Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

ҚОЛҒАП ШЕБЕРЛЕРІ – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА

Германияның Гамбург қаласында әуесқой бокстан кезекші 19-шы әлем чемпионаты өтуде. Жарысқа әлемнің 85 елінен 280 боксшы бақ сынауда. Тоғыз күнге жалғасатын дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түсетін болады.
Ең алдымен ұлттық құрама сапында өзінің алғашқы айқасын Әділет Құрметов (60 келі) өткізді. Оның қарсыласы грузин Отар Ераносян болды. Төрешілер жеңісті бірауыздан О.Ераносянға берді. Бокстан әлем чемпионатында екінші болып шаршы алаңға 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Абылайхан Жүсіпов шықты. Оның қарсыласы мысырлық боксшы Валид Саид Мохамед болды. Төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіс қазақстандық спортшыға берілді. Осылайша есеп айырмасымен ұтқан А.Жүсіпов енді 1/8 финалда италиялық Винченцо Манджакапремен кездеседі.
Ал 64 келіге дейінгі салмақтағы Бекдәулет Ибрагимов байрақты додадағы жарысын жеңіспен бастады. Алайда кезекті жекпе-жегінде ол қарсыласынан ұтылды. Армян боксшысы Ованес Бачковпен болған тартысты додада аздаған есеп айырмасымен О.Бачков жеңіске жетті, есеп – 3:2.
Жеңіл салмақтағы, 52 келі салмақ дәрежесіне дейінгі спортшымыз Азамат Исақұлов өткізді. Оның қарсыласы Оңтүстік Кореяның өкілі Инкью Ким болды. Азамат бұл белдесуде сылбыр, жүгенсіз қимылдады. Бұдан басқа Азаматтың жұдырықтасу мәнері еш ақылға сыймайтын мәнерде өтті.
Баста ақыл болмаса, екі аяққа күш түседі демекші, ақырында Азамат тәжірибесіз боксшыдан айқын басымдықпен жеңіліп қалды.
Бұдан басқа жеңіл салмақта жұдырықтасқан 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық боксшы Жомарт Ержанның белсенділігі көңілімізді көтерді. Жерлесіміз филиппиндік Роген Ладонмен қолғап түйістіріп, оны 4:1 есебімен ұтты. Ал 56 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық боксшы Қайрат Ералиев кезекті айқасын өткізіп жеңіске жетті. Өзбек спортшысы Муроджон Ахмадалиевпен кездескен Қайрат Ералиев өзінің шеберлігін көрсете алды. Есеп қазақстандықтың пайдасында – 4:1.
Орта салмақта 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Әбілхан Аманқұл өткізді неміс Сильвио Шиерлені айқын басымдықпен жеңді, есеп – 5:0. Енді ол ширек финалдық кездесуде Әбілхан Аманқұл енді кубалық олимпиада чемпионы Арлен Лопеспен айқасады.
Ауыр салмақта, яғни 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Василий Левит өзінің алғашқы кездесуін өткізді. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василийдің қарсыласы бразилиялық Жуан Гонсалвеш болды. Шаршы алаңда қазақстандық спортшы өзінің шеберлігін дәлелдеп, бразилиялықты айқын басымдықпен жеңді, есеп – 5:0. Енді ол ширек финалда австралиялық Джейсон Уотелимен кездеседі.
Осылайша алдағы сенбі күні аяқталатын дүбірлі бәсеке өзінің бел ортасына келіп қалды. Боксшыларымызға сәттілік тілейік, ағайын!

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X