Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

АУЫЛ АЙБАТЫ

Әрбір ауылдың бетке ұстар адамы, бұрынғының тілімен айтқанда, ауыл айбаты атанып, өнегелі ісімен де, қарапайым мінезімен де ел-жұртының алдында қадір, сыйы артып, ақсақал деген абыройлы атақты иеленіп жүрген бір кісілер болады. Жасы жетпістің жуан ортасынан ауса да, табиғат берген ұзынтұра бойын тік ұстап, аяғын ширақ басып, өзін үнемі сергек қалпында сақтауға дағдыланған Тұрғанбек ағаның қажыр-қайратына қайран қалатындар көп. Осынша жасқа келсе де, қарттыққа берілмеудің сыры неде? Журналисттік әуестікпен Тұрекеңе осы сұрақты қойғанымда, ол кісі сәл ойланып отырды да: «Адамды еңкейтетін де – өзі, көркейтетін де – өзі ғой», – деп жауап берген еді.
– Бұл менің сөзім емес. Бұрынғы қариялардан қалған нақыл ғой, – деп сабақтады Тұрекең одан әрі әңгімесін. – Ауылда өстік.

Ұлы Отан соғысы басталатын 1941 жылдың қаңтар айының 18 жұлдызында қарапайым колхозшының отбасында дүниеге келіппін. Көне көздердің: «Өмір үйретеді, еңбек ширатады» деген тағы бір нақыл сөзі бар. Балалық шағымыз соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, ішер асқа, киер киімге жарымай өскеніміз-шындық. Көзімізді тырнап ашқаннан ел басына түскен ауыртпалықты сезініп, еңбекке жақын болып өстік. Аңызда қалған масақты теру, диірмен тарту, қозы-лақ бағу – біздің үйреншікті жұмысымызға айналды. Үлкендер не айтса, соны мүлтіксіз орындауға құрақ ұшып тұратынбыз. Ауылдың осы тәрбиесі біздерді ерте есейтті. Еңбек өмірлік еншімізге айналды. Содан бері еңбекпен өсіп, көркейдім. Қазір жасым сексенге таяса да, ескі дағдымнан қол үзгім келмейді. Денсаулығым жарап тұрса, кейінгі жастарға еңбектің қыр-сырын үйрете түссем деймін. О баста солқылдаған бір тал шыбық едім. Қазір сол еңбектің арқасында жапырағы жайқалған мәуелі бәйтерекке айналдым. Мұның бәрі маңдай тер, табанақы арқылы келгені анық. Оған көз жеткізу үшін өткенге ой көзімен қарағанымыз жөн. Мен айтайын, сен тыңда….
Өмірден көрген-түйгені мол, ыстықты да, суықты да басынан өткерген бұрынғы механизатор, қазіргі фермер, елағасы Тұрғанбек Іздібаевтың алыстан қайырып айтқан әңгімесіне еріксіз құлақ түріп, ерекше ден қоюыма тура келді. Тұрекең cалалы саусақтарымен шоқша сақалын жәй сипап қойып, енді әңгімесін тым әріден қозғады.

***
Тұғанбектің әкесі Іздібай қарт (1896-1961 ж.ж.) Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында (бұрынғы Чапаев атындағы ұжымшар) өмір сүріп, тер төге еңбек еткен еңбекқор кісі болыпты. Арнайы мамандығы жоқ, шаруа адамы болған соң, өзі туған ауылында Іздібай жас кезінде арбакеш атанады. Ол кезде аталған шаруашылықта ауыл шаруашылығы енді-енді дамып келе жатқан-ды. Механизаторлар да тапшы болатын. Көршілес «Ақжар» кеңшарындағы Социалистік Еңбек Ері, қазақтың Маресьеві атанған атақты механизатор Қасымтай Ізтелеуовке еліктеп, тракторшылар даярлайтын қысқа курсты бітіріп келген Әбіләки Әлібаев, Шамшат Дүйсенбаев сынды тәжірибелі механизаторлар қатары санаулы-ақ болатын. Іздібай осы тұста ауыл механизаторларының тракторларына қажетті жанар майды Ақжар МТС-ынан жазда өгіз арбамен, ал, қысқа қарай түйе шанамен тасымалдап жеткізіп беріп тұратын. Бұл өте ауыр жұмыс болатын. Азынаулақ егін егетін ауылдың азын аулақ тракторлары май тасушы арбакеш кешіксе, қаңтарылып бос тұрып қалатын. Жас жігіт Іздібай сол үшін де жанталасып, күн-түн демей арбасын жегіп, май таситын. Механизаторлармен үнемі қоян-қолтық жұмыс істейтін болғандықтан, Іздібай кез келген трактордың ақауын дауысынан танып, ажырататын халге жеткен еді.
Тағдыр деген қызық қой. Колхоздың қарбалас жұмысы деп табанынан таусылып, тағат таппай еңбек етіп жүріп, Іздібай тұрмыс құрып, шаңырақ көтерудің қаракетіне онша мойын бұрмай жүрген-ді. Тосыннан дерт жабысып, қайтыс болған туған ағасының әйелі, яғни өзінің жеңгесі Тұрсынайды қазақтың ескі жолы-әмеңгерлік салтпен жар етіп алып, екеуі бірге түтін түтетеді. Ақсақалдар айтса-заң. Жесірін сыртқа жібермейтін дала заңына бағынуына тура келді. Ерлі-зайыптылар осы некеден тоғыз құрсақ көреді. Бірақ, ауылда дәрігер, дәрі-дәрмектің болмауы себебінен олардың жетеуі шетінеп кетеді де, әпкесі Салиқа мен інісі Тұрғанбек індеттен аман қалады. Балалары шетінеп, тұрмай қойған соң, Іздібай ең кенжесінің атын ырым ғып Тұрғанбек деп қойған еді. Тұрекеннің анасы Тұрсынай әжей 1965 жылы 71 жасында бақилық болады. Ол кісі қызы Салиқа мен ұлы Тұрғанбектен туған алғашқы немерелерін бесікке бөлеп, олардың кейбірінің тәй-тәй басқанын, тіпті, мектепке барғанын да көріп кетті.
Бұрынғы дала дүлдүлдері – от ауыз, орақ тілді жыраулар бәрін де біліп айтқан ғой. Атақты Сыр сүлейі, Дүр Оңғар Дырқайұлы кезінде:
«Адам – керуен, өмір – жол,
Ешкімге жат із емес,
Жолмен көшкен керуеннің,
Алды мен арты біз емес», – деп жырлаған екен.
Өмірдің мән-мағынасын түсінуге үндейтін мұндай терме, толғауларды Тұрғанбек бала кезінде қызыға тыңдап, олардың кейбірін жаттап та алатын-ды. 1947 жылы ол өз ауылындағы сегізжылдық мектептің бірінші сыныбына барып, онжылдықты көршілес «Ақжар» кеңшарындағы ЛКСМК-ның 25 жылдығы атындағы қазақ орта мектебінде бітіріп шығады. Ол кезде ауыл балаларының көбісі оқуға зерек болғандарымен, үлкен қалаларға барып, жоғары оқу орнына түсуге онша құлық таныта бермейтін. Оның басты себебі: қартайған ата-аналарының, яғни, отбасының жағдайын ойлап, оларды асырау ниетінен туындаған перзенттік борыштарына деген адалдықтары болатын. Оның үстіне өңірде комсомолдық бастама да жиі көтеріліп жататын. Осылайша Тұрғанбек мектеп бітіргеннен кейін Қармақшы аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен туған ауылында жұмыс жасауға қалады. 1957-1958 жылдары колхоз өндірісінде қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Арасында Әбіләки, Шамшат ағаларының қасыңда болып, трактор жүргізудің, соқамен жер жыртудың, комбайнмен астық бастырудың қыр-сырларына терең қанығады. Осыдан кейін-ақ, механизатор болуға оның зейілі біржола ауады.
1958 жылдың көктем айы. Колхоз басқармасының жолдамасымен Тұрғанбек Іздібаев Қызылорда қаласындағы механизатрлар даярлайтын кәсіптік-техникалық училищесіне барып оқиды. Бұл училищені келесі жылдың сәуір айында мақтау грамотасымен бітірген Тұрғанбек туған ауылына қайта оралады. Өз ісіне ыждағатты, техниканың тілін жетік меңгерген жас азаматқа шаруашылық басшылары енді жоғары сенім артып, «ХТЗ-2» бесаспап тракторының тізгінін ұстатады. Сөйтіп, жас механизатор Тұрғанбек Іздібаев жаз бойы мал азығын дайындау жұмысына белсене қатысып, тракторына волокушқа (сырма) жегу арқылы шөмеле салуды тыңғылықты атқарады. 1960 жылы шоферлық курсты бітіріп келіп, бірнеше жыл жүк машинасын жүргізеді. Бірақ, ол үйреніп қалған механизаторлық мамандығын қимай, трактор руліне қайта отырады. Өйткені, шаруашылыққа Тұрғанбектей техника тілін жетік білетін механизатор кадрлары ауадай қажет еді. Әсіресе, егін жинау кезінде комбайн штурвалына отырып, астықты сапалы бастыратын комбайншылардың аздығы шаруашылық басшыларын тығырыққа тірейтін. Сырттан көмекке келген комбайншылар өз адамыңдай болмайды ғой. Тұрғанбектің комбайннан хабары мол болатын. 1963 жылдан бастап ол ол егін жинау науқанының бел ортасында жүрді. Содан бері майталман комбайншы астық бастырудан алдына жан салмады. Өзі еңбек ететін егіс бригадасының, тіпті шаруашылықтың мерейін асырды. Ауданға, облысқа танымал озат комбайншы атанды.
– Біздің шаруашылықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайы 1963 жылдан түзеле бастады. Үнемі артта қалып келген шаруашылықты өрге сүйреу жаңа басшымыз Ерекеңе – Ерназар Сексенбаевқа оңай тиген жоқ. Өмір көрген кісі ғой. Өзінің негізгі ой-жоспары егін және мал шаруашылығының рентабельділігін арттыруға ерекше ден қойды. Ол үшін орта буын және басшы маман кадрларға қойылатын талап пен жауапкершілікті күшейтті. Шаруашылықтың негізгі тұтқасы – механизаторлар мен диқандарға, малшыларға үнемі қажетті қолдау жасап отырды. Тауарлы-сүт фермасын қайта жарақтандырып, егін алқаптарына су беретін Бала жарма, Наурызбай жармаларының арналарын кеңейтуді қызу қолға алды, – дейді Тұрғанбек аға өткен жылдардың бедерлі белестерін еске түсіріп.
Еңбектің еленгені де жақсы ғой. 1968 жылы озат механизатор, Т.Іздібаев аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. Өзіне көрстілген шаруашылық ұжымының, яғни сайлаушылардың сенімінен шығу үшін Тұрекең сол жылдары депутат ретінде де белсенді жұмыс жасады. Тек қана шаруашылық жұмыстары емес, ауылдың әлеуметтік-мәдени бет бейнесінің өзгеруіне депутаттық ықпалын тигізді. Халықтың көңілінен шыққаны болар, сол тұста Тұрғанбек Іздібаев аудандық кеңестің депутаты болып, қатарынан үш мәрте сайланды. Алғашқы сайлауда аудандық атқару комиетінің мүшесі болады. Аудан өміріне байланысты да түйінді мәселелерді шешуге белсенді түрде атсалысады.
Шаруашылық өндірісіндегі еңбегі де жанып, 1971 жылдың күзгі егін жинау науқанының қорытындысымен комбайнмен астық бастыруда ең жоғары көрсеткішті бағындырғаны үшін «Аудан чемпионы» деген атаққа ие болады. 1972 жылы партия мүшелігіне қабылданады. Жыл қорытындысымен озаттарға берілетін «Урал» мотоциклін тақымға басады. Мерейдің өскені сол емес пе? Жыл аяғына таман Тұрекеңнің омырауында Еңбек Қызыл Ту ордені жарқырап тұрды. Осы жылдары ол 4 рет ауданның үздік механизаторы атанып, Лениннің 100 жылдығы және Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Көрмесінің медалімен марапатталады.

***
Тұрекең – механизаторлықтан өскен орта буын білікті маман, басшы ретінде де туған ауылын көркейтуге белсенді үлес қосып келе жатқан абыройлы жан. 1968 жылы ол шаруашылық өндірісінен қол үзбей жүріп, Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумының механизация бөлімінде сырттай оқиды. 1972 жылы техникумды ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылдан бастап ұжымшардың Асан Жақанбаев басқаратын №1 егіс бригадасында механик болып істейді. Бұл бригада күріш өсіруші шаруашылықтың маңдай алды шамшырағы болатын. Асекең екеуі тізе қоса еңбек етті. Техника сақадай сай әзір тұрса, алынбайтын асу болмайды екен. Бригаданың қол жеткен жетістіктері мен озат тәжірибелері аудан, облыс көлемінде жиі насихатталатын. Мұнда әрине, техниканы тоқтаусыз жұмыс істеткен өз ісінің шебері, тәжірибелі механик Тұрғанбек Іздібаевтың сіңірген еңбегі де, қосқан үлесі де зор еді.
Бір кездері шаруашылықта арбакеш болып, қолда бар техниканы бірде өгіз арбамен, енді бірде түйе шанамен тасып, жанармаймен қамтамасыз еткен Іздібай қарт трактордың ақауын дауысынан жазбай танитын дәрежеге жеткен еді. Енді сол Іздібайдың баласы Тұрғанбек кез келген трактор, комбайнды, ауыл шаруашылығының басқа да құрал-саймандарын қалай жөндеп, қалай іске қосудың әдіс, жолдарын терең меңгерген бесаспап механик дәрежесіне көтерілген еді. Өмірден көрген, түйгені, оқыған-тоқығаны мол Тұрғанбектің қолы тиген техника көп ұзамай зырыл қағып, тез іске қосылып кететін болды. Сондықтан оны ауылдастары «Алтын қолды Тұрекең» деп орынды мақтаныш тұтатын.
Техниканың тілін жетік меңгерген және адамдармен тіл табысып, жұмыс істеуге дағдыланған Тұрғанбекті 1981 жылы колхоз басқармасы мен партия ұйымы орталықтағы шеберхананың меңгерушісі етіп жібереді. Ұжымшардың барлық техникалары, ауыл шаруашылығы құрал-саймандары, басқа да көмекші бөлімшелері шоғырланған орталық гараж шын мәнінде, шаруашылықтың бас штабы секілді көрініп тұратын. Бас штабқа ұжымшар бастығы Ерназар Сексенбаев, бас мамандар, егіс бригадирлері, тауарлы-сүт фермасының, басқа да бөлімшелердің басшылары жиналып, таңертеңгі, кешкі нарядтарға катысып, кезек күттірмейтін мәселердің түйінін шешу үшін нақты тапсырма, тиісті көмектерін алып тұратын. Мұндай кезде шеберхана меңгерушісіне өтініштер жиі айтылатын. Өйткені, шаруашылықтағы барлық техникаға жауапты адам өзіне түскен өтініштерді бұлжытпай орындап, кім-кімге болса да қол ұшын беруге әзір тұратын.

***
Шеберхана меңгерушісі болып қызмет істегеніне үш жыл уақыт өткен. Машина-трактор паркі кеңейтіліп, шеберханадағы түрлі цехтардың, қосалқы бөлшек-саймандар сақталатын қоймалар мен техника жөндейтін орындардың да жаңартылып, жұмыс бір тізге түсе бастаған кез болатын. Тұрғанбек күндегі дағдысымен гараж ауласын бір аралап шыққаннан кейін, шеберханадағы бөлмесіне келіп, алда атқарылатын жұмыстарды ойша жоспарлап отырған-ды. Бір кезде бөлмедегі қара телефон шыр ете қалған. Тұтқаны көтерген бойы еді, аржақтағы хатшы қыздың:
– Тұрғанбек аға, сізді басқарма төрағасы шақырып жатыр. Тездетіп кеңсеге келіңіз! – деген үні сыңғырлай шықты.
– Қазір, қазір… – деп жауап қатқан шеберхана меңгерушісі іле-шала кеңсеге қарай тартты. Іштей ойлап келеді. Бір бригадада оқыс жағдай болуы да мүмкін ғой. Техника жүрмей жатса, көмекке жіберетін әдеті бар еді, Ерекеңнің шамасы солай болған шығар…
Ұжымшар бастығының кабинетінде партком хатшысы Нұрілда Ерманов екеуі ғана отыр екен. Іші қылп ете қалды. Коммунистер жетекшісі жәйдан-жәй отырмайды. Салмақты әңгіме бар секілді.
– Тұрғанбек, осы сен №1 егіс бригадасында тоғыз жылдай механик болып қызмет істедің ғой,ә?!
– Ереке, оны сіз жақсы білесіз ғой…
– Оны мен жәй сұрап отырғаным жоқ. Сені сол бригадаға қайта жібергелі отырмыз…
– Не үшін? Мұндағы жұмысым да жаман емес. Шеберханада біраз шаруа реттеліп қалған еді… Қайдан білейін…
– Қайдан білгеніңді қой. Біз сені сол бригадаға бастық бол деп шақырып отырмыз, – деді Ерекең дәу денесімен селкілдей күліп.
– Иә, Ерекең дұрыс айтады. Бұл саған коммунистік тапсырма, – деді Нұрілда Ерманов салқын қанды әдетіне бағып.
– Ау, сонда Асекең қайда қалады? Жақсы көретін ағайымның орнын тартып алғандай болмаймын ба?!
– Ол сенің шаруаң емес. Асекеңді біз де қимаймыз. Ол істеген шаруаны ілгері апаратын сендер бар емессіңдер ме? Ал, Асекең өз мамандығы бойынша аға агрономдыққа сұранды. Біз оның өтінішін қанағаттандырдық, – деді Ерекең енді сабырлы қалпына түсіп.
Әңгіме осымен бітті де, коммунист Тұрғанбек Іздібаев шаруашылықтағы ең алдынғы қатардағы №1 егіс бригадасының бригадирі болып тағайындалады.
Бұл 1984 жыл болатын. Қайта құрудың дәуірлеп тұрған кезі. Бригадағылар Тұрғанбекті қуана қарсы алды. Өздеріне бұрыннан жақын, сыралғы дос, бауыр болып кеткен адамның іскерлік қырына, азаматтық мінез сырына бәрі қанық еді. Бұрынғы бригадирлеріне қандай сенсе, Тұрғанбекті де сондай көретіндіктеріне шүбә келтірмеді. Тұрғанбек те Асекең ағасының жолын жалғап, бригаданың бұрынғы абыройын бір мысқал кемітпеуге жанын салып бақты. Соның нәтижесінде №1 егіс бригадасын басқарған 1984-1994 жылдар аралығында бригада бойынша егілген 320-500 гектар күріш алқаптарының әр гектарынан бір жылдары 40, енді бір жылдары 50-60 центердің үстінде өнім алуды қамтамасыз етіп, биік белестерді бағындырды. Осы жылдары шаруашылық егін жинаудағы қол жеткен жетістіктері үшін Республиканың ауыспалы Қызыл Туын үш рет жеңіп алды. Сол кездегі одақтың Ескерткіш Туы бір рет мәңгіге шаруашылықта қалдырылды. Міне, шаруашылықтағы осы жетістіктерге Тұрғанбек Іздібаев басқаратын №1 егіс бригадасының ұжымы да өздерінің лайықты үлестерін қосқан еді.

***
Тұрекең 1995 жылы еңбек демалысына шығып, ауылдағы зейнеткер қарттардың қатарына қосылды. Ғұмыр бойы еткен еңбектің жемісін жеп, үйде немерелерінің қызық-қуанышын көріп жан рахатына бөленіп отыруға да әбден болатын еді. Бірақ, үдемелі өмірдің өзгерістері Тұркеңді үйде қарап отырғызбады. Туған ауылының, балаларының болашағын ойлады. 1961 жылдан бері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, дүниеге оншақты бала әкелген зайыбы, Батыр ана Шолпан Манарбаевамен ақылдасып, бойда қайрат-күші барында жеке шаруа қожалығын құрып, балаларына үлгі, өнеге боларлық бір үлкен шаруаны қолға алғысы келетін ниетін білдірді.
Бала демекші, шаңырақтан өрбіген он баланың үшеуін қара жер қойнына тапсырып, біраз жылдан бері қамкөңіл болып келген Шолпан енді-енді есін жинап, ендігі қалған жеті ұл-қызының амандығын ғана тілейтін. Күйеуінің үйде бос отырмайын деген ниетін іштей түсініп: «Бұл ойың дұрыс қой. Балалардың әлі оқу бітірмегендері бар. Жұмыс істеп жүргендерінің де жағдайы белгілі ғой. Қалада бірайлықпен өмір сүру оңай емес. Жеке қожалығыңды құрар болсаң, біреулері ауылға көшіп келіп, бастаған ісіңді баянды етіп жатса, оны көрерміз», – деп бұл бастаманы қолдайтындығын білдірді.
Міне, осылайша 2005 жылы Ақтөбе ауылында егін шаруашылығымен айналысатын «Дөйт» шаруа қожалығы өмірге келді. Дөйт – ерте замандарда жаугершілікте жау қолынан жастай мерт болып, аты ұранға шыққан осы өңірдегі батыр бабаларының бірі болатын. Біздің қазақта: «Аруағыңның жадыңда жүргені, Қыдырыңның қасыңда жүргені» деген қанатты сөз бар. Елдің намысын, ердің жігерін жанитын осы сөзді ескерген Тұрекең 64 жасында тәуекелге бел байлап, өзінің жеке шаруашылығын құрып алды. Бастапқы жылдары фермер 220-300 гектардан астам алқапқа күріш тұқымын сеуіп, күзгі еген жинау кезінде әр гектардан 50-55 центнерден өнім алып жүрді. Бертін келе қол жеткен табыстың есебінен бірнешелеген комбайн, тракторларды сатып алып, егін алқабының көлемін артыра түсті.
Қазір Тұрекеңнің жеке шаруа қожалығында 20-дан астам диқан, механизаторлар еңбек етеді. Оларға фермер ай сайын еңбекақы төлеп, отбастарын арзан бағамен ақ күрішпен, ұнмен, отын, шөбімен қамтамасыз етіп отыр.Фермердің ауыл тұрғындарына да жасап отырған қайырымды көмегі айтуға тұрарлықтай.Егін шаруашылығында қол жеткен жоғары жетістіктері үшін Тұрғанбек Іздібаев 2005-2017 жылдар аралығында аудан фермерлерінің көшбасшысына айналып, жыл сайын егін жинаудың қорытындысымен арнайы дипломдар мен Алғыс хаттарға сан мәрте ие болды. 2006 жылы «Дөйт» шаруа қожалығының жетекшісі Т.Іздібаев «Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің аудандық байқауында» «Жылдың үздік фермері» номинациясының лауреаты атанды.
Өткен жылы фермердің жеке шаруашылығы 450 гектар алқапқа күріш егіп, оның әр гектарынан 69 центнерден өнім жинау арқылы бір ғана ауыл, ауданның емес, облыс көлеміндегі диқандар қауымына үлгі-өнеге боларлық жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Тұрекеңнің шаруа қожалығында мал азығындық құнарлы дақыл – жоңышқа егіп, оның өнімін жинау жұмыстары да жыл сайын тыңғылықты атқарылып келеді. Қожалықта 105-110 гектар болатын көне жоңышқалық алқап жылына үш рет орылып алынады. Бұл өнімді фермер өз малдарына қажетінше тұтынып, қалған бөлігін сатуға шығарады. Нарық кезінде тапқан табыспен кеткен шығынның орнын жауып отырмаса болмайды. Талай жыл өндірісте қарапайым тракторшыдан механик, егіс бригадирі, жеке шаруа қожалығы төрағалығына көтерілген Тұрекең өз есебіне мықты, экономикалық ойлау қабілеті жоғары.
Бүгінде мәуелі бәйтерекке айналған Тұрекең мен Шолпан апай өздерінен тараған ұл-қыздарынан оншақты немере, екі-үш шөбере сүйіп отыр. Балаларының бәрі де жоғары оқу орындарын бітірген. Қыздары Роза мен Темірбек кезінде Алматы Халық шарушылығы институтын, Нұрлан, Ерлан, Данагүлдері заң институтын бітірген. Гүлмира мен Гүлзина бірі – жоғары білімді мұғалім болса, бірі – бухгалтер болып еңбек етіп жүр. Бәрі де қазір үйлі-баранды болып кеткен. Әкесінің жеке шаруашылық құрып, фермер болып жүргенін қуаттаған заң қызметкері Нұрлан Іздібаев туған ауылына көшіп келіп, қазір «Ақтөбе и К» ЖШС-ның төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүр.
Нұрлан Тұрғанбекұлы келгелі шаруашылықта үлкен өзгерістер болып жатыр. Мінеки, екі жыл болды. Шаруасы жүрмей, тоқыраңқырап қалған ауылдың еңсесі тіктелді. Соңғы екі жыл қатарынан шаруашылық күріш өндіруден облыс бойынша ең жоғары көрсеткіштерді бағындырды. Әсіресе, 2016 жылы серіктестік мүшелері 1810 гектар жерге аса бағалы күріш дақылын егіп, 135934 центнер өнім жинады. Сөйтіп, шаруашылық бойынша орташа өнім 75,1 центнерді құрады. Осы соңғы екі жылдың қорытындысымен көптеген диқан-механизаторлар «Нива» жеңіл көлігін сыйлыққа алып, мәре-сәре болып қалды.
Ауылдың әлеуметтік-мәдени өмірінде де терең өзгерістерге қол жеткізілді. Орталық қырман, гараж қайта жарақтандырылып, қырманға жаңа диірмен, ауыр жүк көтеретін таразы орнатылып, астық сақтайтын қоймалар бой көтерді. Ауыл көшелеріне асфальт төселіп, көшелер толық жарақтандырылды. Бұл «Әке көрген – оқ жонар» дегендей, Тұрғанбек баласы Нұрлан Іздібаев жасаған игілікті істердің бір парасы ғана. Тұрғанбек ақсақал да осы игіліктің басы-қасында болып, туған ауылының түтіні түзу шығуына өзінің қарттық қажыр-қайратымен лайықты үлес қосып жүргендігіне шүкірлік етеді.

***
Тұрғанбек Іздібайұлымен биылғы көктем айының бас кезінде Алматыда тұратын баласы Темірбектің үйінде аз-кем отырып, әңгімелесіудң сәті түскен еді. Алдына Темірбектің кішкентай ұлы Әлиханды алып отырып, келіні Гүлімнің сүт қатқан қою шайын рахаттана отырып ішкен Тұрекең:
– Енді бірер күнде ауылға жүремін. Балаларымның арқасында Алматыда біраз емделіп, денсаулығымды нығайтып алдым. Ауылда мені күтіп тұрған жұмыс көп. Көктемгі егіске шығып, тұқым себуіміз керек. Биыл егістің көлемін жеке шаруашылығым бойынша 500 гектарға жеткізбекпін. Одан арғысын көре жатармыз. Диқандар балапанды күзде санайды ғой, – деп күлімсірей әңгіме айтқаны бар.
«Дөйт» шаруа қожалығының жетекшісі Тұрғанбек Іздібаев міне, осындай адам. Ертеректе той-домалақтарда ақ жаулықты әжелердің ауыздарынан «Ауылдың айбаты» деген сөзді жиі естуші едік. Бұл сөздің үлкен мәні бар екендігін Тұрғанбектей үлкен кісілерді көргенде еріксіз түсінгендей болады екенсің. Шынында, Тұрекеңдер ауылдың айбаты емес пе?!

Ибрагим Бекмаханұлы,
Қазақстан Республикасы
ақпарат саласының үздігі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X