Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

ЖІГЕРЛІ ЖАСТАР – ЕЛ ЕРТЕҢІ

Қазақстан бәсекені 21-орынмен аяқтады

Қытай Халық Республикасының Тайвань провинциясының астанасы Тайбэй қаласында студент жастар арасында кезекті ХХІХ Универсиада ойындары өз мәресіне жетті. Аталмыш дүбірлі жарысқа әлемнің 142 мемлекетінен 7639 спортшы 275 медаль үшін бақ сынады.

Қоржынында 3 алтын, 6 күміс және 7 қола медал бар Қазақстан құрамасы бұл жарысты командалық есепте 21-ші орынмен қорытындылады. Байрақты бәсекеде отандастарымыздың арасынан бас жүлденің барлығын ауыр атлеттер олжалады. Олар – Альберт Линдер ( 69 келі), Айдар Қазов (77 келі) және Денис Уланов (85 келі). Ал Дмитрий Баландин (жүзу, 200 метрге брасс әдісімен), Жансель Дениз (таэквондо, 73 келі), Рүстем Сыбай (ауыр атлетика, 94 келі), Карина Горичева (ауыр атлетика, 69 келі), Сергей Григорьев (жеңіл атлетика, сырықпен секіру), Руслан Либиров (ушу, 70 келі) күміс медальді иеленсе, Рустам Ыбыраев (дзюдо, 60 келі), Бекәділ Шәймерденов (дзюдо, 73 келі), Отгонцецэг Галбадрах (дзюдо, 48 келі), Дмитрий Баландин (жүзу, 100 метрге брасс әдісімен), Арли Чонтей (ауыр атлетика, 56 келі), Бағдат Кенжетаев (ушу, 80 келі) және таэквондодан еліміздің ерлер құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. Барлығы – 16 медаль.
Жапония елінің жастары 37 алтын, 27 күміс және 37 қола медальді олжалады. Екінші орында – Оңтүстік Корея. Олар 30 алтын, 22 күміс және 30 қоланы қоржынға салды. Үшінші сатыға Тайбэй жайғасты. Жарыс қожайындары 26 алтын, 34 күміс және 30 қоланы иеленді. Келесі ХХХ Жазғы Универсиада 2019 жылы Италияның Неаполь қаласында өтеді. Жастарымызға алдағы уақытта сәттілік тілейік, ағайын!


Оқи отырыңыз

Пікір(2)

  • Дәмелі
    08.09.2017 at 1:25 pm

    Бұл спортшы жастарымыз үшін алдағы жеңістердің бастамасы ғана болсын.

  • Мөлдір
    08.09.2017 at 1:25 pm

    Әйтеуір, дүбірлі спорт додасынан құралақан қайтпаған екенбіз. Соған да шүкір.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X