Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Инвестиция саласындағы басымдық

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында жаңа оқу жылына әзірліктің барысы, 2018-2020 жылдарға арналған ұлттық экспорттық стратегияны, сондай-ақ 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық инвестициялық стратегияны іске асыру шаралары қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев есеп берді. Білім беру саласындағы негізгі тұжырымдамалық шешімдер былтыр қабылданған. Биылғы және келесі жылдың міндеттері – басталған шараларды соңына дейін жеткізіп, көзделген межеден көріну. Осы тұрғыдағы негізгі міндеттердің бірі – 2019 жылдың қыркүйек айында барлық балабақшалар мен мектептерде нөлінші сыныпты енгізуге әзірлік. Осыған орай «Әліппені» табысты мақұлдау, педагогтер мен тәрбиешілер біліктілігін арттыру, нормативтік-құқықтық базаны 0+11 бойынша 12 жылдық оқыту тізбегіне сәйкестендіру шаралары іске асырылуы тиіс. Басты міндет өткен жылы қолға алынған жаңартылған мазмұнға көшу болып қала береді. Биыл оған қосымша 2, 5 және 7-сыныптар көшеді.
Министр жаңа оқу жылында пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша ауқымды қанатқақты жоба басталатындығын атап өтті. Оған тіл курстарын бітірген немесе енді бітіретін 1500-ден астам мұғалім атсалысады. Сонымен қатар мектептерде қамқоршылық кеңестерін құру және одан әрі нығайту, өкілеттіліктерін кеңейту арқылы олардың бақылауымен мектептердің академиялық, басқарушылық, қаржылық еркіндігін жоспарлы түрде ұлғайту маңызды бағыт болып табылады. КжТБ мен «Баршаға арналған тегін КжТБ» жобасы бойынша жұмыстар жалғасын табуда.
Биыл бірінші сыныпқа 380 мың бала барады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10,5 мыңға артық. 1 қыркүйекке дейін 35 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде еліміз бойынша 300 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 410 мектеп ағымдағы жөндеуден өткен. Бұл тұрғыдағы барлық жұмыстар 25 тамызға дейін аяқталады, деп нақтылады министр.
Ал, жоғары оқу орындары бойынша алда тұрған міндеттерге тоқтала келіп, Е.Сағадиев осы ретте ең бастысы кәсіби қауымдастыққа, жұмыс берушілерге «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қазақстандық ЖОО-лардың сапасы, заманауилығы мен нарыққа қажеттілігі тұрғысынан олардың білім беру бағдарламаларының нақты тізілімін құруға мүмкіндік беретін заңның қабылдануы екендігін атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткен. Таяуда ҰКП-мен бірлесіп жасалған ІТ-мамандықтар тізілімі таныстырылатын болады. Бұл нарықтан ескірген және сапасыз білім бағдарламаларын алып тастауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қазіргі таңда ЖОО-лардың академиялық дербестігін арттыру мен қоғамдық бақылауды күшейту формасы ретінде бақылау кеңестерін нығайту жүргізіліп жатыр.

Осы тұста қоғамдық резонанс тудырған мемлекеттік білім беру гранттарының бөлінуіне қатысты мәселеге орай: «Біз грантты экономиканың басым бағыттары бойынша бөлеміз. Мәселен, есептеу техникасына 610, құқықтануға – 45 грант береміз. Ал, жалпы медицинаға 2,5 мың грант бөлінсе, стоматологияға – бар болғаны 45. Бұл жәйт түрлі даму бағдарламаларында бекітілген. Сәйкесінше, жыл сайын жоғары балл жинағандар белгілі бір мамандыққа грантқа түсе алмай қалады, ал төмен балл жинағандар керісінше грант иегері атанады», – деген министр бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырмағанын, жыл сайын бұл процестен тәжірибесі жоқ оқушылар мен ата-аналар өтетіндігін атап өтті. «Қажетті мамандықтар саны өте кеш шығады да, талапкерлер өз мүмкіндіктерін бағамдап үлгермейді. Ал, бейінді пәнді таңдап, сол бойынша дайындалу үшін уақыт керек. Осы ретте министрлік бірқатар шешімдер ұсынып отыр. Айталық, мамандықтар бойынша бөлінетін гранттар саны үш жыл бұрын жариялануы керек. Мұны үшжылдық бюджет аясында жасауға болады, – дей келіп, Е.Сағадиев білім беру гранттарын жеңілдікпен беру туралы айтты. – Қазіргі таңда «Алтын белгі» бойынша әлеуметтік әділдік мәселесі өткір болып тұр. Биыл гранттар ҰБТ-да жинаған балл бойынша, «Алтын белгі» факторынсыз, берілді. Сосын республикалық комиссия «Алтын белгі» алған талапкерлер алдындағы міндеттемелерін орындауы үшін шамамен 4% грант қосты. Ондаған жоғары оқу орындары хабарласты. Былтыр да «Алтын белгі» иегерлерін ЖОО гранттары бойынша орналастыруға мәжбүр болған едік. Енді заңнамалық өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз».
Министр өз сөзін жалпы еліміздің білім беру жүйесі 2017-2018 оқу жылының басталуына әзір екендігін айтып, қорытындылады.
Білім және ғылым министрінің есебінен кейін жаңа оқу жылына дайындықтың барысына баға берген үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әзірлік жаман еместігін, бірақ әлі де толық шешілмеген мәселелер барын айтып, әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдарға барлық бағыттарда жұмыстың нәтижелі атқарылуын бақылауға алуды тапсырды.
Екінші мәселе бойынша ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018-2020 жылдарға арналған «Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясын» жүзеге асыру шаралары туралы баяндады.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген «Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясында» 2015 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін екі есеге арттыру көзделген. Үкімет әзірлеген стратегияны жүзеге асыру жоспары 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 2020 жылға қарай шикізаттық емес экспортты біржарым есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде қазақстандық өнім әлемнің 117 еліне экспортталады. Былтыр Қазақстан әлемдік экспорт көлемінде 0,23% үлеспен 204 елдің ішінде 52-ші орынға ие болды.
Қазақстан экспортын негізінен шикізаттық өнімдер, сондай-ақ өңделуі төмен шикізаттық емес өнімдер құрайды. Соңғы 10 жылдың ішінде қызмет көрсету экспорты екі есеге дерлік артып, былтыр $6,3 млрд соманы құрады. Министр атап өткендей, шикізаттық емес экспорт көлемінің өсімін қамтамасыз ету үшін стратегияда бірқатар міндеттер кешені қарастырылған, оның ішінде экспортшыларды қолдаудың институттық негіздерін жетілдіру бар. Мәселен, «ҚазақЭкспорт» ҰК-ның экспортты қолдау және дамыту бойынша бірыңғай операторы мәртебесін заң жүзінде бекіту ұсынылады, яғни ұлттық компания еліміздің барлық өңірлеріндегі және шетелдердегі өкілдіктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар, келешегі үлкен өткізу нарығын бөлу бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша «экспорттық себет» айқындалған. Оған жеті сала бойынша 116 тауар енді. Экспорт тұрғысынан перспективалы қызметтерге көлік, туристік, медициналық, білім беру, ғарыш, сонымен қатар қаржылық және іскерлік қызметтер жатады.
Мүмкіндігі мол өткізу нарықтары ретінде 27 ел анықталып, олар шартты түрде Қазақстан үшін экспорттық мүдде дәрежесі бойынша басымдықты, жоғары және орташа, сондай-ақ ұзақмерзімді уақытқа қызығушылық тудыратын нарық ретінде бөлінген.
Баяндамасын қорытындылай келіп, министр стратегияны жүзеге асыру бойынша әзірленген шаралар жоспарында 2020 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін біржарым есе арттыруға қол жеткізу дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін мақсатты көрсеткіштер мен нәтижелер қамтылғанын атап айтты.
Үкімет отырысында 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық инвестициялық стратегияны жүзеге асыру шаралары туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Стратегия аясында жұмыс екі бағытта жүргізіледі. Біріншіден, Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту: инвестициялық саясаттың ашықтығы мен болжамдылығын арттыру, визалық және көші-қон режімдерін жетілдіру шаралары, инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында заңнаманы жетілдіру.
Екіншіден, тиімді операциялық шараларды жүзеге асыру және инвестициялар тарту үшін жаңа тәсілдер енгізу. Ол үшін инвестициялар жөніндегі арнайы ұлттық компания Кazakh Invest құрылды, оның шетелдік өкілдіктері мен аймақтық филиалдар желісі инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар инвестициялық жобалардың ақпараттық-мониторингтік жүйесі енгізіледі. Ол қандай да бір жобалардың іске асырылуға дейін сапалы әрі толыққанды пысықталуынсыз «түсіп қалуына» жол бермейді. Инвестициялық жобалар картасы енгізіліп, ақпараттық-мониторингтік жүйемен байланыстырылады.
Стратегия табысты іске асырылған жағдайда, бес жыл ішінде 2016 жылғы деңгейге шаққанда экономикаға тікелей инвестициялардың жаппай ағымының 26% дейін кезең-кезеңімен өсуі, ал тиімділікті арттыруға, яғни экспортқа бағытталған инвестициялар 50% дейін артады деп болжанып отыр. Сонымен қатар шикізаттық емес сектордағы негізгі капиталға ішкі инвестициялар 46% өседі деп күтілуде.
Дүниежүзілік банкпен бірлесіп тиімділікті арттыруға бағытталған басымдықты салалар таңдалып, олар екі топқа бөлінді. Министр атап өткендей, «Бірінші – «қазір әлеуеті бар салалар», яғни тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ және пайдалы қазбаларды тереңдетілген өңдеу (металлургия, химия және мұнай-химия) және машина жасау қамтылды. Бұл топ қысқамерзімді немесе ортамерзімді келешекте тиімділікті арттыруға бағытталған тікелей шетелдік инвестицияны ілгерілету мүмкіндігі жоғары салалардан тұрады. Екінші – «перспективалы»: АКТ, туризм және қаржы секілді ұзақмерзімді келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалардан тұрады».
Негізінен алғанда экспортқа бағдарланған шикізаттық емес секторларға тікелей шетелдік инвестициялар тартуға баса көңіл бөлінген стратегияны іске асыру инвестиция саласын түбегейлі реформалауға, инвестиция ағынының өсіміне қол жеткізуге және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X