Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Су жаңа мектептерде – қоңырау сыңғыры

Апат пен ауысым алаңдатпайды

Күні кеше еліміздің барлық мектептерінде қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы да басталды. Білім күнінде Ақтөбе өңірінде сегіз мектеп пайдалануға беріліп отыр. Жаңа оқу жылын су жаңа ғимараттарда бастаған жас өрендердің қуанышты сәттеріне облыс басшысы Бердібек Сапарбаев ортақтасып, олардың алдағы қадамдарына сәт-сапар тіледі.

Облыс орталығындағы құрылыс кеңінен қанат жайған аудандардың бірі «Батыс-2» тұрғын үй аумағында тұрғындар санының өсуіне орай жаңа мектеп ғимараттарын тұрғызу қажеттілігі ескерілген болатын. Сәйкесінше, мұнда сапалы білім беру нормалары мен жоғары стандарттарға сай 320 және 620 оқушыға арналған жаңа мектептер бой көтерді. Екі мектептің құрылысы Ұлттық қордан қаржыландырылды. Білім беру нысандары ең соңғы үлгідегі жаңа технологиялармен қамтылған. Заманауи оқу кабинеттері, компьютер-кітапханалар, мультимедиялық құрал-жабдықтар жаңа білім ғимаратының мәртебесін биіктетіп тұр. Жалпы, жаңадан бой көтерген «Батыс-2» шағын ауданында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, спорт кешенінен бөлек, Денсаулық саябағы, Шығармашылық академиясы балалардың жан-жақты өсіп-жетілуіне, лайықты білім алып, бос уақыттарын тиімді пайдалануына мүмкіндік туғызады. Аталған әлеуметтік ғимараттардың барлығы халықтың игілігі үшін жұмыс істеуде.
Ақтөбенің іргесіндегі Нокин ауылында білім күні есігін айқара ашқан оқу ғимаратында да көз қуантарлық көрініс. Сол сияқты, жаңа оқу жылында шалғайдағы Шалқар, Ырғыз, Ойыл және Мұғалжар аудандарында да жаңа мектептер пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысы 600 оқушыға арналған. Апатты және үш ауысымды жағдайдағы мектептерді жою мақсатында салынған нысандардың құрылысына республикалық және облыстық қазынадан қомақты қаражат қарастырылды. Осылайша, облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысымдық мектептерді жою жөніндегі шаралар айтарлықтай шешімін тапты. Қазіргі күні 25 жалпы білім беретін мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Ал алдағы оқу жылынан бастап 11 мыңға жуық баланың ойдағыдай білім алуына арналған мектеп ғимараттарының құрылысына 25 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Сондай-ақ биылғы оқу жылында облыста 57 мың бала (1,2,5,7-сынып оқушылары) жаңартылған білім мазмұны бойынша оқиды. Ал оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Осыдан он шақты жыл бұрын аз ғана тұрғыны бар Нокин елді мекенінде бүгінгі таңда халық саны 3 мыңға жетіп отыр. Сондықтан облыс басшылығы оңтайлы шешім қабылдап, балалардың жақын жерден жаңа мектепке баруына жағдай жасады. Нокин ауылында бой көтерген жалпы алаңы 5 214,7 шаршы метрлік үш қабатты жаңа білім ордасы 320 баланы қабылдауға дайын. Мектептің ашылуы бүгінге дейін үш ауысымда оқып келген Благодар орта мектебіндегі қиыншылықтарды жеңудің бірден-бір жолы болып отыр. Жаңа үлгідегі жиһаздармен жабдықталған мектепте спорт залы, бір мезгілде 90 баланы қабылдайтын асхана, сондай-ақ, мектеп ауласында баскетбол, волейбол, жүгіруге арналған алаңдар бар. Биыл 27 бүлдіршін мектепке қабылданды. Жаңа білім ордасында жалпы саны 14 жиынтық-сынып болса, оның алтауы жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алады.
Оқушылардың төл мерекесінде жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған облыс әкімі ауыл тұрғындарына шынайы тілегін жеткізді.
– Әрбір халықтың болашағы ұрпағының білімі, ілімі, тәрбиесі, мәдениетіне байланысты. Сондықтан әрбір мемлекет өз болашағы үшін білімге үлкен көңіл бөледі. Біз кезінде компьютер, интернет дегенді білмедік. Ол кезде балалардың шетелдегі беделді жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі, мектептердегі әдістемелердің дүниежүзілік стандартқа сай дайындалуы, әрбір өңірде маман талабына сай зияткерлік мектептердің ашылуы, Қазақстанда әлемнің үздік профессорлары дәріс оқитын жоғары оқу орны болуы туралы ойламадық. Шүкіршілік, қазір заманның биік талаптарына сай білім алуға мүмкіндік бар. Тек шаршамай, жалықпай еңбектену керек. Балалардың білім алуы ата-аналарына байланысты. Егер ата-ана баласының, қоғамның алдындағы жауапкершілігін толық орындаса, бала білімді, тәрбиелі болып өседі. Екіншіден, мұғалімге байланысты. Ұстаз балаға жан-жақты білім беріп, ой-өрісін дамытуы керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Жаңа мектептердің ашылу салтанатында облыс басшысы тұрғындарды балалардың біліміне, тәрбиесіне ерекше мән беруге, бірлікті сақтауға, еңбек етіп, жаңашылдыққа ұмтылуға, озық ойлы ұрпақ өсіріп, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға, сөйтіп, еліміздің үздік отыз елдер қатарына қосылуын жеделдетуге шақырды.
Мектептердің ашылу рәсімінде аудан ақсақалдары, ардагер-ұстаздар тілектерін айтып, жиналғандарға 1-сынып оқушылары ән мен жырдан шашу шашты. Жаңа мектептердің ашылу салтанатына арнайы келген облыс басшысына ұстаздар мен оқушылар қауымы алғыстарын жеткізіп, жаңа білім ордасының салынуына қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын білдірді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Алмагүл
    08.09.2017 at 11:58 am

    Аттаған қадамдарың құтты болсын. Ақ жол, балалар!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру