Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Рухани журналистика – адамгершілік тірегі

Журналистика – замана айнасы, өмір шындығының бейнелі көрінісі. Руханият атаулы қоғамдық өмірдің өзекті бір саласы болып табылатындықтан, рухани журналистиканың отандық ақпарат айдынына шыққаны таңданыс туғызбаса керек. Халқының 70 пайыздан астамы ислам дінін ұстанатын Қазақстанда бүгінгі таңда жергілікті жерлерде мешіттер саны жылдан-жылға өсіп келеді, дін қызметкерлерін даярлайтын орта және жоғары оқу орындары ашылу үстінде. Сондай-ақ жүздеген шәкірт Түркияның, Египеттің, Малайзияның білім ордаларында тәлім-тәрбие алды. Рухани тақырыпқа қалам тербейтін журналистер легі, арнайы басылымдар пайда болды.

Қазіргі таңда әлемнің барлық елдерінде дерлік діни журналистика инфрақұрылымы қалыптасып үлгірген. Мәскеулік профессор Е.Прохоров «діни журналистика діни және клерикалдық ұйымдар құрған дербес басылымдар және ТВ-мен радиохабар арналары түрінде, сондай-ақ зайырлы газеттер беттеріндегі, теле-және радиожелілер құрылымдарындағы арнайы айдарлар мен айдарлық бағдарламалар түрінде көрініс табуда. Сонымен қатар арнайы діни радио-және телеуағызшы кәсібі өмірге келіп, олар жүргізген хабарлар аса ауқымды аудиторияны қамтып отыр» – деп жазады.
Өзге ТМД елдері сияқты, Қазақстанда да рухани журналистика тәуелсіздік жылдары жедел дамыды. Араб елдері журналистикасы, журналистика және дін тақырыбына оқулықтар, ғылыми еңбектер жазылды. Рухани журналистика ғалым Р.Бегімтаева зерттеулерінің өзегі болып табылады. Оның «Араб журналистикасы» атты оқу құралы елімізде ғана емес, сондай-ақ ТМД кеңістігінде осы тақырыпта жазылған тұңғыш еңбек саналады. Рахима Шәріпқызы бұқаралық ақпарат құралдарында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бейнесінің көрініс табу ерекшеліктерін зерттеп жүргенін айитуымыз керек.
Ғалым Р.Бегімтаева «Дін және журналистика» атты еңбегінде Қазақстанда діни журналистиканың қалыптасу және даму ерекшеліктерін зерттейді. «1992 жылдың 6-қаңтарынан бастап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни-танымдық тәуелсіз газеті – «Иман» қазақ тілінен өзге шешен және ұйғыр тілдерінде шығып, көп ұзамай жабылып қалды. Оған қаржы табу қиынға түсті. Қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни-танымдық «Ислам және өркениет» газеті мен 2003 жылдан бастап «Иман» діни-танымдық журналы да шыға бастады. 1992 жылы Астана мешітінің үні «Нұр» газеті де жарық көрді, –деп жазады ғалым.
1996 жылы жарық көрген «Ислам әлемі» діни-мәдени көпшілік журналы оқырманын имандылыққа, тура да таза жолға бастайтын басылым ретінде көрінді. Шағын ақпараттан бастап, танымдық, прблемалық мақалалар, діни дастандар, тәпсірлер көптеп кездеседі. Тілі таза, түсінікті бұл басылым – діни баспасөздің көшбастаушысы.
1998 жылы шыққан Ислам тану журналы – «Шапағат нұр» деп аталады. Бұл журнал Бухариден келген хадисте Пайғамбарымыздың «Дінді заманына сай үйретіңдер» деген өміршең өсиетін басшылыққа алады. Журналдың көптеген айдарлары бар. Сондай-ақ бұл журналдың ерекшелігі – қазақ тілімен қатар орысша да шығуында. 1990 жылы Ә.Нұғыманованың басшылығымен «Қазақстан мұсылман әйелдері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Соған орай осы бірлестіктің үні болып, «Алтын қазық» журналы, бас редакторы Г.Жебесіннің жетекшілігімен «Алдаспан» тәуелсіз журналы 1997 жылы дүниеге келген еді. Бұл басылымдардың мақсаттары да Ислам құндылықтарын жан-жақты уағыздап, тәлім-тәрбие беру еді.
2001 жылдың желтоқсан айынан бастап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан қажылары қауымдастығының «Ислам» газеті шыға бастады. Жаңа ғасырда Қазақ теледидары жаңа діни хабарлармен толықты. «Қазақстан-1» арнасында Б.Тілеуханның, С.Ыбыраевтың, Б.Сапаралының діни хабарлары Қазақ теледидарын мазмұндық жағынан байытып, ұлттық санаға серпіліс тудырды. Қазіргі кезде діни хабарды «Рахат» арнасы тұрақты жүргізіп келеді. Діни хабарды қалыптастыруда «Қазақстан теледидары мен радиосы» корпорациясында бас директор болып қызмет атқарған М.Тоқашбаевтың да еңбегін айта кету орынды. Жыл сайын Сауд Арабиясының Ақпарат министрлігі қажылық таупа етушілерді бұқаралық ақпарат құралдарында көрсету үшін мұсылмандар елінен журналистер шақырады. Сол үрдіспен қырық мұсылман мемлекетінен Мекке-Мәдинаға шақырылған журналистердің ішінде 1999 жылы М.Тоқашбаев та барып, қажылық сапардан көп мағлұматтар әкеліп, көрерменнің ықыласына бөленген болатын.
Р.Бегімтаева Қазақстанда діни журналистика, атап айқанда ислам журналистикасы өзіндік жеке инфрақұрылым ретінде қалыптасқанын атап өтеді. Осы орайда ислам журналистикасы инфрақұрылымын қазіргі кезеңде жұртшылықпен байланыс институты толықтырып отырғанын атап өтуіміз керек. Бүгінгі таңда «Асыл арна» арнайы телеканалы рухани құндылықтарды насихаттауда тәжірибе жинақтап үлгірді. Төреғали Тәшенов, Күлпара Жұмағали, Сәрсенбек Бекмұратұлы сияқты қаламгерлердің өз оқырман аудиториясы бар.
Діни журналистика, атап айтқанда ислам журналистикасы Ресей Федерациясында, атап айтқанда Татарстанда өркендеп келеді. Бір айта кетерлігі, Ресейде «ислам журналистикасы» ұғымы ғылыми-көпшілік айналымға енген, құқықтық тұрғыда танылған. Еділ-Жайық өңірінде қазіргі таңда 18 ислам газеті жарық көреді, оншақты мұсылман ұйымдарының екінші деңгейдегі домендерде өз интернет-өкілдіктері бар. Татарстан мұсылмандары Діни басқармасының және Ресей ислам университетінің баспасөз қызметтері жұмыс істейді. Жуырда «Исламтат» ақпараттық агенттігі құрылып, ресми тіркеуден өтті. Агенттік Ресейдің 15 қаласында тілшілер қосынын ұстайтын болады, сондай-ақ Қазақстанда, басқа да мұсылман өлкелерінде меншікті тілшілер тағайындамақ. Агенттіктің орталық интернет-сайты www.islamtat.ru.
Ресей, сондай-ақ бүкіл ТМД кеңістігінің ислам журналистикасы үшін 2008 жылғы қарашада Қазанда өткен жалпыресейлік мұсылман журналистері конференциясының маңызы ерекше болды. Танымал ислам журналистері мен публицистері, саясаттанушылар, билік органдарының өкілдері қатысқан алқалы жиында Татарстан Республикасы Министрлер кабинетінің Дін істері жөніндегі кеңесінің төрағасы Ренат Валиуллин, Ресейдегі тұңғыш «Бадр-Форте» ислам банкінің президенті Адалет Джабиев, Ресей Мемдумасының депутаты Шамиль Султанов, «ИсламНьюс» Интернет-порталының редакторы Ринат Незаметдинов, «Ислам.Ру» Интернет-порталының бас редакторының орынбасары Абдулла Ринат Мухаметов, «ТатарНьюс» сайтының редакторы Айнур Сибгатуллин, «Портал-Credo.Ru» сайтының бас редакторы Александр Солдатов, «Смысл» журналын редакторының бірінші орынбасары Орхан Джемаль сөз алды. Қазақстаннан келген мейман, республикалық «Наш Мир» газетінің бас редакторы Айдар Қайыповтың баяндамасы зор ықылас туғызды.
«Исламтат» агенттігіне берген сұхбатында Татарстан Республикасы Министрлер кабинетінің Дін істері жөніндегі кеңесінің төрағасы Ренат Валиуллин «Болашақта Ресей ислам университетінде ислам журналистикасы және ислам экономикасы факультеттерін ашу жөнінде мәселе көтереміз. Бұған қажетті әлеует жеткілікті, сондай-ақ Үкімет Татарстандағы ислам ілім-біліміне жеткілікті көңіл бөліп келеді» – деп атап көрсетті. Осы орайда біраз шегініс жасап, бірқатар мұсылман елдерінде «ислам журналистикасы» бойынша мамандар даярланатыны туралы айта кеткеніміз жөн.
Қазіргі таңда Қазақстанда экономикалық, құқықтық, саяси-әлеуметтік журналистика өркендеп келеді. Халықты ізгілікке баулитын, рухани құндылықтарды игеруге үндейтін рухани журналистика осынау мәртебелі санаттан лайықты орын алатын сәт те алыс емес.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
экономика ғылымдарының
кандидаты


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Ғабит
    11.09.2017 at 11:54 am

    Біздің қоғамда және әлемде діни экстремизм өршіп тұр. Сондықтан діни журналистиканың дамуына журналистер қауымы үлес қосса, құба-құп.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру