Валюта бағамы: $ 319.88 394.41 5.65 ¥ 50.42

АТЫРАУДА АУҚЫМДЫ ІСТЕР АТҚАРЫЛУДА

Таяуда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды талқыға салған Сараптама кеңесінің бірінші отырысы өтті. Онда тамыз айының аяғына дейін белгіленген 86 жобаның 21-і жүзеге асырылғанын, ал қалған 65-ін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғаны айтылды.

«Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 155 миллион теңге бөлінді. 2021 жылға дейінгі қар­жыландырудың жалпы сомасы 1,7 миллиард теңге болды», – деп атап көрсетті облыс басшысы.
Сараптама кеңесінің басты міндеті – бағ­дар­ламаға енетін жобаларды қарау, бекіту. Кеңес құрамына аймақтағы белгілі ғалымдар, өлке­та­нушылар, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері кірген. Кең талқылау нәтижесінде қолға алған 86 жоба жаңа идеялармен, қызықты ұсыныстармен толыға түспек.
Бүгінге дейін жобалық кеңседе түрлі дең­гей­дегі әкімдік, басқарма, мекемелер ұсынған 162 жоба қаралған екен.
Бұдан бұрын өткен мәжілісте 43 маңызды жоба ортаға салынған. Олардың арасында «Ақмешіт» қорымын жаңғырту, Атырау қаласында «Қазақ елі» орталығын салу жобалары да бар. Мына мәселені атап өтсек, негізінен мұндай бастамаларды жергілікті бюджетпен қатар демеушілер де қаржыландыруға ынта білдіріп отыр.
«Мемлекет басшысы аталған бағдарлама аясында қазақстандық қоғамды жаңғыртуға қатысты кезеңдік қадамдарды ұсынды. Біз халықтың барлық топтарын қамтуға тиіспіз, жұмысқа қо­ғам­дық ұйымдар да тартылады, облыстың әр тұрғыны бағдарламаның бір мүшесі бола алады. Сол кезде ғана осы бағыттағы жұмыстарымызда жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз», – деді осы мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Шын мәнінде, Атырау облысында мемлекеттік маңызы бар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда айтарлықтай қарқынды жұмыс жүргізілуде. Соның бір жарқын айғағындай, мұндағы тарихи орындарды қастерлеу бағытында да ілкімді істер жүріп жатыр.
Атап айтсақ, мұнайлы аймақтағы ортағасыр­лық қалалардың орны бірінен соң бірі ашылып, бірталай жәдігерлер де жинақталып қалыпты. Солардың бірегейі – қазақ хандығының алғашқы астанасы саналатын Сарайшық қаласы.
Мұндағы, кезінде Еуропа мен Азияны байланыстырған атақты қаланың орнында, қазір қазба жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Терең зерттеу жұмыстарымен айналысқан археологтарға сенер болсақ, алдағы уақытта осындағы 7 хан жерленген мекен сонадайдан «мен мұндалап» тұратын болады екен.
Шынын айтқанда, Сарайшық бұған дейін де сан мәрте қазылған. Бірақ белгісіз себептермен басталған істің дені аяқсыз қала берген. Тіпті, «Қаланың үштен екі бөлігін су шайып кетті» деген пікір де болған. Бірақ мамандар жақында ескі қаланың қағазға түскен сызбасын тауып, қазба жұмыстарын қайта жандандырыпты. Бұл жұмыстарға қазынадан 1 миллиард 500 миллион теңге бөлінген.
Сарапшылардың айтуынша, қазба жұмыс­тары басталғалы аз уақыт өтсе де, табылған жә­дігерлер саны біршама. Олардың қатарында әдет­тегідей керамикалық ыдыстар мен олардың сы­нық­тары, қоладан құйылған тиындар да өте көп кездеседі.
Тарихшылардың мәлімдеуінше, Қазақ ханды­ғының астанасы болған қала 300 жыл салтанат құрған. Жайықтың қос жағалауына кеме қатынап, маңызды сауда орталығына айналған қаланы ХV ғасырда сыртқы жаулар түгелге жуық жойып жіберген екен. Көне қала тарихы талай ғалымды өзіне магниттей тартары белгілі. Мәселен, орта ғасырлық қаланы зерттеуге ежелден көрші ел­дердің ғалымдары да қызығушылық танытуда.
Солардың бірі – Астрахань Бүкілресейлік ар­хео­логиялық тарих пен мәдениетті қорғау бөлі­мінің жетекшісі Вячеслав Плахов былай дейді:
«Дәл осы жерге ерекше көңіл бөлген жөн. Көңіл бөліп қана қоймау керек, Самарқанд, Хиуа, Бұхара сияқты атақтылардың қатарына қосу керек. Ол үшін бәрі бар, қаланың орны табиғи қалпында мен-мұндалап дайын тұр. Міне, соны қалыпқа келтірсе, анау жолмен кетіп бара жатқандардың бәрі мұнаралары күнмен шағылысып тұрған қалаға ағылған болар еді. Және Ұлы Жібек жолының бойындағы атақты шаһардың шынайы тарихын біле жүргеннің несі айып?»
Жергілікті мамандар көне қаланың қайта жаңғырар күні де алыс емес дейді. Олар «Кезінде Еуропа мен Азияны паром арқылы жалғап, айына мыңға жуық керуенді қабылдаған Сарайшық алдағы уақытта адам танымастай өзгереді» дейді.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы­ның директоры Рашида Харипова:
– Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін осы жерде консервация жұмыстарын жүргізу арқылы болашақта аспан асты музейін ашу, қонақтар келіп тоқтайтын орын салу, музей ғимаратын кеңейту сияқты үлкен жоспарлы шаралар жүзеге асатын болады, – деп сеніммен мәлімдейді.
Өкінішке орай, әзірге ескі қала орны жәдігер­лермен қатар, бей-берекет жатқан адам сүйек­теріне толы. Бұған өзен арнасының топы­рақ­ты қазып кетуі себеп болып отыр, дейді мамандар.
Әйтсе де, білікті сарапшылардың айтуынша, егер қала іргесінен өтетін Жайық жағалауының 1,5 қана шақырымы бетондап бекітілсе, орта ғасырлықтардың қаңқасы да шашылмас еді дейді. Ал қазірге дейін шашылғандарын тарихшылар арулап қайта жерлемек.
Осылайша, өткенімізге ұқыпты қарап, тарихи маңызды орынды келер ұрпаққа шашауын шығармай жеткізсек, халықтың рухын асқақтатуға және ұлы бабаларымыздың ерлікке толы ғұмырын дәріптеу арқылы өскелең ұландарымыздың па­триоттық сезімін де шыңдай түскен болар едік. Жас ұрпақ тәрбиесіне, олардың тиянақты білім алып, білікті мамандар болып шығуына облыс әкімі Н.Ноғаев тарапынан, әкімдіктің тиісті бас­қармалары мен мекемелері тұрғысынан нақты жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады.
Жуырда Атырау облысы әкімінің білім грантын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда нақ осы айтқан мәслелер кеңінен талқыға салынып, тиісті шешімдер қабылданды.
Атап айтқанда, жиында жергілікті жердегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облыс әкімінің 222 білім гранты бөлінген. Оның ішінде, педагогика саласы бойынша – 178, медицина бойынша – 35, ауыл шаруашылығы бойынша – 9 талапкер әкім грантына ие болғаны жария етілді.
Гранттан үміткер мектеп бітіруші түлек­тердің құжаттары сарапталған отырыстың қоры­тын­дысы бойынша облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қарамағындағыларға аймаққа қажетті кадрларды дайындау жұмысын алдын ала жоспарлау қажеттігін естеріне салды. Сөйтіп, өңір үшін аса қат кәсіптерге, әсіресе мұнай саласына, соның ішінде жұмысшы немесе кіші техникалық кәсіптерге жастарды баулуды қолға алуды шегелеп тапсырды.
Жұмыссыздықты болдырмау, арнайы маман­дық­пен кәсіпке баулу бағытында өңірде нақты шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, үдемелі индустриалды-инновациялық даму (ҮИИД) бағ­дарламасын оңды жүзеге асыруға сай, Атырау облысында 5,6 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр екен.
«Өңірімізде осы ҮИИД мемлекеттік бағдарла­масы аясында жалпы сомасы 3 триллион теңге құрайтын 5663 жұмыс орнын құру арқылы 54 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Тек осы 2017 жылдың өзінде ғана көлемі 5 миллиард теңге 344 жұмыс орнын қамтамасыз ететін 5 жоба іске асырылмақ», – дейді Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов.
А. Елеусізовтың айтуынша, негізгі іс-қимыл экономиканың өңдеу және өндіру секторына жұмылдырылуы, түптеп келгенде, облыс­тың ши­кі­затқа тәуелділіктен арылуына жанды ық­палын тигізуде. ҮИИД-ның алғашқы бесжылды­ғында, 2010 – 2014 жж. жалпы көлемі 66,9 миллиард теңге құраған 28 жобаларды іске қосу жүзеге асқан. Бұл 2135 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген екен.
Яғни, Атырау облысында экономиканы нақты осы өңір талабына сай өркендетуде әжептәуір ілгерілеу бар, сондай-ақ жұмыссыздықты болдырмау, өндіріске жастарды, нақты жұмыс кәсіптеріне негіздей отырып тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік саладағы оңды талпыныстар да, әкімнің атынан айтарлықтай көлемде білім гранттарын бөлу, т.б. игі істер де өңірдің Қазақстан бойынша алдыңғы қатарлы облыс деңгейінен көрінуіне негіз болып отыр. Байыпты басшылық бар жерде нақты жетістіктер де болары даусыз, демек өңірдің экономикадағы табысты көрсеткіштері алдағы кезеңде де, тиісінше, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға жақсы ықпалын тигізетін болады.

Батыр РАХМЕТУЛЛИН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X