
Жобада сенім мен ашықтық қағидат­тарына негізделген ірі салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың жаңа түрі – Деңгейлес мониторинг қарастырылған. Мұндай тәсіл ЭЫДҰ елдерінде пайдаланылатын әкімшіліктендірудің ілгерінді әдістерінің бірі болып табылады.
Заң жобасында әрекетсіз салық төлеу­шілерді мәжбүрлеп жою үшін не­гізгі шарттар қарасты­рылған. Аталған рәсімнің ашықтығын қамтама­сыз ету мақсатында мәжбүрлеп жою туралы ақпарат алдын ала БАҚ-та жарияланады және осы компаниялардың әлеуетті кредиторларының шағымдарымен жұ­мыс жүргізілуде. Министрдің айтуынша, салықтық тексерулер тұрғысынан олардың санын қысқарту мен сапасын арттыруға бағытталған шаралар көзделген. Атап айтқанда, жоспардан тыс тексерістер жүргізу үшін негіз­демелер 56 процентке қысқармақ. Кодекс жобасында лицензиялық бақылауды ырықтандыру, ҚҚС қайтару рәсімдерін оңтайландыру бойынша шаралар қарастырылған.
Отырыста қаралған үшінші мәселе – спорт инфрақұрылымын дамыту және ел азаматтарын дене шынықтырумен шұғылдануға тарту бойынша жұмыстар жайын баяндаған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша төрт миллионнан астам адамды немесе халықтың 27,4 процентін дене шынықтырумен және спортпен айналысумен қамту қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері аймақтарда жергілікті бюджет пен демеушілер қаражатының есебінен 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құры­лысы аяқталған.
Үкімет басшысы еліміздің кейбір мектеп­те­рінде спорттық залдармен, спорт­тық құрал-жабдықтармен қамтама­сыз ету мәселесі шешіл­мей жатқандығына тоқ­талып, осыған байланысты әкімдерге бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X