Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

АЛҒАШҚЫ ҮШТІКТЕН КӨРІНДІК

Ел қоржынында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлде бар

Германияның Гамбург қаласында әуесқой бокстан кезекті 19-шы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарысқа әлемнің 85 елінен 279 боксшы бақ сынады. Тоғыз күнге жалғасқан дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түсеті. Бір алтын, екі күміс, үш қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орын алды.
Додаға еліміздің атынан 10 боксшы аттанған болатын. Оның алтауы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, Жомарт Ержан (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) жартылай финалда сүрініп, қола медальді қанағат тұтты. Ақтық сынға шыққан боксшылар арасында Қайрат Ералиев (56 келі) чемпион атанды. Ол финалда америкалық Дюк Роганды жеңді. Бұдан басқа жерлестеріміздің ішінде Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальмен күптелді. 75 келіде сынға түскен Ә.Аманқұл финалда украиналық Александр Хижнякке, 91 келіден жоғары салмақта Қ.Қоңқабаев әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовке ұтылды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша Куба елінің боксшылары алдына жан салмады. Барлығы жеті медаль жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын, екеуі – күміс. Екінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленді. Олар бір алтын үш күміс екі қолаға ие болды. Ал бір алтын екі күміс үш қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы үштікті түйіндеді. Австралия, Англия, Армения, Германия, Грузия, Үндістан, Камерун, Колумбия, Моңғолия, Эквадор және Оңтүстік Корея елдері бір-бір қола медальмен қайтты. Әуесқой бокстан келесі 20-шы әлем чемпионаты 2019 жылы Ресейдің Сочи қаласында өтеді. Сол чемпионат 2020 жылы Жапония астанасы Токиода өтетін Жазғы олимпиаданың лицензиялары сарапқа салынатын болады.


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Ғабит
    08.09.2017 at 1:29 pm

    Бокс додасын көріп, спортшы жігіттерге риза болдық. Олар қол жеткізген жеңіс қажырлы еңбек пен маңдай тердің арқасы. Құтты болсын!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X