Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

ЕЛОРДАҒА КЕЛУШІЛЕРДІҢ САНЫ АРТТЫ

Үшінші миллион мейман анықталды

ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі 3 миллионыншы мейманын күтіп алды. Мәртебелі мейман болу бақыты РФ азаматы, «Шағын және орта экспортшылардың еуразиялық қауымдастығының» атқарушы директоры Юрий Шурыгинге бұйырды.  

Көпшілік бақылап отырған жаңалықты жарты сағат уақыт күтуге тура келген. Ақыры билеттің соңғы 4 нөмірі арқылы көрме қызметкерлері 3 миллионыншы келушінің кім екенін анықтады. Ол көрменің Орынбор көшесі жағында орналасқан есіктен кірді. Мейман Мәскеуден «Еуразия аптасы» шарасына арнайы келген. Жолы болған мейманды ЭКСПО басшысы Ахметжан Есімов құттықтап, көрменің символы мен планшетті сыйға тартты. Еске сала кетсек, халықаралық көрмеге 2 миллионыншы келуші 4 тамызда келген болатын. Орал қаласының Ғайса Жұмалиев атты кәсіпкері көрменің 2 миллионыншы мейманы атанып, оны «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов құттықтаған еді. Мәртебелі мейманға планшет, құлаққап пен көрмеге лимитсіз билет сыйға тартылды.
Ал Қазақстанның «Нұр Әлем» павильонына келген миллионшы адам тіркелді. Халықаралық көрме басталғалы «Нұр Әлем» сферасы «ЭКСПО-2017» аумағында адамдар ең көп баратын нысандардың көшін бастап тұр. Күн сайын онда 10 мыңнан 28 мыңға дейін адам қабылданады. Көрме кезінде, яғни жаз айларында сфераға 50-ге тарта мемлекет және үкімет басшылары барды. Қазақстанның ұлттық павильоны «Нұр Әлем» «ЭКСПО-2017» көрмесінің сәулеттік символы болып табылады. Әлемдегі ең үлкен сфералық нысанның диаметрі 80 метр, ал биіктігі 100 метрге тең. Құрылымның қасбетінде күн энергиясын электр қуатына түрлендіретін фотовольтаикалық элементтердің бірігуі ойластырылған. Сонымен қатар сфераның жоғарғы жағында 2 жел генераторы қарастырылған.
ЭКСПО басталғалы Елордаға Киев, Ыстанбұл мен Парижден ұшып келушілердің саны артты. Мәселен соңғы екі айдың ішінде Астана – Киев (өсім 28 пайыз), Астана – Ыстанбұл (өсім 23 пайыз), Астана – Париж (өсім 21 пайыз) халықаралық бағыттары бойынша жолаушылар ағыны өсті. «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайның дерегіне сүйенсек, халықаралық бағыттар бойынша жаз айының алғашқы екі айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолаушылар ағыны 49 пайызды және ішкі бағыттарда 25 пайызды құрады.
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Ұлыбритания павильонына әлемдегі ең жүйрік автокөліктің макеті әкелінді. Көлікті құрастырған «Bloodhound SSC» компаниясының өкілі Джесвандт Сингх Сандимашинаның үш қозғалтқышы бар зымырандық, ұшақтық турбо-қозғалтқыш және әдеттегі автомобильді көрерменге ұсынды. Аталмыш машина сағатына 200 миль жылдамдықта жүре алады. Автокөлік бензинмен жүреді.
ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесінде Қытай павильонында жоғары сән үлгісінің көрсетілімі өтті. Шара барысында Қытайдың жетекші дизайнерлік компаниясы ЭКСПО-2017 көрмесінде өз киім топтамасын таныстырды. Қытай павильоны директорының орынбасары Жуань Вэй ЭКСПО алаңы энергетика саласындағы жаңа жетістіктерді ғана көрсетпейді, барлық мемлекеттерге өзара мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Құттықтау сөзінде ҚР Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова қытайлық тарапқа көрмеге белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді. Қытай көркем дизайн академиясының проректоры Чжоу Ган Қазақстанда дизайнерлік бизнес айтарлықтай дамығандығын, Астана халқы халқы ашық және қонақжай екендігін атап өтті. Киім топтама атауы «Аспан асты жолының жібек жіптері» деп аталады. Бұл коллекция қытайлық өнер академиясының суретшілерімен бірлесіп жасалды. Атап айтқанда, олардың картиналарынан алған шабыттың арқасында дүниеге келді. Топтаманың алғашқы ақ-қара түсті бөлігі Қытайдың дәстүрлі стилінде салынған картиналар іспетті. Екінші заманауи бөлігі өте ашық және Қытай қалаларын білдіреді. Картиналар атауы – «Айдаһар қалалар». Киім тігетін компаниялар қытай нарығында орасан зор сұранысқа ие, сонымен қатар Қытайдың танымал тұлғалары мен билік шенеуніктерін киіндіреді.
Астанадағы ЭКСПО-ны тамашалауға келгендер көрме аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарында 131 млн теңгеге ауқаттанған. Қазақ жерінде тоғысқан дүниежүзінің озық технологияларын өз көзімен көруге асыққандардың қарасы қалың. Астанаға ат басын бұрған шетелдіктер де көп. Қонақ үйлер меймандардан арылар емес. Мыңдаған келушінің арқасында елорданың бизнесі көтерілді. Қазынасы толды. Қонақ үй жұмысшыларының бос уақыты жоқ. ЕХРО басталғалы қарбалас, келушілер көп. Көрмені тамашалауға келгендердің жүрек жалғап, аз-кем аяқ демалтқысы келетіні белгілі. Қалашықтағы ас-ауқат сатылатын дүкендер мен мейрамханалар 560 мыңға жуық адамға қызмет көрсеткен. ЕХРО-ға келушілер 131 миллион теңгеге тамақтанған. Ал жалпы тауар айналымы 900 млн теңгеден асады. ЕХРО әлем халықтары арасындағы достықты нығайта түсті. Мамандардың айтуынша, халықаралық көрме еліміздегі ішкі туризмнің тамырына қан жүгіртті. Мәселен, көрме кезінде Бурабайға келген шетелдіктердің саны 3 есеге артқан.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Жансая
    06.09.2017 at 11:12 am

    ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі әлем елдерімен қоса, өзіміздің де қызығушылығымызды оятып, Астанаға ат басын бұрғызды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру