Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Міндеттер мерзімінде орындалуда

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста алдағы жылыту маусымына дайындық жайы, сондай-ақ, елімізде энергияны үнемдеу шаралары, білім беру нысандарының уақытылы салынуы сияқты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

Қазақстанның энергия таратушы кәсіпорындарының алдағы күз-қыс кезеңіне даярлық жұмыстары аяқталуға жақындап қалды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ай сайын мүдделі мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен түйткілді мәселелерді талқылау және олардың шешімін табу шараларын қабылдау бойынша салалық селекторлық кеңестер өткізіліп тұрады.
Биыл 10 энергия блогына, 61 энергетикалық қазандыққа және 49 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Қазіргі жағдай бойынша 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 22 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. 4 энергия блогында, 30 қазандықта және 21 турбинада түрлі аяқталу деңгейінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Сол сияқты, жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын электр тарату желісіне және 6 300 аралық стансаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 17 мың шақырым электр тарату желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілген, бұл жоспардың 71 пайызын құрайды. Мұнда да жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Электр стансаларында 3,7 млн. тонна көлемінде көмір қоры бар, бұл өткен жылдың деңгейінен 24 пайызға артық, сондай-ақ 82 мың тонна мазут бар.
Бұдан өзге, Энергетика министрлігінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің, экспедиторлық және көмір өндіру компанияларының, көмір электр стансалары өкілдерінің қатысуымен энергия көздерінде отынның нормативтік қорын құру және көмір тасымалдау мәселелері жөнінде кеңес өткізіліп, оның қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берілген.
Өз кезегінде инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек алдағы жылыту маусымына дайындық мақсатында 2017-2018 жылдарға арналған жұмыстар жоспары бекітілгенін айтып өтті. Оған сәйкес 15 қазанға қарай барлық нысандарды, соның ішінде дербес қазандықтар мен инженерлік желілерді дайындау жұмыстары толығымен аяқталады, сондай-ақ, бүкіл дербес жылу көздері отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі сәтте 11 139 білім беру нысаны жоспар бойынша 100 пайыз жөнделген. Денсаулық сақтау нысандары бойынша 6 445 нысанды жөндеу көзделген болса, бүгінде олардың 98 пайызы дайын. Жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған 43 572 тұрғын үйдің 88,2 пайызы дайын.
Жылу көздері туралы айтар болсақ, жергілікті атқарушы органдар 10 326 дербес қазандықты жөндеуді жоспарлаған, олардың 94,3 пайызы әзір. Қазіргі кезеңге жоспарланған 2 113 шақырым жылу желісінің 2 000 шақырымы жөнделген. Бүгінгі таңда Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жылу желілері шамамен 85 пайызға дайын. Сумен жабдықтау желілерін әзірлеу аясында, жоспардағы 2 040 шақырымның 87,6 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Отын әзірлеу мәселесі бойынша, дербес қазандықтардың отынға деген қажеттілігі алдағы маусымда 1 227 мың тонна көмір мен 122 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінгі таңда 1 070 мың тонна көмір және 63,6 мың тонна мазут өндірілген.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев министрліктің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп білім беру нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдарын жылыту маусымына дайындау жұмыстары жөнінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады. Министрдің айтуынша, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары коммуналдық қызметтермен бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілуде.
Жалпы, жергілікті маңызы бар 5 733 нысанның жылыту маусымына дайындығы орта есеппен 92 пайызды құрайды. Сонымен қатар 11 өңірде жұмыстар 90 пайыз және одан жоғары деңгейде орындалған.
Отырыста Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының, Астана және Алматы қаласының әкімдері және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары сөз сөйледі.
Тақырыпты түйіндей келе, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, сонымен қатар өңірлерге отын сатып алуға бөлінген қаражаттар туралы деректерді жинақтауды тапсырды. Аталған жұмысқа жауапкершілік Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.
Жиында қаралған келесі мәселе – энергия үнемдеуді реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары болатын. Бұл ретте Қазақстанның ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай 25 пайызға және 2050 жылға қарай екі еседен кем емес төмендету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек баяндады.
Қазіргі энергия үнемдеу жүйесінің негізі 2012-2015 жылдары қаланды. Толық нормативтік-құқықтық база қалыптасты, Ұлттық даму институты айқындалды, Жапонияның тәжірибесі бойынша энергия үнемдеу жүйесінің негізгі элементі – Мемлекеттік энергетикалық тізілім жасалды. Бүгінде онда 5 мыңнан астам ұйым қамтылған, деді министр.
2016 жылы МЭТ субъектілерінің энергия ресурстарын жалпы тұтынуы 49 млн. тонна шартты отынды құрады. Бұл еліміздің жалпы энергия тұтынуынан 38 пайыз және заңды тұлғалардың жалпы тұтынуының шамамен жартысын құрайды.
Бекітілген жоспарларды талдау қорытындылары бойынша 2015-2016 жылдары МЭТ субъектілерінің энергия үнемдеуге 178 млрд. теңгеден астам инвестиция салғанын атап өтуге болады. 2020 жылдың соңына дейін тағы 200 млрд. теңгеге жуық қаржы инвестициялау жоспарланып отыр.
Орташа мерзімді кезеңде ведомствоның алдында екі ірі міндет тұр. Біріншіден, энергия үнемдеуге ынталандыру тетіктерін кеңейту қажет. Екіншіден, энергияны үнемдеудің аймақтық саясатын жүзеге асырудағы жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыруды көздейтін энергияны үнемдеу саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру қажет.
Сонымен қатар отырыста энергия үнемдеу мәселесі бойынша Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев энергия тиімділігі саласында қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Инвестициялар және даму министрлігіне Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе отырып, өнім бірлігін өндірудегі энергия тұтыну нормативтерін белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ әрбір жекелеген кәсіпорын үшін энергия сыйымдылығын жыл сайын төмендетіп отыру мәселесін пысықтау жүктелді. Бұдан өзге, Ұлттық экономика министрлігіне Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру бойынша критерийді орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімділігін бағалау жүйесіне қосу тапсырылды.
Үкімет отырысында сондай-ақ «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының білім беру саласында іске асырылу барысы қаралды. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев берген есеп бойынша, биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен 109 мектептің құрылысына 71,7 млрд. теңге бөлінген, оның 26,5 млрд. теңгесі бұған дейін басталған 53 мектептің құрылысын аяқтауға және 45,2 млрд. теңгесі 56 мектептің құрылысын бастауға бөлінді. Биылғы жылдың жоспары бойынша 2016 жылы қаржыландырылған 76 мектеп пен 2 балалар бақшасы пайдалануға беріледі.
Өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар барысын Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының әкімдері баяндады.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өзінің бірінші орынбасары Асқар Маминге және орынбасары Ерболат Досаевқа қажетті жұмыстарды жүргізіп, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп мектептердің құрылысы саласындағы тендерлерді жүргізу рәсімдерін өзгерту шараларын қабылдауды және мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттарды игеруді жылдамдатуды тапсырды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X