Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Ақтөбеде алғашқы үй пайдалануға берілді

Ақтөбе қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған алғашқы үй пайдалануға берілді. 9 қабатты үйге тұрғындарды кіргізу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ильяс Испанов, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов,«Сбербанк» АҚ ЕБ басқарма төрағасы Александр Камалов, «Соллерс» ЖШС директоры Андрей Сторожев қатысты.

Көп қабатты тұрғын үй құрылы­сын қаржыландыру мақсатында Сбербанк «Соллерс» құрылыс компаниясына 3 жыл мерзімге 400 миллион теңгеге несие желісін ашты. Ал компания құрылысқа 102 млн теңге өз қаржысын салды. Жобаның жалпы құны 502 млн теңге. Сбербанк, Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және «Соллерс» компаниясының арасында шартқа қол қойылды. Ол құжат бойынша пәтерлердің 50%-ын Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларына таратады. Яғни, 27 пәтер Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіс алымшыларына шаршы метрі 140 мың теңгеден беріледі. Қалған пәтерлерді құрылыс компаниясы өзі сата алады немесе Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына ұсына алады. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Соллерс» ЖШС несие пайызын субсидиялай алды. Жылына 14% мөлшерлеменің 7 пайызын «Даму» Қоры қаржыландырады. Тұрғын үй кешенінің жалпы аумағы 3 771 ш.м.
«Бұл жоба бизнес, мемлекет және банктің тиімді әріптес­тігінің көрінісі. «Нұрлы жер» бағдарла­масының арқасында тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық несие­лендіру саласында оң өзгеріс­терге қарай жол ашылатын бо­лады. Біз өз тарапымыздан бағ­дар­­ламаға белсенді қатысып, жа­қын уақытта Қызылорда мен Орал­дағы құрылыс компания­ла­рын қаржыландырмақпыз», – дейді «Сбер­­банк» АҚ ЕБ басқарма төр­аға­сы Александр Камалов.
«Нұрлы жер» бағдарламасының халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған көптеген бағыттары бар. Соның бірі – «Тұрғын үй салуға жеке құрылыс компанияларын ынталандыру» деп аталады. Бүгін осы бағыт аясында бірінші үй пайдалануға беріліп, қоныстанғандар арасында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары да бар. Бұл – жағымды жаңалықтың соңы емес деп ойлаймын. Бағдарлама бойынша жыл соңына дейін 12 мыңға жуық пәтер мен 350-дей жеке үйлердің құрылысы бітіп, халыққа беріледі», – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
«Бүгінге дейін «Даму» қоры екі құрылыс компаниясын субсидиялады. Бұл – «Солерс» және астаналық «Алтын Шар West». Ендеше біз жақында Астанада 20 мың ш.м болатын үлкен кешенді пайдалануға береміз деп үміттенеміз. Кешен сол жақ жағалауда, EXPO 2017 көрмесі маңында орналасады. Тұрғын үй аумағында балалар және спорттық алаңдар салынып, жолдар жөнделіп, жабық паркинг, сауда-көңіл көтеру орындары болады. Қазір екінші деңгейлі банктердің қарауында 24 құрылыс компаниясының өтінімі жатыр. Оның бесеуі мақұлданып та қойды. Яғни, құрылыс компаниялары тарапынан «Нұрлы жер» бағдар­ламасына деген қызығу­шылық жоғары. Бұл – үйдің баға­сына да оң әсерін тигізуі керек», – деді кешеннің ашылуында сөз алған «Даму» қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

3

комментария

  • Жамбыл
    14.09.2017 at 4:54 пп

    Қоныс тойы құтты болсын!

  • Нәзира
    19.09.2017 at 5:14 пп

    «Нұрлы жер» бағдарламасының халыққа жеткізер жағымды жаңалықтары көбейсін. Баспаналы болу ең үлкен қуаныш қой.

  • Дәурен
    20.09.2017 at 5:11 пп

    Аталған бағдарлама баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесін шешуге атсалысты. Игі іс жалғасын тапсын.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X