Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Жаңғыртудың жаңа кезең міндеттері

Дүйсенбі күні алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясы жұмысын бастады. Осыған орай мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Парламент палаталары мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Елбасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабына сәйкес алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын ашық деп жариялады.
– Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын! 28 маусымда Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, Парламенттің жоғарғы палатасының құрамы жаңарды. Жаңа сайланған халық қалаулыларын да қызметтерімен құттықтап, табыс тілеймін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстанда жаңғырудың жаңа көкжиектері ашылып, іргелі үдерістерді жүйелі түрде іске асыру басталғанын атап өтті. «Жаңғыру үрдісі негізгі үш сала – экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде. Осы реформалардың негізінде біз «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы мақсаттарымызға жетеміз. Елдегі тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз. Түпкі мақсатымыз – өркендеп өскен отыз елдің қатарында болу», – деді Президент.
Елбасы депутаттардың өткен сессиядағы қызмет нәтижелеріне тоқталып, еліміздегі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

– Көзделген жұмыстардың қарқынды әрі жүйелі атқарылуына Парламенттің де қосқан үлесі зор. Өткен сессияда жемісті жұмыс жасалды. Парламент қоржынындағы 111 заң жобасының 84-і қаралып, қабылданды. Қазір олар еліміздің игілігіне қызмет етуде. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ең негізгі, біз үшін өте қажетті, маңызды екенін білесіздер. Депутаттардың белсенділігі де жоғары деңгейде, сіздердің бастамаларыңызбен бір жылда 15 заң жобасы дайындалды. 17 үкімет сағаты мен 7 парламенттік тыңдау аясында билік тармақтары маңызды мәселелер бойынша қоян-қолтық жұмыс істеді. Қос палатаның жалпы отырыстары мен Үкімет сағаттарының онлайн режімде өтуі Парламенттің жұмысын ашық әрі халыққа қолжетімді ете түсті, – деді Елбасы.
Президент жүргізілген саяси реформалардың нәтижелеріне назар аударып, бүкіл мемлекеттік аппараттың алдына қойылған міндеттерді іске асыруда Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі жоғары екенін айтты.
Үшінші сессияда осы жақсы үдерістерді жалғастырып, қарқынды әрі сапалы жұмыс істеу керектігін, жаңғырудың мәнін елге жете түсіндіру – басты міндеттердің қатарында екенін атап көрсетті. «Алдымызда талай сүбелі шаруалар тұр. Басталған келелі істерді әрі қарай да заңнамалық қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ жан-жақты жаңғырудың мәні мен мақсатын елге жете түсіндіріп, оған халықты жұмылдыру да басты міндеттердің қатарында. Депутаттар өзге билік тармақтарымен және халықпен тығыз жұмыс істеп, ел сенімін ақтайтынына кәміл сенемін», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы қоғамды дамытудың жекелеген бағыттарына тоқталды.
– Қазақстан үшін 2017 жыл ерекше маңызға ие, – деп жалғастырды сөзін Президент. – Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында біз, жоғарыда айтып кеткеніміздей, үш базалық сала – экономиканы, саясатты, сананы жаңғыртуға кірістік.
Біріншіден, Жолдауда технологиялық, инфрақұрылымдық жаңғыртудың жаңа кезеңіне серпін берілді. Екіншіден, конституциялық реформа билік тармақтарының дәл тепе-теңдігін қалыптастырды. Үшіншіден, біз рухани жаңғырту мен ұлттық сананы жаңартудың үдерістерін кең көлемде жүргізе бастадық. Іс жүзінде осы үш бағыт қазақстандық жаңғыртудың жүйелік триадасы болып табылады.
Мемлекет басшысы біздің жаңғыртуымыз айтарлықтай күрделі жаһандық жағдайда жүріп жатқандығын атап өтті. «Әлемді бұрынғысынша тынышсыздық билеп тұр. Державалар арасындағы үнқатысу санкциялық саясатпен ілесе жүруде. Өңірлік жанжалдар да толастар емес. Деструктивті идеологиялар өзінің ықпалын кеңейтуді жалғастыруда. Оның үстіне, жаңа мүмкіндіктермен қатар, тәуекелдерді қоса әкеле жатқан тотальды цифрландыру да күш ала түсуде. Осының барлығы жаңғырту уақытының есебі жылдап емес, минуттап жүретінін білдіреді. Қазақстан міндетті түрде үлгеруі тиіс. Мен мұны еңсере алатынымызға сенімдімін», – деді Президент.
Парламент өзінің жұмысын жаңа жағдайларда, палаталар да, Үкімет те қосымша өкілеттіктерге ие болған кезде бастағалы отыр. Яғни жауапкершілік жүгі де ауырлай түсері сөзсіз. «Практикалық міндеттер, бірінші кезекте, атқарушы билікке жүктелетіні белгілі. Үкімет жыл сайынғы Заң жобалау жұмыстары жоспары шеңберінде көптеген заң жобаларын негізгі жасаушы болып қалып отыр. Сонымен бір мезгілде Парламент депутаттары да заң шығаруда барынша көбірек бастамашылық таныта бастады. Мен мұны оңды құбылыс деп санаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бұл жерде мәселеге қашанда тар ведомстволық немесе өңірлік мүдделер тұрғысынан емес, жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан келу керектігіне, сонымен қатар қабылданатын заңдарды халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігіне назар аударды. «Соңғы кездері заң шығармашылық үдеріс ашығырақ бола түсті. Парламенттік тыңдаулар өткізіліп тұрады, жобаларды талқылауға сарапшылар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері тартылып жүр. Соған қарамастан, азаматтар әркез құлағдар емес, заңдардан туындайтын өз құқықтары мен міндеттерін білмейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстандықтар заңнамалық жаңалықтардың барысынан хабардар болуға толықтай құқылы. Бұл туралы мен судьялар съезі мен ҚХА сессиясында айтқан болатынмын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Осы маңызды жұмысқа барлығы – Үкімет, Парламент, мемлекеттік аппарат, сарапшылар қоғамы қатысулары тиіс. Қабылданатын заңдарды түсіндірудің үйлестірушісі – Әділет министрлігі. Осы жерде атап көрсететін жайт: бүгінде биліктің барлық тармағынан жауапкершілік пен үйлесімділік талап етіледі. Біздің заңдарымыз барынша бәсекеге қабілетті, прагматикалы болуы тиіс және аса жоғары стандарттарға жауап беруі керек».
Мемлекет басшысы Қазақстан қазіргі таңда бірқатар маңызды стратегиялық міндеттердің қарсаңында тұрғандығын атап көрсетті. Парламент, Үкіметпен бірлесе отырып, Ұлт жоспарын, Жолдауды және тұтастай алғанда барлық қабылданған бағдарламаларды қамтамасыз ету мүмкіндіктерін толықтай пайдалануы тиіс. 2018 жылы қоғамды рухани жаңғыртуға байланысты бірқатар бағыттар бастау алатын болады.
– Біріншіден, біз қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жұмысты бастадық. Сондықтан біз жат әрі ескірген догмалар шеңберінде қалып қоймауымыз керек. Біздің өзімізге тән бай тәжірибеміз, құндылықтарымыз бен даму жолдарымыз бар, – деп жалғастырды сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. – Мәдениет саласы ерекше маңызға ие, сондықтан аталған саладағы заңнаманы жетілдіру талап етіледі.
Осы ретте заң жобалау жұмыстарының жоспары бойынша елімізде алғаш рет «Кинематография туралы» заң қабылданатын болады. Онда отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудың тұжырымдамалық негіздері айқындалуы керек.
Қоғамдық сананы жаңғырту этносаралық қарым-қатынастарды реттеумен де байланысты. Бұл орайда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етіледі. Осы тұста Президент мемлекет пен діннің қарым-қатынасын жетілдіру қажеттігін айта келе, заңнамалық база қоғамның дін саласындағы кез келген деструктивті қызметінен қорғауды қамтамасыз етуі тиіс екеніне, тұтастай, қо-ғамдық сананы жаңғырту қазақстандықтардың прагматикалық, бәсекеге қабілетті, ашық жаңа буынына жол ашатынына тоқталды.
Екіншіден, экономиканың өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. «Атап айтқанда, мультипликативті әсер беретін салаларды қолдаған жөн. Мұның ТКШ, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, көлік, логистика және геологиялық барлау салаларына қатысы бар. Мәселен, су және жылумен жабдықтауды жаңғыртудың өзі орасан қаражатты қажет етеді. Инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тарту үшін ТКШ және тариф қалыптастыру салаларындағы заңнаманы жетілдіру керек. Бұл осы саладағы тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделерін теңдестіруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестігін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру керек», – деді Мемлекет басшысы.
Үшіншіден, биыл Парламенттің қарауына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізілетінін айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз салық саясатын едәуір жақсартуымыз керек және бизнестің «сұрғылт» сызбаларсыз ашық жұмыс істеуін ынталандырғанымыз жөн. Сонымен қатар, тиімсіз жеңілдіктер мен артықшылықтардан бас тартып, салықтық әкімшілендіруді оңайлату қажет. Ағымдағы сессия барысында кеден заңнамасын жаңарту міндеті тұр», – деді.
Төртіншіден, тікелей инвестиция тартуға және экспорттық өндірісті ынталандыруға үлкен маңыз беріледі. Сондықтан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жөніндегі заңнамаларды жақсартқан жөн. Жолдауда қаражатты нақты экономикаға дейін жеткізудің тетіктерін жетілдіру бойынша міндет қойылды. Квазимемлекеттік сектордағы сыртқы және ішкі займдарға егжей-тегжейлі мониторинг және бақылау жасау қажет. Депутаттарды осы саладағы заңнамалық жұмысты жүргізу ісі күтіп тұр.
Бесіншіден, Президент қаржылық реттеуші ретінде Ұлттық банктің превентивті режімде жұмыс істеуі қажеттігін уақыттың өзі көрсеткенін атап айтты. «Демек, оған банктерді бақылау үшін заңнамамен көбірек мүмкіндіктер берген жөн. Бұл жеке банктердің қызметінің күйреуіне, соңынан мемлекеттің есеп айырысуына тура келетін жағдайларға жол бермеу үшін қажет. Сондай-ақ бизнесті дамыта отырып, біз саламатты бәсекелестікке жағдай жасауымыз қажет. Яғни бағалық және тарифтік, оның ішінде сату мен сатып алудағы сөз байласуларды анықтау және жолын кесу жөніндегі құқықтық тетіктерді жақсарту керек», – деді Мемлекет басшысы.
Алтыншыдан, бүкіл әлемде сақтандыру – азаматтарды әлеуметтік қорғаудың маңызды жағы, ал сақтандыру ұйымдары – ірі инвесторлар. Біздің елімізде де сақтандыруды дамытып, сақтандыру қызметтерінің деңгейі мен қолжетімділігін көтеру қажет. Осы ретте Елбасы медицина саласындағы сақтандыруға қатысты бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
Жетіншіден, дәрі-дәрмектер айналымы да маңызды әлеуметтік мәнге ие. Осы саладағы баға өсуінің алдын алатын шаралар қажет. Сондықтан дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналымын реттеп отыру керек. Қазақстандықтардың қолжетімді, сапалы және қауіпсіз дәрі-дәрмекті пайдалануға құқықтары бар. Бұл бизнес қана емес, бірінші кезекте, ол – әрбір адамның денсаулығы, ұлт саулығы.
Сегізіншіден, соңғы уақыттары цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері айрықша көкейкесті бола түсті. «Ұлт жоспарында ақпараттық қоғамды дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылған. Заң жобасы сіздердің қарауыңызда жатыр. Бірақ оның екінші жағы да бар, – деді Мемлекет басшысы. – Тек соңғы үш жылда ғана интернетте құқыққа қарсы контент 40 есе өсті. Демек, бізге сенімді «Қазақстанның киберқалқаны» қажет. Біз оны жасауды кейінге қалдыра алмаймыз. Еліміздің, мәдениетіміздің, өз құндылықтарымыздың мүдделерін қорғау қажет. Бұл – қауіпсіздік мәселесі. Оның сыртында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі айрықша назар аударуды талап етеді. Саланы дамыту үшін тиісті министрлік құрылды. Министрліктің өз жұмысын толыққанды жолға қоюына жағдай жасайтын заң жобасы үстіміздегі жылы Парламентке енгізілетін болады. Оны шұғыл түрде қабылдау қажет».
Президент құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды одан әрі жалғастыру арқылы қылмыстық процесті жаңа деңгейге шығарып, құқық қорғау органдарының жұмысын халықаралық стандарттарға жақындату қажеттігін атап өтті.
Елбасы атап көрсеткендей, бұрынғысынша өткір күйінде тұрған мәселенің бірі – азаматтар мен бизнеске әкімшілік қысым жасау проблемасы. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары көптеген жағдайда қысым жасау тетігі ретінде қолданылады. Ол кәсіпкер-лікке кедергі келтіруде. Үкімет әзірлеген түзетулер азаматтар мен бизнеске жасалатын қысымды барынша азайтатын болады. Бұл түзетулерді жыл соңына дейін қабылдау қажет.
Оның сыртында бизнес ортаны жақсартуға, бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға, бизнестің кемшіліктерін төмендетуге бағытталған заң жобасы дайындалды. Оны да ағымдағы сессия шеңберінде қараған жөн. Заңдардың орындалуына бақылау жасауға назар аудару қажет. Бұл жұмысқа, өз өкілеттіктері шеңберінде, депутаттық корпус та атсалысуы керек.
Парламенттің, бүкіл елдің алдында үлкен де жауапты жұмыстар тұр. «Кең ауқымды міндеттер мен шешімдер, ол – біздің іс жүзінде 2017 жылдың жаһандық сын-қатерлеріне қайтарған жауабымыз. Жаңғырту ісі бүкіл күш-жігерді жұмылдыруды талап етеді. Жаңа жағдайларда заң шығарушы және атқарушы тармақтар сындарлы қызметтестікте болуы тиіс. Көптеген жағдайда ортақ ісіміздің табысты болуы осыған байланысты», – деді Елбасы.
Қазақстан халқы ел бірлігінің арқасында қай кезде де алдына қойған биік мақсаттарының бәріне жетіп келеді. Депутаттар корпусына елде түбегейлі жаңғыртуды заңнамалық қамтамасыз етудің зор абыройлы міндеті жүктеліп отыр. «Сондықтан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жемісті жұмыс істейтін боламыз. Баршаңызды кезекті парламенттік сессияның ашылуымен құттықтай отырып, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Істеріңіз ілгері болсын!», – деп аяқтады сөзін Мемлекет басшысы.
Парламент палаталарының бірлескен отырысын жүргізген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің заңнамалық билікке берген тапсырмаларының мүлтіксіз орындалатынына депутаттар атынан сенім білдіріп, жиынды жапты.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X