Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Бақ шаба ма, бап шаба ма?

Қытай Халық Республикасының Тайвань провинциясының астанасы Тайбэй қаласында студент жастар арасында кезекті Жазғы Универсиада-2017 ойындары өтіп жатыр. Аталмыш дүбірлі жарысқа әлемнің 142 мемлекетінен 7639 спортшы бақ сынауда.
Жазғы Универсиада ойындарында сайыпқырандарымыз спортшылар жеңіл атлетика, жүзу, бокс, күрес және басқа да спорттың 21 түрлері бойынша 121 атлет ел намысын қорғауда. Биыл спорттық жарысты ұйымдастыру комитеті спорт бағдарламасына ауыр атлетика, роллер-спорт, ушу спорт түрлерін енгізді.
Дүбірлі доданың ашылу рәсімінде көк туымызды таэквандошы Смайыл Дүйсенбай алып жүрді. Зілтемірші ауыр атлет Альберт Линдер жазғы Универсиада-2017 ойындарының чемпионы атанып, алтын медальға ие болды. Орта салмақ, яғни 69 келіге дейін салмақта сынға түскен жерлесіміз жарыс қорытындысы бойынша 333 келі (148+185) зілтемірді көтеріп, Универсиада рекордын орнатты. Осы салмақта сынға түскен солтүстіккореялық ауыр атлет Ким Мен Хек 331 келіні (153+178) еңсеріп, Универсиаданың күміс жүлдегері атанды. 325 келіні (145+179) басынан асырған жапон зілтеміршісі Мямото Масонори қола жүлде иегері атанды.
Жеңіл салмақта сынға түскен зілтеміршіміз Арли Чонтей (56 келі) қоссайыс бойынша 258 келіні еңсеріп, қол медаль иеленген болатын. Күміс жүлде 263 келі (119+144) көтерген доминикандық Луис Альберто Гарсияға бұйырды. Алтын медальді 294 келі көрсеткішімен Солтүстік Корея зілтеміршісі Чол Юн Ом иеленіп кетті.
Бұдан басқа ауыр атлеттер арасында Айдар Қазов (77 келіге дейін), Денис Ұланов (85 келіге дейін) алтын иеленсе, Карина Горичева (69 келіге дейін) мен Рүстем Сыбай (94 келге дейін) – күміс медальдарға қол жеткізді.
Таэквондошы қызымыз Жансель Дениз күміс жүлдені жеңіп алды. Түркия елінде туып, тарихи отанына оралған таеквондошы аруымыз бүгінде Атырау облысының атынан сынға түсіп жүр. Универсиада ойындарында 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол финалға дейін жетіп, шешуші сында Корея елінің спортшысы Ли Давинға есе жіберіп алды.
Ал таэквондодан құралған ерлер құрама командасы Қытайдың Тайбэ қаласында өтіп жатқан жазғы Универсиадада ел қоржынына қола жүлде салды. Жартылай финалдың командалық белдесуінде құрамында Марат Әбдіқалиев, Нұрсұлтан Мамаев, Сұлтан Қалыбекұлы және Смайыл Дүйсебаев бар біздің таэквондошыларымыз 10:18 есебімен ресейлік қарсыластарына жол беріп, қола жүлдені місе тұтты.
Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин брасс әдісімен 200 метрге жүзуде күміс медальды олжалады. Д.Баландин аталған қашықтықты 2 минут 9 секундта жүзіп өтті. Бұл сында бас жүлдені америкалық Эндрю Уилсонға (2 минт 8 секунд) жеңіп алса, үшінші орынды ресейлік Рустам Гадиров (2 минут 9 секунд). Айта кетерлігі, бұл жерлесіміздің Тайбэй Универсиадасындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін ол 100 метрге брасс әдісімен жүзуде қола медаль алған болатын. Сонымен қатар жеңіл атлет Сергей Григорьев күміс жүлдеге ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы жаздық универсиада Оңтүстік Кореядағы Кванджу қаласында өткен болатын. Қазақстандық құрама сол кезде 10 медаль (6 алтын, 4 қола) иеленген болатын. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 11-орынға тұрақтаған еді. Ал қазір қоржынымызда 3 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлде бар. Әзірге Оңтүстік Корея елінің спортшы студенттері көш бастап тұр. Екінші орында – Жапония, алаң қожайындары алғашқы үштікте келеді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Өмірбек
    06.09.2017 at 11:11 am

    Жүлделі орындардан көрінген спортшыларымызға құтты болсын дейміз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X