Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

Құрылыс қарқыны толастамайды

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Тамылжыған тамызды орталай бере беделі биік, абыройы асқақ мәртебелі мамандық иелерінің бірі – құрыш қолды құрылысшылар өздерінің кәсіби мерекелерін жамиғатқа жағымды жетістіктермен атап өткелі отыр. «Жамиғатқа жағымды» деп отырғанымыздың да өзіндік мәні бар. Биылғы әңгіме елімізде әліге күн тәртібінен түспей тұрған ділгір мәселе – тұрғын үй құрылысы туралы болмақ. Ал, газет-жорнал хабарларын қалт жібермейтін көзіқарақты оқырман биылғы жыл басынан бері құрылыс ұйымдары бағындырған биіктер туралы дерек-дәйектерден құлағдар деген ойдамыз.
Табыс тайқазанын тасытып жатқан озық кәсіпорындар мен құрыш білек құрылысшылар қашан да мадақ пен марапаттан кенде емес. Бірақ, зымыран заманымызбен үндестік тауып отырған осынау киелі кәсіп иелерінің еленіп жатқан ерен еңбегінің шынайы бағасын олар күн сайын жаңарып, жаңғырып келе жатқан егемен еліміздің ауыл-селоларында, шаһарлары мен кенттерінде қалдырып жатқан қолтаңбалар – өндіріс орындарының, мәдениет мекемелері мен тұрғын үйлердің сәулетті ғимараттары бейнелейтін болар. Себебі, «алмас кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, қабырғасы мен есік-терезесін көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын нақты нысан туралы жоғары жаққа өтірікті шындай. шынды құдай ұрғандай қылып, көпірме ақпар, жалаң мәлімет жолдай алмайсыз. Жаздың аптап ыстығын, қыстың қытымыр суығын елең қылмай, ел болашағын әлеуетті қолымен қалап жатқан құрылысшылардың қысыр әңгімеге жоқтығы, қысқа да нұсқа сөйлеп, сөз арасын кейде «тұздықтап» жіберетіні де туған табиғатпен етенелігінде болар.
Бұл ретте тұрғын үй индустриясы елдің ішкі жалпы өнімінде сүбелі орынды иемденіп отырған құрылыс саласы туралы келелі әңгімеге өзек болуға әбден лайық. Өйткені, демографиялық жағдайымыздың жақсаруы, халық санының жылдан-жылға өсіп келе жатуы баспана мәселесіне сергек көзқарас танытуды талап етуде. Міне, сондықтан да Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қабылданған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы жылжымайтын мүлік саласындағы ахуалды түбегейлі өзгертіп, халықтың экономикалық белсенді бөлігін, оның ішінде жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Осы орайда баспана жетіспеушілігі түйткілін тарқату үшін жалға берілетін тұрғын үйлер нарығын құру, тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесінің мүмкіндіктері барынша толық пайдалану мақсатында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Қазақстандық ипотекалық компания» сияқты қаржы институттарын дамыту өз нәтижесін береді деген пікірдеміз. Мұның өзі отандық құрылыс индустриясын жаңа деңгейге көтеруге, саланы тиімді қаржыландыруға жол ашары сөзсіз. Бағдарлама еліміздегі тұрғын үй құрылысының жылдық көлемін қазіргі 6 млн. шаршы метрден 2020 жылға қарай 10 млн. шаршы метрге жеткізуге жағдай жасайды. Жаңа технологиялар баспана құнын арзандатуға және ірі панельді үй құрылысының салыну мерзімін азайтуға мүмкіндік береді. Салынатын баспана ауданы 35-75 шаршы метрдің аралығында болады, бір шаршы метрдің құны 80-100 мың теңгені шамалайды, ал ай сайынғы төлем орта есеппен 50 мың теңгені құрайды. Осылайша жас отбасыларға арналған шағын көлемді пәтерлер көптеп салынып, қолжетімді баспана нарығы құрылады.
Бұл орайда тұрғын үйдің қолжетімділігі бірінші кезекте сапалы да арзан материалдарды қолдану және жыл тәулігіне тоқтамайтын құрылыс жұмыстары есебінен қамтамасыз етілуі керек. Алдағы уақытта құрылыс мерзімін жеделдету және баспана бағасын арзандату үшін құрастыру- каркасты әдіспен қатар ірі панельді үй әдісі қолданылмақ, бұл үшін үй құрылысы комбинаттарын ұйымдастыру мақсатында шетелдік компаниялар тәжірибелері ой елегінен өткізілді. Өңірлер бойынша іске қосылатын баспана ауданына сүйене отырып, комбинаттардың тиімді саны, тиімді технологиялар. өндіріс қуатын қаржыландыру схемасы мен құрылымы анықталды. Сондай-ақ импорт алмастыру жөніндегі міндеттерді шешу үшін әйнек және керамикалық тақташалар шығаратын жаңа өндірістер салу, радиаторлар мен арматура, басқа да материалдар өндірісін арттыру мәсеелесі қарастырылуда. Тағы бір жаңа бағыт құрылыс индустриясы кадрларын даярлау болып табылады. Қазір Беларусь Республикасының Атаев атындағы Тұрғын үй институтының филиалын ашу мәселесі бойынша келіссөз жүргізілуде. Қажетті база мен кадрлар дайын болғаннан кейін өз алдына жеке оқу орнын ашу жоспарлануда.
Саланы толыққанды дамыту үшін қауіпсіздік және сапа мәселелерін реттеу, мемлекеттік бақылау саласындағы заңнама және лицензиялау жүйесін жаңа жағдайға сәйкестеу керек. Осы орайда Елбасы тапсырмасына сәйкес «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Лицензиялау туралы» Заңдарға өзгертулер енгізілді. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы салынатын жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Жер телімдерінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, бас жоспарларды, жобаларды лайықтау күн тәртібінде тұр. Аталған мәселелердің дер кезінде шешімін табуы еліміздегі ділгір әлеуметтік түйінді тарқатудың тегеурінді тетігі болмақ.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X