Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

ЕМХАНА БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫСУДА

Атырауда медициналық қызмет көрсету саласында мемлекеттік-жеке серіктестікті (МЖС) дамыту шеңберінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы 11 жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған.
Бүгінгі таңда аталмыш басқарма денсаулық сақтау объектілерін салу үшін инвесторлар іздестіруде екен. Облыстық және қалалық әкімдіктер бұл үшін 6 учаске де бөлген. Ал жыл аяғына дейін барлық 11 объекті үшін жер бөлу белгіленген.

Атап айтқанда, Атырау қаласындағы жаңа Өркен ықшамаудандағы 250 келу санына арналған қалалық емхана, Атырау қаласының Ақсай ауылдық округіндегі 25 келу санына арналған дәрігерлік амбулатория, Нұрсая ықшамауданындағы №19 үйдің төменгі қабатын №1 емхана филиалына қайта жарақтау, балалар мен ересектерге арналған 70 кереуеттік ортопедия және протездеу бөлімі болатын Атырау қаласындағы оңалту орталығы, Атырау қаласындағы төрт қосалқы станциясы бар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы, Атырау қаласындағы 30 кереуеттік облыстық гемодиализ орталығы (Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы 7 кереуеттік филиалымен), 25 келу санына арналған 5 дәрігерлік амбулатория (Самал ықшамауданы – №5 емханадан), Атырау ы/а (№5 емханадан), Химпоселке ы/а (№2 емханадан), Толқын ы/а (№5 емханадан), Жұлдыз ы/а (Геолог п. емханасынан).
Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар хабарлағандай, МЖС жобаларын консультативтік қолдаумен айналысатын заңды тұлға – «Атырау Innovations» ЖШС. Қазір ЖШС екі жобамен жұмыс істеуде. Бұлар Өркен ықшамауданындағы емхана – оның құжаттамалары әзірленген, жеке серіктестікті таңдау жөнінде екі конкурс жарияланды. Бірақ ниет білдірушілердің болмауы салдарынан конкурстар өтпей қалған. Жоспарға сәйкес, емхана 2017-2018 жылдары салынуы тиіс. Жоба құны 1,5 млрд теңгеден астам.
«Атырау Innovations» ЖШС директоры Данияр Тахановтың пікірінше, әлеуетті инвесторларды инвестиция мөлшері алаңдатады екен. Алайда, бұл жолы мемлекет оларға бүкіл қаржыларды қайтаруға кепілдік беріп отыр.
Қолға алынған тағы бір жоба – Ақсайдағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы. Типтік конкурстық құжаттама әзір, сараптама да жүргізілді. Енді жеке серіктес таңдау бойынша конкурс та жарияланған. Құны 85 млн теңге болатын бұл амбулатория 2017 жылдың аяғына дейін салынып болуы тиіс. Тағы 5 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жайлы айтар болсақ, олардың жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге конкурс жарияланған.
Мамандар мәлімдеуінше, Ортопедия және протездеу бөлімі бар оңалту орталығына қатысты жоспарлар көңілден шығып отыр. Бүгінгі күні орталықтандырылған тәртіппен түсетін протездер көбінесе өлшеміне, әсіресе, балалар үшін сай келмейді екен. Ал бұл бөлімнің ашылуы – әзірлеп, оларды сол жерде жеке өлшемге сай етіп, шақтап беру мүмкіндігі бермек.

Еркін РАХМАТУЛЛИН


Оқи отырыңыз

Пікір(2)

  • Ырысты
    18.08.2017 at 3:08 pm

    Медицина саласында болып жатқан оң өзгерістер халық үшін аса маңызды. Әсіресе науқас жандар үшін қуантарлық жағдай.

  • Мүслім
    22.08.2017 at 3:11 pm

    Протез деген мүгедек жандар үшін ең қажетті нәрсе. Сондықтан протездеу орталықтарына қолдау жасалуы маңызды алғышарт.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X