Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

ОДАҚҚА – ҮШ ЖЫЛ

Елордада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті

Тамыздың 14-інде өткен кеңестің отырысына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкімет басшылары түгел қатысты. Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев, Армения Республикасының Премьер-министрі Карен Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Андрей Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян өзара тиімді мәселелерді талқылады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің бұл биыл үшінші мәрте өткізіліп отырған отырысы. Бұл отырыста әдеттегідей алдымен шағын құрамда өтіп, кейін кең құрамға көшті. Шара аясында Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлы технологияға көшу күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарын дайындау мәселелері, Одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шарт жобасы талқыланды. Айта кетсек, зейнетақы жөніндегі құжат зейнеткерлікті қамту саласында тең құқықты қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім күшіне енгеннен кейін, Одақтың кез келген елінде, яғни, ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында жұмыс істеу барысында еңбек өтілі мен зейнетақыны жоғалтпастан, жұмыс істеу мүмкіндігі іске асырылмақ.

Отырыста сонымен қатар, ЕурАзЭҚ пен Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда аймағын құруға бағытталған уақытша келісімге қол қою бойынша келіссөздер жүргізу барысы қаралды. Сондай-ақ, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерге әкелінетін тауарларды кедендік декларациялауға жүргізілген мониторинг қорытындысы шығарылды және одақ аясында авиациялық оқиғаларды зерттеу комиссиясын құру мәселелері қаралды. Бұдан өзге, одақтың аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін, одаққа мүше бір мемлекетте берілген ұлттық және халықаралық жүргізуші куәлігін өзара мойындау мәселесі қозғалды. Сонымен қатар, Қазақстан тарапының бастамасы бойынша одаққа мүше мемлекеттер экспорттаушыларының Ресей теңіз порттары инфрақұрылымы қызметіне қолжетімдігі туралы мәселе талқыланды. Яғни, бірыңғай көлік кеңістігін құру тұрғысында әуе көлігі саласында «жол картасы» қабылданбақ. Бұл өз кезегінде әуе сапарлары мен әуежайларда тарифтерді теңестіруге мүмкіндік ашуды көздеген.
Кең құрамдағы отырыста Үкімет басшылары кезек-кезегімен сөз сөйлеп, одаққа ортақ мәселелерді ортаға салды. Қазақстан Премьер-Министрі Б.Сағынтаев Үкіметаралық кеңестің отырысы Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орайластырылғанын атап өтті, сондай-ақ, қатысушылардың қолдауы мен елдердің шараға белсенді атсалысып жатқандарына алғысын білдірді.
Б.Сағынтаев ЕурАзЭҚ аясында, сондай-ақ, үшінші елдермен саудадағы тауар айна-лымы өсімінің оң қарқынын атап өтті.
– Біздің бірлескен жұмысымыздағы көрсеткіштердің бірі ЕАЭО аясында тауар айналымының оңтайлы өсім қарқынына қатысты болып отыр. Сонымен қатар үшінші елдермен де сауда-саттықта оң көрсеткіштер бар. Атап айтқанда, үшінші елдерге ЕАЭО экспортының жалпы көлемінде өңделген тауарлардың үлесі артты, – деді Қазақстан Премьер-Министрі. Сондай-ақ, бүгінде Қазақстанда ЕАЭО елдерімен бірлескен 8 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етті.
– Бұл кәсіпкерлер тарапынан интеграцияны қолдаудың жақсы көрсеткіші деп есептеймін. Бірлескен кәсіпорындар қатарының артуы қуантарлық жайт , – деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, Үкімет басшысы 2015 жылдың мамырында қол қойылған ЕАЭО-ның Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру туралы бірінші келісімі өзіндік артықшылықтарға ие екенін атап өтті. Осы бағыттағы алғашқы оңтайлы тәжірибе шет мемлекеттерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығы үшін берік негізді құрап отырғандығын жеткізді.
– Өткен жылы бірқатар елдермен еркін сауда аймағы туралы келіссөздер бастау жөнінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі қабылданды. Бұл тұрғыда Иран, Үндістан, Сингапур қамтылып отыр. Иран бойынша бізде қосымша келіссөздер өтіп, осы орайда келіссөздер ұстанымын байланыстарды нығайту жағына қарай пысықтауға тапсырма бердік, – деді Б.Сағынтаев.
Б.Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақтың ішіндегі кедергілерді жою жұмыстарына ерекше мән беру керектігін баса айтты. Бұл үшін сауда-саттықты әрі қарай дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында кедергісіз ортаны құру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажеттігін алға тартты. Бүгінде сауда-саттық барысында кездесетін 60-тан астам тосқауыл тізімі тараптармен айқындалған. Осы орайда оларды жою бойынша жол карталарын даярлау тұрғысында жұмыстар жүріп жатқаны айтылды. Аталған жол карталарын үкіметаралық кеңестің келесі отырысында қарастыру керектігін жеткізді.
Бұдан өзге, қазақстандық тарап көтерген мәселелердің ішінде ортақ қаржы нары-ғын қалыптастыру тұжырымдамасының жобасын талқылау, кеме қатынасы туралы, сондай-ақ, еңбек ресурстарының ортақ нарығын құру мәселелері болды. Оған қоса, өнеркәсіп салаларын одан әрі дамыту, агроөнеркәсіп кешені және ғылыми әзірлемелерді коммерциялау салаларын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ, экспорттаушының ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің қайсысына жататынына қарамастан, теңіз порттарына шығуға тең құқықты қамтамасыз ету қажеттігі туралы ұсыныс жасалды.
Отырыс қорытындысында бірқатар көпжақты құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде «2016 жылы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің бюджеттерінің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын есептеу және бөлу туралы», «ЕурАзЭҚ ортақ электр энергетикалық нарығы аясында орталықтандырылған сауданы ұйымдастыру үшін сауда алаңдарын пайдаланудың және ЕурАзЭҚ ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бойынша іс-шараларды қаржыландырудың кейбір мәселелері туралы», «Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты және орны туралы» Үкіметаралық кеңестің өкімдері бар.
Қатысушылар кеңестің кезекті отырысын биыл қазанда айында Арменияның астанасы Ереванда өткізу туралы ортақ шешім қабылдады.

Аманкелді ШОПАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X