Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Заман сынағына сай жоба

Латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы таныстырылды

Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті. Алқалы кеңеске әліпби жобасын әзірлеуші А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдар, сарапшылар қатысып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның ұсыныстары талқыланды.

Тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – әлемдік өркениетке жетудің басты кепілі. Мемлекетіміз бен халқымыз үшін тарихи маңызы зор жаңа әліпби мәселесін талқылауға арналған келелі жиында осылай деген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, әлемдік тәжірибе бойынша өркендеу мен мәдениетке, ғылымға жол салған кез келген мемлекеттің ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөлетінін, осы жолда Елбасымыздың Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілінің мәртебесін көтеруге айрықша назар аударып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында Үкімет нақты көзқарасқа ие. Бұл тұрғыда Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілгеннен кейін оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынатынын хабарлады. Ол өз сөзінде тіл – коммуникацияның әмбебап құралы болып саналатындықтан, жоспар барлық салаларды қамтитынына тоқталып, бұл орайда латын әліпбиін меңгеру бойынша оқу-әдістемелік құралдар, мобильді қосымшалар мен ақпараттық бағдарламалар шығарудың маңыздылығын баса айтты.

Ал латын таңбасына көшу мәселесіне қатысты шаруалармен тікелей айналысып жатқан Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгінге дейін тиісті ведомстволар мен ғылыми-сарапшылық институттар және халықаралық шеңбердегі ұйымдар арасында жан-жақты талқылауларға сеп болған ғылыми конференциялар ұйымдастырылғанын мәлім­деді. «Нә­ти­жесінде, осы саладағы ең білікті ға­лым­дары­мызбен бірге жасап, назарлары­ңызға ұсынылып отырған қазақ жазуының латын графикасындағы бірыңғай стандартында тілі­міздің ерекшеліктері мен дамуының бола­шақ алғышарттары түгел ескерілді деуге толық негіз бар», деді мәдениет министрі.
Одан соң жұмыс тобының жетекшісі ретінде қоғамдық тыңдау мінберіне көте­рілген А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бүгінгі қолданыста жүрген орыс тілі негізіндегі алфавитте тіліміздегі дыбыстардан әріптеріміз еке есе көп екендігіне, қазіргі әліпбидің біздің ерекшеліктерімізге сәйкес келмейтіндігіне, түптеп келгенде, бұл латын әліпбиіне көшу емес, қайта оралу екендігіне тоқталды. Ол өз пікірінде әліпби ауыстырудың негізгі себебі таза табиғи тілдік қажеттілікке тікелей байланысты туындағанын атап өтті. «Елбасы тапсырмасына сәйкес, келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен іске асуда. Біз ғылыми ортада, зиялы қауым өкілдері арасында көп­теген басқосулар ұйымдастырдық. Ұлттық ко­миссияның жұмыс тобының бастамасымен жиырмадан астам ғылыми ұйымдастыру және ғылыми тәжірибелік іс-шаралап өтіп, ол жерлерде екі жарым мыңға жуық зиялы қауым өкілдері баяндама жасады», деді ол.
Сөйтіп, тыңдалым барысында қазақ тіліне икемделген жаңа латын әліпбиінің жобасын Ш.Шаяxметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов таныстырды. Ол түсіндіргендей, жаңа нұсқаны жасау барысында ғылыми принциптер негізге алынып, түрлі сала мамандарының ұсыныстары ескерілген. Өйткені, ғылыми практика мен теорияға негізделген әліпбидің ерекшеліктері жіті көңіл аударуды талап етеді. Е.Тілешовтің айтуынша, жаңа әліпби қабылдау – бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, ол – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау. Осы реттен келгенде, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс. Жаңа әліпбиде латынның төл таңбалары ғана негізге алынған. Сонымен қатар, бір дыбыс диграф жүйесі қолданылған. Аталған әліпбиге ноқаттар қою оны латынша емес, ноқаттары бар таңбалар жиынтығы етеді. Сондай-ақ, жаңа нұсқа қазақ тіліне тән төл дыбыстарды сақтауға кепілдік береді. Латын әліпбиін таңдаудың тағы бір себебі – халықаралық кеңістікке ену, әлемдік технологияны игеру. Диграфтар, яғни бір дыбысты бірнеше әріппен беру арқылы сол тілдің табиғаты сақталады. Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс», «бір әріп – екі дыбыс» және «бір дыбыс» принципі қолданылған. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграф ұсынылып отыр. «Қазақ тіліне тән «ә», «ү» секілді дыбыстар диграф түрінде беріледі», деді орталық директоры. Е.Тілешов келтірген жаңа әліпби жобасы бойынша, «ә» дыбысы «ае», «ө» дыбысы «ое», «ү» – «uе» диграфтарымен жазылады. Қазақ тіліне тән басқа дыбыстар да латын әліпбиінде қосарланған таңбалармен бейнеленеді. Мысалы, «ғ» ұсынылған нұсқада «gh», «ч» – «ch», «ш» – «sh», «ж» – «zh», «ң» – «ng» болып жазылмақ. Е.Тілешовтің айтуынша, мұндай жүйе әлемдік қолданыста кездесетін жағдай. Бұл туралы қазақ тілінің атасы Ахмет Байтұрсынов та өз еңбегінде жазып кеткен. Диграфтар арқылы жазу мен сөз көлемін көбейтпеу мәселесіне де тоқталған орталық директоры диграфтармен жазылатын дыбыстардың қолданылуы қазақ тілінде сирек кездесетінін айтып өтті. Оның айтуынша, түрлі стильдегі мәтіндерде аталған дыбыстардың кездесу жиілігінің орташа мөлшері 1,08 пайыз ғана. Ана тіліміздің дыбыстық жүйесінде кездеспейтін «ц», «в», «ф» әріптеріне қатысты орталықтың ұста­нымын білдірген баяндамашы, бұл дыбыс­тар жаңа нұсқада назардан тыс қалмағанын жеткізді. «Әліпбиге қатысты еңбектерді мұқият оқығанда, Алаш зиялыларының кірме дыбыс­тарды сақтап қалуды жақтағанын байқадық. Ахмет Байтұрсынұлы секілді зиялылар ана тілімізде орныққан сөздік қоры болса, ондай дыбысты сақтап қалу қажет деп есептеді. Біз де осындай принципке келіп отырмыз», деді ол. Айтуынша, бұл үш дыбыс кездесетін сөздер саны 10 мыңға жуықтайды екен.
Алқалы жиында сөз алған қатысушылар осынау еліміз үшін тарихи мәні аса зор қадам туралы өздерінің пікір-көзқарастарын, ұста­ным-пайымдарын жеткізіп жатты. Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отырғанына, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынына тоқтала келе, латынға көшу – прагматизм талабы екенін нығыздады. Өз кезегінде Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев латын әліпбиіне көшу барысында қазақ тіліне тән әріптердің жойылып кетпеуі маңызды екенін ескертті. Оның айтуынша, бұл қадам кириллица таңбаларын латынмен алмастырудан бөлек, жазу саласында да реформа жасауды қажет етеді. Осы орайда, ана тіліміздегі әр дыбыс дербес белгіленіп, өзіндік ерекшелігі ескерілуі тиіс екендігін сөз еткен сенатор, жаңа әліпбиді компьютерге емес, керісінше компьютерді тілге икемдеу керектігіне назар аударды.
Ал «Attila group» компаниясының өкілі Қуаныш Біләлдің мәлімдеуінше, көлемді туындылар мәтінін латын қарпіне айналдыру қиындық туғызбайтын көрінеді. Бір демде кириллицадан латыншаға, төте жазуға ауыстыра алатын конвертер қолдануға қолайлы. Мәселен, «Абай жолы» романын 3 секунд ішінде латын графикасына ауыстыруға мүм­кіндік бар екен.
Жиын қорытындысы бойынша парла­менттік тыңдаудың арнайы жобасы қабыл­данды. Әлбетте, бұл соңғы шешім емес екені белгілі. Келесі аптаға дейін жобаға қатысты қосымша ұсыныс-пікірлер енгізіліп, кеңінен пысықталатын болды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X