Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Австриялықтармен серіктес болуға дайын

Орал қаласындағы «Парк Отель» қонақүйінің мәжіліс залында Австрия еліндегі сауда палатасының бастауымен БҚО-ға жұмыс сапарымен келген Австрияның бір топ кәсіпкерлері жергілікті компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Қазақстан Республикасындағы Австрия елшілігі сауда бөлімінің басшысы Михаэль Мюллердің айтуынша, Австрияның Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысуы аясында Қазақстандағы мұнайгаз саласына түрлі технологияларды, қызметтерді және құрал-жабдықты ұсынатын австриялық бір топ кәсіпкерлерді облысқа ынтымақтастық құру мақсатында ертіп келген. Бұған дейін олар Ақтау мен Атырауда болып жергілікті кәсіпкерлермен кездескен. «Бүгін Оралда, ертең Астанада жергілікті компаниялармен, кәсіпкерлер қауым­дастығымен жүздесеміз. Австриядан өкілдерін жіберген 10 шақты ірі компания әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді әрі «қанатын кеңге жайғандар». Компаниялардың өкілдері Батыс Қазақстан өңірі экономикасында оң динамика барын өз көздерімен көреді. Делегация құрамында инжинирингпен, жобалаумен, мамандарды оқытумен, сервистік қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері де бар. Қазақстанда Австриямен біріккен 50 компания жұмыс істейді. Әзірге БҚО-да австриялықтармен біріккен кәсіпорындар жоқ, сондықтан алдағы уақытта құрылуы да ықтимал», – деді Михаэль Мюллер. Оның айтуынша, жалпы 2016 жылы Австрия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 800 млн. еуроны, ал Австриядан елімізге тартылған инвестиция көлемі 20 млн. еуроны құраған.
Жиында австриялық кәсіпкерлер өздерінің компаниялары жайында мағлұмат берді. Олардың ішінде мұнайгаз саласына сорғы өндіріп, инновациялық жасақталымның көшбасшысы саналатын «Kral», «Cimos» делінетін өзінің платформасы базасында тұрба құбырлары туралы ақпараттарды басқарудың жеке жүйесін ұсынатын «ONG», мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен, ұңғы­ма ішілік жұмыстарды атқаруда Ресей мен Қазақстан нарығына танылған «Petro Welt Technologies» және өзге де компаниялардың жұмыстары кеңінен таныстырылды. «B&R Industrial Automation» компаниясының аймақтық бөлімшесінің жетекшісі Тимур Нагаев ұйымның «ABB Group» концернінің бір бөлшегі болып табылатынын әрі 30 жылдан бері түрлі саладағы өнеркәсіптік автоматтандыру жұмыстарымен айналысып, жаб­дықтар жеткізетінін әңгімеледі. Бүгінде компания алматылықтармен бірге жұмыстануда. Енді БҚО-мен әріп­тестік орнатуға мүдделі.
– Өңірдің мамандануына орай, мұнайгаз саласындағы кіші кластерді дамыту міндеті тұр. Қазір оны толыққанды дамытуға дайындық жұмыстары жүруде. Кластердің «ҚПО б. в.», «Жайықмұнай» сықылды ірі мұнайгаз компанияларына иек артатыны белгілі. Өнеркәсіптік базамыз мықты, 2013 жылы машина жасаушылардың «Машзауыт» консорциумы құрылды. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіптік өнімінің көлемі үш миллиард долларды құрап, өсім 12,3 пайыз болды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа технологиялы жаңа өндіріс орындары құрылуда. «Батыс Қазақстан машина ажсау компаниясы» «General Electric» компаниясымен бірге газтурбина құрылғыларын жөндейтін сервистік орталық, «Орал трансформатор зауыты» түрік инвесторларымен бірге «Орал электрик» біріккен кәсіпорнын құрды. «Конденсат» зауыты еуро-5 бензинін өндіруде. Биылғы жеті айда облысқа 500 млн. доллар көлемінде инвестиция тартылды. Мұның 85 пайызы – жеке инвестиция, – деген облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов бұл кездесудің екі тарапқа да тиімді болатынын, сондықтан жергілік кәсіпкерлерді белсенді диалог құруға шақырды.
Жақында Елбасы өңір басшыларымен өтке кеңесте өңір­лердің басшыларының алдына экономи­каның өсімін төрт пайызға көтеруді тапсырғаны мәлім. Ондай тапсырманың экономиканың барлық саласына, соның ішінде инвестицияға, тауар айналымына да қатысы бар. «Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтудеміз. Австрия делегациясы «Жайықмұнай», «Зениттехсервис» консорциумында болды. Австрия кәсіпкерлеріне олардың тауарларын, қызметтерін сатып алуды ғана емес, облыс аумағында өз өндірістерін ашқанын және ірі жер қойнауын пайдаланушылардың жобаны кеңейту жұмыстарына қатыс­қандарын қалайтынымызды жеткіздік. Жергілікті кәсіпкерлер біріккен кәсіпорын құруға, серіктес болуға әзір», – деді облыстық инвестициялар, туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Әнуар Ниетқалиев.
Бәсекелестік заманда батысқа­зақ­стандық кәсіпкерлерге озық технологиялары трансферттеуге, маман­дарды оқытуға тұрақты се­рік­тес қажеттігі сөзсіз. Мамандар инвесторлардың БҚО-ны Ресейге, Қытайға, Иранға экспортқа шығатын алаң деп қарастырғандары жөн деседі. Бұл кездесуден кейін австриялық компаниялардың өз тәжірибесін жергілікті компаниялар бірлесіп дамытқаны маңызды. Өйткені еуропалық технологияларды тарту ерекше назарда.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X