Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Істің нәтижелі болуы – кадрлерге байланысты

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті қолдау бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың биылғы жылдың 7 айы ішінде атқарылған жұмыс туралы есебі тыңдалды. Б.Нұрымбетов атап өткендей, Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру шаралары үшін биылғы жылға 85,3 млрд теңге қарастырылған екен. Келтірілген деректерге сәйкес, 1 тамызға дейін бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген 276,2 мың адамның 248,4 мыңы (90%) қатысушылар құрамына қосылған. Олардың қатарында жұмыссыздар – 200 мың (80,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 48,4 мың (19,5%). Есеп беріліп отырған күнге дейін 213,9 мың адам жұмысқа орналастырылған, олардың 178,3 мыңында (83,4%) міндетті зейнетақы жарналары бар. Ал, 119,9 мың адам (56,1%) тұрақты жұмыспен қамтылды.
Бағдарламаның бірінші бағыты аясында 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҰБТ-дан өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері тегін кәсіби және техникалық білім берумен қамтамасыз етіледі.
21 мыңға жуық жас 2,5 жылға КжТБ оқуға жіберіледі, олардың оқу ақысы мен шәкіртақысы, жолақысы төленеді және күніне бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ 1 сәуірден бастап нарықта сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіптер бойынша білікті жұмысшы мамандарын даярлау мақсатында қысқа мерзімді кәсіби оқулар басталды. Бүгінде қысқа мерзімдік курстарға 27,7 мың адам бағытталып отыр. Жалпы өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2021 жылға дейін 320 мың қазақстандық техникалық мамандық алатын болады.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту көзделген бағдарламаның екінші бағыты бойынша жаңа кезеңге сай шағын несиелендіру ауқымы кеңейтілген. Несие сомасының ең көп көлемі 18 млн теңгеге дейін ұлғайтылды (мерзімі 5 жылға дейін), ал мал шаруашылығымен айналысуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға несие 7 жыл мерзімге дейін беріледі. Соңғы қарызгерге несиенің жылдық атаулы мөлшерлемесі – 6%-ға дейін. Бағдарлама аясында несиенің қолжетімділігін арттыру мақсатында несиені кепілдендіру тетігі енгізілген: істі жаңадан бастап жатқандарға – 85%-ға дейін, ал бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан кәсіпкерлерге – 50%-ға дейін беріледі. Сонымен қатар, «Ауылда шағын несие беру ережелерінде» шағын несие беруге қажетті құжаттар саны қысқартылды. Бұл – жеке тұлғалар үшін 30-дан 14-ке, заңды тұлғалар үшін 9 құжатқа дейін азайды.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды жұмыспен қамтамасыз етуге көмек көрсету аясында 213 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды.

Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 18 мың адам (жоспардың 109,7%-ы), қоғамдық жұмыстарға – 61 мың адам (78,5%) тартылып, 15 мың жас маман (88,2%) «жастар тәжірибесіне» қатысуда және шамамен 120 мың адам Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасқан.
Бағдарлама аясында еңбекке жұмылдыруды арттыру мақсатында еліміздің жұмыс күші мол аймақтарында солтүстік және орталық өңірлердің жұмыс берушілерінің қатысуымен бес өңіраралық бизнес-форум өткізу жоспарланып отыр. Ал, 1 тамыздағы жағдай бойынша 442 отбасы көшірілген, оның ішінде 172 отбасы – халық тығыз орналасқан аймақтардан көшірілген ішкі қоныс аударушылар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов өз сөзінде келтірген деректерге сәйкес, бүгінде 2388 отбасы солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға ниетті. «Үкімет ішкі қоныс аударушыларды қабылдайтын төрт облысты, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарын, сондай-ақ шығу өңірлері ретінде бес облысты: Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Маңғыстау облыстарын айқындады. Биылғы жылы Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында солтүстік өңірлердің жұмыс берушілерінің қатысуымен бос орындар жәрмеңкелері өткізілді. Нәтижесінде, 2388 отбасы солтүстік өңірлерге ұсынылған жұмысқа орналаса отырып, ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген. Бүгінге бағдарлама шеңберінде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге әзірше 172 отбасы ерікті түрде қоныс аударды және 1279 отбасы қоныс аударуға дайын», – деді ол.
Елдің солтүстік өңіріндегі аталған 4 облыста ағымдағы демографиялық және көші-қондық үдерістер сақталатын болса, алдағы 5 жылда экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 167 мың адамға азайып кетуі ықтимал. Сондықтан Б.Нұрымбетов: «Осы 4 облыста еңбекке жарамды халық санын сақтап қалу үшін өңірлермен келісе отырып, алдағы 5 жылда кемінде 59 мың отбасының қоныс аударуын ұйымдастыру қажет деп шешілді», – дей келіп, осы мақсатта азаматтардың ерікті қоныс аударуын қосымша ынталандыру үшін әзірленген шараларға тоқталып өтті. Бұл ретте қоныс аударушыларға көші-қон шығындарын өтеуге және тұрғын үй жалдауға субсидияны сақтау, олардың жаңа жерде орналасуының бар жағдайын шешіп, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге дайын жұмыс берушілерге субсидия қарастыру, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қоныс аударушыларға баспана үшін несие мен субсидияларды берудің жеңілдетілген жүйесі, қоныс аударушыларға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін өтеусіз пайдалану құқығында конкурссыз жер телімдерін беру, «Бастау» бизнес» жобасы бойынша білім алған және кәсіпкерлер палатасының оң қорытындысына ие болған қоныс аударушыларға гранттар беру, сондай-ақ «Серпін-2050» жобасына қатысушы түлектерді олардың шыққан өңірлеріне қарамастан бағдарлама қатысушылары құрамына енгізу тетіктері ескеріліп отыр. «Осылайша, жобалық басқару аясында біз 2018-2022 жылдары ерікті түрде қоныс аударуға жоспарлаған 59 мың отбасы бойынша бағдарламаға қыркүйек айында, сондай-ақ кейбір заңнамалық актілерге жыл соңына дейін өзгерістер енгізу жұмыстарын қолға алдық. Бұл шараларға қажетті қосымша қаражат, оның ішінде 2018 жылға 7,3 млрд теңге толықтай есептеліп, бүгінде Қаржы министрлігімен бірге пысықталуда», – деді вице-министр.
Сондай-ақ отырыста ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов өз салалары бойынша жүктелген міндеттерге орай атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Өнімді еңбек және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда шағын несиелеуді, шағын қаржылық ұйымдар мен кредиттік серіктестер бөлетін шағын несиелерді кепілдендіруді жүзеге асырады. Бұл мақсатқа бюджеттен 27 млрд теңге бөлінген. Оның 11 млрд теңгесі Аграрлық кредиттік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Ауылдағы бизнесті несиелеу барысы туралы айта келіп, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов: «Бүгінгі күні Аграрлық кредиттік корпорация бөлінген 11 млрд теңгенің 5,2 млрд теңгесін немесе 45 пайызын игерді. Қаржыны игерудегі ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе облысында – 86%, Павлодар облысында – 84%. Ал, қаржының игерілуі Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 15% болса, Маңғыстау облысы бұл шаруаны бастаған да жоқ», – деді.
Осыған орай үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірінші вице-министрден аталған облыстар қаржыны игеруде неге артта қалып отырғандығын түсіндіруді талап етті. Айтуғановтың айтуынша, Маңғыстауда Аграрлық кредиттік корпорацияның бөлімшесі жоқ, сондықтан Атыраудан несиелендіріледі. «Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз», – деді ол. Өз кезегінде премьер-министр бизнесмендерді несие алу үшін Атырауға сабылтқанша, Ақтауға қажетті мамандарды іс-сапармен жіберу дұрыс болатындығын атап айтты. «Шығыста да қаржыны игеруде проблема болған еді. Бүгінгі күні де бар. Біз директоры мен орынбасарларын ауыстырдық. Ол жақта менеджмент нашар жұмыс істеген. Ақмолада проблема болмайды деп ойлаймын. Солтүстік Қазақстан облысында да проблема бар. Біз шешім қабылдадық және қазіргі уақытта Аграрлық кредиттік корпорацияның жаңа директоры жұмыс істеуде», – деді Қайрат Айтуғанов.
Осы ретте Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауылдағы бизнесті несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру үшін кадрлар іріктеудегі жұмысын сынға алды.
Күн тәртібінде қаралған мәселені қорытындылай келіп, Бақытжан Сағынтаев өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларын іске асыру тетіктерін жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Үкімет басшысы министрліктердің есептеріне сәйкес, бүгінгі таңда бағдарламаны іске асыру бойынша қай облыстың қандай орында келе жатқаны айқын көрініп тұрғандығын атап өтіп, әкімдерге жұмысты жалғастыруды және бағдарлама құралдарын жетілдіру бойынша айтылған ұсыныстарды ескеруді тапсырды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X