Валюта бағамы: $ 326.17 401.25 5.31 ¥ 51.84

Бауырлас елмен баянды ынтымақтастық

Жетпісбай Бекболатұлы,әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ   кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Бұдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын әлемнің саяси картасы жаңа түр, соны сипат алды. Тарихи үдерістің тегеурінді толқыны аузы дуалы көп жұрт мәңгілік мызғымайтындай көрген кеңестік жартасты жаңқадай жарып өтіп, қанқұйлы империяны қалтылдаған қайықтай қақпақыл қылғанда, қаншама ғасыр тәуелді тірлік кешіп, күштінің ыңғайына жығылған Қазақстан мен Польша шынайы егемендікке қол жеткізген болатын. Енді, міне, бауырлас осы екі елдің басшылары достық көңілге алты айшылық жердің өзі алыстық етпейтінін айғақтап, әлемдегі айтулы шара – ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі өтіп жатқан айшықты Астанада бас қосып, төс түйістірді.
Польша мемлекетінің басшысы Анджей Дуданың Қазақстанға тұңғыш сапары екi ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатылуының 25 жылдығымен орайлас келді. Осы ретте саяси жылнамаға көз салғанның артықтығы жоқ деп ойлаймын. Өткен 2016 жылы Қазақстан – Польша өзара қарым-қатынастары тарихындағы басты оқиғалардың бірі орын алды – сол жылдың 22-23 тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің Польшаға сапары болды. Бұл сапар шын мәнінде екіжақты саяси және экономикалық қарым-қатынастарда жаңа бет ашты. Өйткені, Қазақстан бүгінгі таңда шетелдік инвесторлар үшін неғұрлым тартымды нарықтардың бірі болып табылатындығы Еуропа жұртына да жақсы мәлім. Дәйекті реформалар жүргізіп, құқықтық, институционалдық шеңберлерді жетілдіру арқылы Қазақстан халықаралық институттар тарапынан жоғары баға алғанын, Doing Business рейтингінде 41-ші орынды, World Economic Forum ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде 42-ші орынды иеленгенін Польшаның көзі қарақты жұртшылығы жақсы білетін. Географиялық жағдайы арқылы Шығыстан Батысқа, Солтүстіктен Оңтүстікке және соған орай керісінше жол тартатын көлік дәліздерінің табиғи жолайрығы болып отырған Қазақстан сияқты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдің 180 миллионнан астам халқы бар нарыққа жол ашатыны кәсіпкерлерге мәлім-тін. Мұның барлығы жаңалыққа жаны құмар поляк бизнесін тығыз әріптестікке тартатыны белгілі жәйт. Ал, осы орайда құрылыс салу және құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, машина жасау, энергетика, фармацевтика салалары өзара байланыс үшін неғұрлым тартымды болып табылатынын өмір көрсетті де. Өз кезегінде Қазақстан Польшаны шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы өндірісі, көлік инфрақұрылымы, экспортты және ұлттық брендті қолдау мен жылжыту шараларын ұйымдастыру саласындағы маңызды әріптес ретінде қарастыратыны белгілі болды.
Айтпақшы, Қазақстан мен Польша президентте­рінің қатысуымен 2016 жылғы 23 тамызда Варшавада болған Қазақстан – Польша бизнес-форумы ауқымында мемлекетіміз басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Польша бірін-бірі 25 жыл зертте­генін атап өтіп, нақты өзара байланыс пен ынтымақ­тастықты бастауға шақырды. Бұл мәселелер біздің мемлекеттеріміз кәсіпкерлері арасындағы байланыс­тарды ынталандыру үшін түбегейлі түйін болып табылады, Қазақстанның поляк қоғамы үшін айырық­ша ашықтығы осыдан көрініс табады, мұның өзі екі­жақты ынтымақтастықты өзара пайдамен тиімді пайдалануға жол ашады, деп атап өткен болатын Елбасы. Осы ретте Президентіміз биылғы, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап поляк азаматтары визалық талаптардан босатылатындығын, Варшава мен Астана арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесіне Қазақстан барынша қолдау көрсететіндігін жариялады. Айтқандай-ақ, Польшаның LOT әуе компаниясы қазір екі елдің арасын «жол қылды».
Өз кезегінде Польша Республикасының Қазақстанмен арада экономиканың барлық салаларында дерлік жемісті ынтымақтастығы ширек ғасырдан бері белсенді дамып келе жатыр. Польша Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің бірі болып табылады. Орталық және Шығыс Еуропа елдері арасында көшбасшылық межелерге ие Польша Еуропалық Одақ елдері арасында даму индексі бойынша 11-ші орында және әлем елдері арасында 23-ші орында тұр. Польша президенті Анджей Дуданың Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында болып өткен қазақ және поляк кәсіпкерлерінің форумында екі ел өкілдері бір-біріне өз артықшылықтарын таныстырып, бірлескен байланыстарға негіз болатын салаларды пысықтап шыққанын бұқаралық ақпарат құралдары тәптіштеп жазды да. Алқалы жиында Қазақстан мен Польшаның бірқатар компаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, Павлодар облысында «Агроқалашық» бағдарламасын іске асыру, «KazakhInvest» пен «PolPharma» арасындағы ынтымақтастық, «Қазпош­та» мен «Poczta Polska» арасындағы әріптестік, Қазақ­стан­ның сыртқы сауда палатасы мен PTAK Warsaw EXPO арасында байланыс орнату және басқа барлығы 10 құжат рәсімделді. Соның ішінде «FTC Equity» мен «Soldir» арасында алма бақтарына тамшылатып суару жүйесін жеткізу келісімі бар. Павлодар облысында «Агроқалашық» бағдарламасын іске асыру уағдаластығы аясында Екібастұзда жаңа оқу орнын ашу жоспарланып отырғанын айта кеткен абзал. Ол жерде ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар даярланбақ. Сондай-ақ поляк кәсіпкерлері Астана маңайында алып жылыжай салуға мұрындық болуда. Екі ел арасында «Жасыл көпiр» әрiптестiк бағдарламасы туралы хартия бекiтiлдi. Сөйтіп, қарым-қатынастардың жоғары деңгейі поляк және қазақ кәсіпкерлері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық неғұрлым белсенді ынтымақтастыққа жол ашатын болады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру