Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

ТӘЖІРИБЕЛІ БАЛУАНДАРДЫҢ БЕЛДЕСУІ

Шын жүйрікке тұсау жоқ

Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған қазақ күресінен «Әлем барысы-2017» дәстүрлі турнир өз мәресіне жетті. Додаға әлемнің ең мықты деген 42 балуаны бақ сынады.

Жарысқа АҚШ, Куба, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Грекия, Грузия, Моңғолия және Африка құрлығының мемлекеттерінен күші бойында тасып тұрған кіл мықтылары қатысты.Еліміздің намысын ең мықты деген бес балуан қорғады. Олар – «Қазақстан Барысы-2013» турнирінің жеңімпазы және екі дүркін қола жүлдегері (2012, 2017) Айбек Нұғымаров, 2017 жылы «Қазақстан барысы» және «Әскер барысы» атанған Еламан Ерғалиев, «Қазақстан Барысы-2013» турнирінің және биылғы ел чемпионатының күміс жүлдегері Ержан Шынкеев, 2016 жылғы «Астана қыраны» Айбат Сейтен және еліміздің талантты жас балуаны Дәурен Нұралиев «Әлем барысы» атану үшін барын салып белдесті.
Алғашқы айналымда биылғы «Қазақ­стан барысы» бәсекесінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев күтпеген жерден Ержан Шынкеевке ұтылып қалды. Айбек Нұғымаров, Дәурен Нұралиев, Айбат Сейтен жеребеге сәйкес тікелей екінші кезеңге жолдама алды. Екінші айналымда Дәурен Нұралиев өзбек балуаны Мухсин Хисомиддиновке есе жіберіп қойса, үшінші айналымда Айбат Сейтен грек Масманидис Тэнторэден ұпай санымен жеңіліп қалды. Ширек финалдық кездесуде қазақ күресі мамандары биыл «Әлем барысы» атанады деп болжаған екі мықты балуанымыздың жолы түйісіп қалды. Айбек Нұғымаров пен Еламан Ерғалиев ширек финалда белдесіп, кездесудің алғашқы үш минутында Еламан жамбас ұпайымен жеңіп жатқан болатын. Алайда, күрестің соңғы минутында Айбек әдіс жасап, жартылай жеңіс ұпайымен жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров «Әлем барысының» жа-ртылай финалына шықты. Ал үшінші ширек финалдық белдесуде Ержан Шынкеев армениялық Акоб Аракеляннан бір жартылай жеңіс және бір жамбас ұпайымен басым түсті. Сөйтіп, Ержан жартылай финалда ресейлік Рустем Арслановты алып жыққан грузин балуаны Гурам Тушишвилимен финалдық белдесу жолдамасын сарапқа салды.
Жартылай финалдық бәсекеде Айбек Нұғымаров Моңғолия қазағы Серік Бердімұратпен белдесті. Екеуі де бірінші минутта бүк ұпайын иеленді. Содан кейін екі минут уақыт салып Айбек тағы бір бүк ұпай алып, жамбас ұпайымен жеңіске жетті. Сөйтіп, ол қатарынан екінші рет «Әлем барысы» турнирінің финалдық белдесуіне шықты. Ал екінші жартылай финалдық кездесуде Ержан Шынкеев грузиялық балуан Гуран Тушишвилимен күш сынасып, белдесудің соңғы секундында Ержан қарсыласынан таза әдіспен жеңіліп қалды.
Қола жүлдесін сарапқа салған Ержан Шынкеев пен Серік Бердімұрат арасында өткен тартысты бәсекеде қазақстандық балуанның асығы алшысынан түсті. Әдісі мен тәсілі артық шыққан қарағандылық спортшы қарсы­ласынан айласын асырып, ұпай санымен жеңіске жетті.
Сонымен, 2017 жылғы «Әлем бары­сының финалында А.Нұғымаров пен грузин балуаны Г.Тушишвилидің боз кілемде жолдары алғаш рет түйісті. Бұған дейін отандасымыз А.Нұғымаров «Қазақстан барысы – 2013» турнирінің жеңімпазы және екі дүркін қола жүл­дегері (2012, 2017) болған болатын. Сонымен қатар ол «Әлем барысы – 2014» турнирінде күміс жүлдені олжалаған. Ал грузиялық балуан дзюдодан Еуропа чемпионы (2017).
Екі алыптың айқасы бастала сала грузиялық спортшы бірден шабуылға шығып, бүк ұпайын иеленді. Алайда Айбек те есесін жіберген жоқ. Ұрымтал сәт­тің бірінде қарсыласын шалып жы­ғып, таразы басын теңестірді. Арпалысқан сәттердің бірінде қарсыласын қапсыра құшақтаған А.Нұғымаров грузиннің қос аяғын аспаннан келтірді. Осылайша грузин балуанынан айласын асырған жерлесіміз «Әлем барысы – 2017» турнирінің жеңімпазы атанды.
«Әлем барысы» атанған А.Нұғы­ма­ров­қа 15 миллион теңге сый­ақы табыс­талды. Ал финалда сүрінген грузин Г.Тушишвили 5 миллион теңге иеленді. Үшінші орын иеленген қ Ержан Шынкеевке «Қола белбеу» мен 3 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X