Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Еуразиялық экономикалық одақ: Ортақ нарықты игеру жолындағы оң өзгерістер

Биыл «Еуразиялық апталық» халықаралық форумы елордада өтіп жатқан әйгілі әлемдік мамандандырылған көрме – «ЭКСПО – 2017» аясында ұйымдастырылды. Дүниежүзінің 42 елінен мемлекеттік билік органдары, іскерлік топтар мен бизнес қоғамдастық өкілдерінің басын қосқан форум жұмысына екі мыңнан астам адам қатысты.

«Еуразиялық апталық» халықаралық форумының ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жиының күн тәртібіндегі Еуразиялық экономикалық одақ аясында интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытудың аса өзекті мәселелерін талқылауға қатысты.

Бақытжан Сағынтаев қатысушыларға арнаған сөзінде форум платформасы жаңа іскерлік байланыстардың дамуына және мемлекеттік сектор мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара қарым-қатынастың тереңдей түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Дәстүрлі бұл форум ЕАЭО елдерінің инвестициялық және экспорттық әлеуетін, экономикасын дамытудың маңызды құралына айналады. «Бұл жолы көрме – форумға Қазақстан атынан халық шаруашылығының әр саласы бойынша экспортқа өнім шығаратын 80-ге жуық компания келіп отыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі және одақтық интеграция аясында тың байланыстардың қалыптасып, дамуына көмектеседі. Қазіргі таңда Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірлескен сегіз мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Менің ойымша, осындай қадамдар кәсіпорындар тарапынан өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық байланыстарды қолдаудың жақсы көрсеткіші. Біз алдағы уақытта да кәсіпорындар тізімін кеңейтуге мүдделіміз», – деді премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаев Одаққа мүше елдердің ұлттық экономикалары интеграция аясындағы өзгерістерге оңтайлы бейімделе алғандығын атап өтті. Биылғы жылдың басынан бастап негізгі көрсеткіштердің өсімі байқалуда: бірінші жартыжылдықта Одақ елдерінің сыртқы сауда көлемі шамамен 28%-ға ұлғайды, бірінші тоқсандағы ЕАЭО жалпы ішкі өнімінің өсімі 0,8%-ды құрады.
Қалыптасқан осынау қолайлы жағдайлар Одақ мемлекеттері мен үшінші елдер арасындағы сауданың өсіміне септігін тигізеді. Мысалы, Вьетнаммен тауарларға бажсыз өзара сауда режімін ашқаннан кейін, арадағы сауда үдерістері елеулі түрде жандана түсті.
Үкімет басшысы атап өткендей, ЕАЭО-ның аталған бағыттағы алғашқы тәжірибесі шет елдермен сауда-экономикалық ынтықмақтастықты кеңейтуге берік негіз болады. Осы тұрғыда қазірдің өзінде Израильмен, Сербиямен және Иранмен еркін сауда туралы келісімдер бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Премьер-министр экономикалық көрсеткіштердің негізгі бағыттарының бірі түрлі кедергілерді жоюға негізделгендігін атап өтті. Осындай қадамдар өңдеуші өнеркәсіптің дамуына қолайлы жағдай жасайды. «Кооперациялық тізбекті құру қайта өңдеу деңгейі жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік кооперация – өнім шығаруда компаниялар күш-жігерін біріктірудің ең тиімді жолдарының бірі. Қазіргі уақытта 12 еуразиялық технологиялық тұғырнамалар қалыптасты және олар бойынша 130-дан астам кооперациялық жобалар талқыланып отыр. Осы орайда ғарыш, медицина, ақпараттық-коммуникативті технология, табиғи ресурстарды өндіру, экология, ауыл шаруашылығы секілді бағыттар ескерілген. Алдағы уақытта бұл қадамдар еліміздің технологиялық жаңғыруын нығайтуға, бизнестің, ғылымның күштерін біріктіруге мүмкіндік береді», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет басшысы одан әрі Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай цифрлық кеңістігі жобасына тоқталды. Халықаралық сарапшылардың бағалауына қарағанда, экономиканы цифрландыру әлемдік экономиканың көрінісін түбегейлі өзгертеді және 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің үштен бір бөлігін құрауы мүмкін. Қазіргі кезде «ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық кеңістігі» жобасы белсенді талқылаудан өтіп жатыр. «Бұл өз кезегінде тауарлар мен қызметтердің, адамдардың, капиталдың еркін қозғалысын қолдайтын ең негізгі элементтердің бірі болуы тиіс. ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі біздің атқарған жетістіктеріміз бен әлемнің тың тәжірибесіне кіретін жиынтық базаға айналуға негізделген», – деді Б.Сағынтаев.
Осы орайда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта келіп, Үкімет басшысы: «Оның мақсаты экономиканың базалық секторларында әлеуетті әртараптандыру мен жүзеге асыруға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға, жаңа технологиялық құрылыс құруға бағытталған. Қазақстанда цифрландыруды дамыту үшін кешенді қадамдар іске асырылуда, бұл өз кезегінде жүйелік дамуға, экономиканың салаларында түрленуге, электрондық мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және креативті қоғам құру жолындағы жұмыстарға тың серпін береді», – деді.
Осылайша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы да ЕАЭО аясындағы ортақ жұмысқа өз үлесін қосатын болады.
Форум бағдарламасындағы «Құбылмалы әлемдегі бәсекеге қабілеттілік: жаңа үлгілер, технологиялар, басқару формалары» атты басты пленарлық отырысқа Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян, Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов, Армения Республикасы премьер-министрінің орынбасары, халықаралық экономикалық интеграция және реформалар министрі Ваче Габриелян, Автомобиль көлігі халықаралық одағының (IRU) президенті Кристиан Лабро, Microsoft, Central and Eastern Europe өңірінің жетекшісі Филипп Рогге қатысты.
Жалпы «Еуразиялық апталық» аясында өткен негізгі отырыс пен панельдік талқылаулар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер басындағы 30-дан астам пікірталас барысында ЕАЭО нарығы үшін стратегиялық маңызға ие экономиканың 13 саласы бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X